Accessibility links

Шымкенттіктер тарифтердің өсуіне қарсы


Белсенділер Сүйін Абулда (ортада) мен Ибрахим Әлсерке (оң жақта) тариф жөніндегі жиында отыр. Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.

Белсенділер Сүйін Абулда (ортада) мен Ибрахим Әлсерке (оң жақта) тариф жөніндегі жиында отыр. Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.

Электр қуаты мен газ және су қымбаттаған өңірде енді жылу тарифін көтеру сөз болды. Шенеуніктер тарифті бекіткенде «шығынды ескеретіндерін, кейде тұрғындардың мүддесін қорғайтындарын» айтады.

Шымкенттегі Солтүстік шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тұратын 64 жастағы зейнеткер Любовь Зайцева «коммуналдық төлемдердің қымбаттап кеткеніне наразы».

- Жалғыз өзім тұрамын. Өте қиын болып тұр. Коммуналдық төлемдердің бағасы өсті. Жаңа жылда жылу тарифі тағы өседі дейді. Есептесем, бір бөлмелі пәтерімнің жылуына 5 мың теңгеге жуық ақы төлейді екенмін. Газ, жарық, суды қоссам, 10 мың теңге коммуналдық төлемдерге төлеймін, – дейді зейнеткер.

ВИДЕО: Шымкент тұрғындарының тарифтердің қымбаттауына қатысты пікірі:

Любовь Зайцева 37 мың теңге зейнетақысының коммуналдық төлемнен қалғанын азық-түлік, дәрі-дәрмегіне жеткізе алмай қиналып жүргенін, керек-жарағын қарызға алуға мәжбүр болғанын айтады.

«СЕБЕБІН ҚАРА ХАЛЫҚҚА ЕШКІМ АЙТПАЙДЫ»

Шымкенттің өзге бір тұрғыны Жарылқап Оралбай да «қазір коммуналдық төлемдердің көтерілмегені дұрыс» деп есептейді.

- Бұрын ыстық судың кубына 60 теңге төлесек, қазір 105 теңге төлейміз. Төлем төлеу үшін ақшаны қайдан табамыз? Мысалы, мен жұмыссызбын. Төлемдердің неліктен көтеріліп жатқанын қара халыққа ешкім айтпайды, санаспайды, – дейді Жарылқап Оралбай.

«Төлемдердің неліктен қымбаттауын халыққа түсіндіруі керек» деген пікірді шымкенттік белсенді Сүйін Абулда да қолдайды. Ол қазанның 20-сы күні қалада өткен жиында жылу тарифін 27 пайызға (яғни қазіргі 1 шаршыметріне 109 теңгенің орнына 139 теңгеге)
қымбаттатуды қоғам талқылауына салуды сұрап, жиыннан қуылған.

ВИДЕО: Шенеунік белсендіні жиыннан қуып шықты (20 қазан)

Сүйін Абулда «Шымкентте тарифтерді қалыптастырудың тетігі жоқ, халықпен санаспайды» деп біледі.

- Экономикалық дағдарыс кезінде халыққа салмақ салудың керегі жоқ. Жұмыспен қамтылу жағынан да, айлық жалақы жағынан да төменгі орында тұрған облыста тарифті көтеру жөнсіз. Газ, жарық, су көтерілді. Жылудың бағасын 27 пайызға көтереміз дейді. Күнін әрең көріп отырған халықтың қалтасы бұл өсімді көтере алмайды, – дейді белсенді.

«КЕЗ КЕЛГЕН НӘРСЕ ҚҰНСЫЗДАНЫП БАРАДЫ»

Шымкенттегі халықты су, жылу, электр қуатымен қамдаушы мекемелер тарифтерді өсіруге қымбатшылық себеп болды деген уәж айтады. Мәселен, қаласын сумен жабдықтаушы «Су ресурстары – Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің экономисі Омарқұл Оңланов «тариф өсуінің басты себебі – теңгенің құнсыздануы және тозығы жеткен кәріз құбырларын жөндеу» деп мәлімдейді.

Күн сайын кез келген нәрсе құнсызданып барады. Осыған байланысты 2017 жылдың шілдесінде тариф бағасы қайта қаралады.

- Қазір, қосымша құн салығын қосқанда, жеке тұлғалар үшін ауызсудың бағасы – [1 текше метріне] 77,17 теңге. 12 пайыз құн салығы мемлекеттің қазынасына кетеді. Қосымша құн салығынсыз судың бағасы – 68, 90 теңге. Күн сайын кез келген нәрсе құнсызданып барады. Осыған байланысты 2017 жылдың шілдесінде тариф бағасы қайта қаралады, – дейді сумен жабдықтаушы мекеме өкілі Омарқұл Оңланов.

Оңтүстік Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Марғұлан Марайым өңірде биыл ауызсу ғана емес, электр энергиясы мен табиғи газдың бағасы да қымбаттағанын растады.

- Облыста электр энергиясының тарифі жеке тұлғалар үшін 6 пайызға өсіп, [1 киловат-сағаты] – 14,84 теңге; ауыз су тарифі 17 пайызға өсіп, [1 текше метрі] – 77,17 теңгеге; табиғи газдың тарифі 10,4 пайызға өсіп, [1 текше метрі] – 31,34 теңгеге жетті, – дейді ол.

Бұл қымбатшылықтың себебін таратып бермеген Марғұлан Марайым «тариф бағасын табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті бекітеді» деген уәж айтты.

Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов аймақтағы тариф қымбаттауын «инфляцияның жылына орташа есеппен 7-7,5 пайызға өсуімен» түсіндіреді.

Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов (ортада) Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.

Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов (ортада) Шымкент, 20 қазан 2016 жыл.

- Тариф – көрсетіліп отырған қызметтің өзіндік құны. Онда көрсеткен қызметке кеткен шығындар есептеледі. Сондықтан шыққан шығынды ескере отырып, кейде тұрғындардың мүддесін қорғап, бекітіп береміз, – дейді Бақтияр Аталықов.

«Жылына бір-ақ рет өзгеріске түсетін тарифті көтеру үшін себеп керек» екенін айтқан шенеунік:

- Тек қана төтенше шара ретінде, егер стратегиялық тауардың бағасы қымбаттаса ғана, тариф көтерілуі мүмкін, – дейді.

Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің дерегінше, бұл аймақтағы 34 субъект бес жылдық мерзімді тарифтерге өтіп жатыр. Сондықтан өңірде биыл газдың бағасы қымбаттаған, соған байланысты жылу тарифі де өспек. Департамент бұдан кейінгі жылдарда «тарифтер тек инфляция мөлшерінде ғана көтеріледі» деп уәде береді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG