Accessibility links

«Жетім-жесір мен жұмыссыздар жатақханасы»


Жатахана тұрғыны Ажар Мылтықбаева балаларымен. Шымкент. 12 шілде, 2015 жыл.
Жатахана тұрғыны Ажар Мылтықбаева балаларымен. Шымкент. 12 шілде, 2015 жыл.

Жуырда Шымкент қаласының аумағына өткен Тассай ауылындағы 82 отбасы тұратын жатақханада ыстық су, газ бен дәретхана жоқ. Әкімдік жатақхананы қай ауданға беруді шеше алмай отыр.

Шымкент қаласына қарасты Тассай елді мекеніндегі Уәлиханов көшесінің бойында орналасқан, инфрақұрылым атаулыдан суық су мен электр жарығы ғана бар ескі жатақхананың жоғарғы төрт қабатында тұрмысы нашар 82 отбасы тұрады.

Бесінші балаға аяғы ауыр 29 жастағы Ажар Мылтықбаева жатақхананың үшінші қабатындағы 18 шаршы метрлік бөлмеде күйеуі, бір ұл, үш қызымен бірге алты жан болып тұрып жатыр. Күйеуінің тұрақты жұмысы жоқ, жалданып қара жұмыс істейді. Кейде күнкөріс қамымен Алматыға, я Астанаға бірнеше айға жұмысқа барып, тиын-тебен тауып келеді.

«Жатақханада тұрып жатқанымызға 9 жыл болды. Әйтеуір, амалдап тіршілігімізді жасап жатырмыз. Мұнда жағдай мүлде жоқ деуге болады» дейді Ажар Мылтықбаева.

Ажар тұрып жатқан бөлменің оң жақ бұрышында қол жуатын жер бар. Сол жақ бұрышта ас пісіретін орын. Осы тұста ішетін су, қоқыс салатын шелек тұр. Жуынатын және ас пісіретін бұрышты бөлменің екінші басынан перде бөліп тұр. Жататын әрі тамақ ішетін бұрышта тозған диван бар. Ескі теледидардан балалар мультфильм тамашалап отыр. Төргі қабырғадағы кілемде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті ілулі. Тілшінің көз кідірткенін байқап қалған Ажар: «Бұл – біздің атамыз ғой» деді.

Тассай жатақханасының жағдайы туралы видео:

Шымкенттегі Тассай жатақханасының жайы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00

- Газ балон жағамыз. Әр қабатта бір-бір шүмек. Сол жерден ішетін суымызды тасимыз. Дәретхана далада. Жылу жоқ. Қыста суық. Әйтеуір, тамақ істеген соң бөлмеміз аздап жылиды. Бөлме суық болған соң қабырғалар көгереді. Жауын жауса жатақхананың шатырынан су өтеді, шелектеп. Бесінші қабаттан үшінші қабатқа дейін сорғалайды. Сонда да ешқайда кете алмаймыз. Өйткені баратын жеріміз жоқ. Ұлтарақтай жер сатып алып, үй тұрғызуға шамамыз тағы жоқ, - дейді Ажар Мылтықбаева.

Осы жатақхананың бір бөлмесінде төрт баласымен тұрып жатқан Торғын Тұяқова қаладағы дәмханалардың бірінде еден жуып, айына 30 мың теңге жалақы алатынын айтты.

- Біз тіпті балаларымызға жәрдемақы ала алмаймыз. Қалада «тіркеуге тұрмағансыңдар» дейді.Түлкібастағы әке-шешемнің үйінде тіркеудеміз. Шағын ауыл, ол жақта тұрмаған соң аудан да бізге жәрдемақы бермейді. Сонда біз кімбіз? Қазақстан азаматы емеспіз бе? - дейді Торғын Тұяқова ренішін білдіріп.

Жатақханада жуынатын бөлме атауымен жоқ. Аулада арнайы жәшіктер қойылмағандықтан, тұрғындар қоқысты бөлмелерінен аптасына екі рет қана шығаруға мәжбүр. Әйнегі жоқ ескі терезелерден биылғы жаздың ерекше ыстық аптабының лебі ұрады. Шіріген еден сықыр-сықыр етеді. Әр қабатта бір-біріне жалғанған сымдары көрінеді. Қақпағы сынып ашық қалған электр қорабының маңында ары-бері жүгіріп, балалар ойнап жүр.

- Қалада еден жусақ та, балаларды асыраймыз деп келген түріміз еді. Сиқымыз – мынау. Мұнда кейде ай сайын коммуналдық төлемдерге кететін қаражат таппай қиналамыз, - дейді Торғын Тұяқова.

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Естебек Шардарбековтың Азаттыққа айтуынша, әкімдік Тассай тұрғын алабында орналасқан Уәлиханов көшесіндегі №2 жатақхана туралы зерделеу жұмыстарын 2014 жылы жүргізген. Осы жылы қаланың аумағының кеңеюіне байланысты бұл жатақхана Сайрам ауданынан Шымкент қаласының балансына өткен.

- Зерделеу жұмыстарынан соң анықталғаны, жатақхананың бірінші қабатында Тассай ауылдық округінің аппараты отырған. Ал қалған 4 қабатында 82 отбасының 235 мүшесі қоныстанған. Олардың ішінде көпбалалы аналар, зейнеткерлер, мүгедектер де бар. Жұмысқа жарамды азаматтардың 74-і жұмыс істесе, 64-і жұмыссыз. Тұрғындардың отызға жуығы – мектеп жасындағы балалар, - деді әкімнің орынбасары.

Естебек Шардарбеков әкімдік 82 отбасының бәрінің жатақханаға заңсыз қоныстанғаны анықталғанын айтады. Оның сөзінше, тұрғындардың қолында жатақхана бөлмесінің меншігі екенін растайтын құжаты жоқ болып шыққан. Жатақхананың өз құжаты да түгенделмегенге ұқсайды, әкімдік өкілінің сөзінше нақты қай аудан мен мекеменің қарамағына берілетіні шешілмеген.

Жатақхана көріністері. Фотагалерея:

- 2015 жылы Шымкентте жаңа Қаратау ауданы құрылды. Сөйтіп бұл жатақхана аталған ауданның аумағында қалып қойды. Бірақ әлі күнге Әл-Фараби ауданының есебінен шыққан жоқ. Жыл басында жатақхананы біздің әкімдіктен (Әл-Фараби ауданынан – ред.) Шымкент қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгеріміне өткізу жөнінде қала әкімінің қаулысы шыққан. Бірақ осы қаулы орындалмай отыр, - дейді Естебек Шардарбеков.

Биылғы қаңтар айында Әл-Фараби ауданы әкімінің жылдық жұмысын қорытындылау жиынына қатысқан Шымкент қаласның әкімі Дархан Сатыбалды Тассайдағы жатақхана мәселесін білетінін айтқан.

- «Тассай», «Бозарық» шағынаудандарының тұрғындары су, газ, жол мәселесін көтеріп отыр. Бюджет бекітіліп ақша бөлінген жағдайда бәрі шешіледі. Биыл жол мәселесіне көп көңіл бөлеміз. Жарықтандыруға да баса назар аударамыз деген жоспар бар, - деген ол. Бірақ әкімнің бұл мәлімдемесінен бері жеті ай өтті.

Қаланың балансына өтуді ұзақ күтіп жатқан жатақхана тұрғындарының бірі зейнеткер Әбілқайыр Қосбұлақов бұл ғимаратта 35 жыл тұрып жатқанын айтады.

- Бұл жатақханада жетім-жесірлер, жұмыссыздар, басқа барар жері жоқ отбасылар өмір сүреді, - дейді ол.

Әбілқайыр әкімдік өкілінің «тұрғындар заңсыз қоныстанған» деген сөзін теріске шығарады.

- Жатақхана Сайрам ауданының құрамында болғанда тұрғындардың барлығы осы жерде тіркеуде еді. Қазір бір де бірі тіркеуде жоқ болып шықты, - дейді зейнеткер.

Балаларына кешкі асын беріп, шылапшынға құманмен су құйып, беті-қолдарын жуып жатқан Ажар Мылтықбаева Азаттық тілшісіне арманын айтты.

- Қанеки, ең болмағанда үй тұрғызатын ұлтарақтай жеріміз болса, бұл жерде бір күнде тұрмайтын едік. Балаларымызды суық, қабырғасы көгерген қуықтай бөлмеге тыныстарын тарылтып қамап қоймайтын едік. Сары топырақтан болса да, бір бөлмелі үй салып алатын едік. Мен білетін бұл жердегі тұрғындардың бар тілегі – осы, - деді ол.

Шымкент әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қаладағы 10 жоғарғы оқу және 40 колледжде 27 студенттік жатақхана бар. Мұнда 6362 студент тұрып жатыр. 2016 жылдың қаңтар айында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты мен М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің студент жастарына 500 орындық екі жатақхана беріледі деп жоспарланған. Ал Тассайдағы сияқты жекеменшікке өткен отбасылық жатақханалардың саны бойынша ресми мәлімет жоқ.

XS
SM
MD
LG