Accessibility links

«Ана үйінде» кәмелетке толмаған аналар көбейді


«Ана үйі» кризистік орталығында балаысмен бірге тұрып жатқан жас ана. Шымкент, 11 тамыз 2015 жыл.

«Ана үйі» кризистік орталығында балаысмен бірге тұрып жатқан жас ана. Шымкент, 11 тамыз 2015 жыл.

Шымкенттегі жалғызілікті жас аналар паналайтын «Ана үйі» кризистік орталығында биыл кәмелетке толмаған қыздар көбейген. Мамандар олардың «үйдегі және түздегі зорлық-зомбылықтан қорқатынын» айтады.

Жарты жылдан бері баласымен Шымкенттегі «Ана үйі» кризистік орталығында тұрып жатқан Дана Артықбаеваның (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред.) жасы – 16-да. Екі баласының үлкенінің жасы екіде, кенжесі – бірде.

– 13 жасымда анам сырқатқа шалдықты. Ағамның табысы тамаққа жетпейтін. Жалдамалы пәтерде тұрдық. Әкем бізді тастап кетті. Ағама көмектесу үшін дәмханаға ыдыс жуушы болып жұмысқа тұрдым. Бір күні жұмыс көбейіп, кеш шықтым. Ізіме бір адам түсті. Қорқып қашып, құлағанымды білемін. Көзімді ашсам, үсті-басым лай-лай. Зорлап кетіпті, - дейді ол көзіне жас алып.

Дана бұл оқиға туралы ешкімге тіс жармаған. Бірақ алты айдан кейін жүкті екенін біліп, анасына бар жайды айтқан.

– Тұңғышымды босанған соң балалар үйіне тастаймын деп ойладым. Балалар үйіне алып бардым. Бірақ тастай алмадым. Үйге алып келдім қайтадан. Анам асырап алды, - дейді Дана.

14 жасында ана болған Дана сөз байласып жүрген жігітінен жүкті болып, екінші баласын 16 жасында босанған. Бүгінде Шымкенттегі «Ана үйі» жас аналар кризистік орталығында кенжесімен тұрып жатыр. Жалдаған пәтері суық болған соң осында келгенін айтады. Орталық мамандары балаларының туу туралы куәліктерін жасатып берген. Енді әлеуметтік жәрдемақыға құжаттарын әзірлеп жатыр.

«Ана үйі» кризистік орталығында нәрестесімен тұрып жатқан жас ана. Шымкент, 11 тамыз 2015 жыл.

«Ана үйі» кризистік орталығында нәрестесімен тұрып жатқан жас ана. Шымкент, 11 тамыз 2015 жыл.

Орталықтың тағы бір тұрғыны 15 жастағы Динара Әлжанованың (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред.) бес айлық баласымен мұнда келгеніне екі ай болған.

– 14 жасымда өзімнен 12 жас үлкен жігітпен сөйлесіп жүрдім. Бір күні саябаққа қыдырайық деді. Такси тоқтатты. Бірақ, саябаққа емес, жалдамалы пәтерге алып барып, зорлады. Шошынып қалдым да, ешкімге айтпадым, - дейді жас ана.

Динараның сөзінше, жүкті екенін құрсағында бала қимылдағанда бір-ақ білген. Болған жайтты Динарадан естіп білген анасы қызын зорлаған жігіттің үстінен сотқа арыз түсірген. Содан кейін жігіт пен оның туыстары Динараның үйіне келіп, кешірім сұраған.

– Анамның аяғына жығылып, кешірім сұрады. Бір үйдің жалғызы болғандықтан анам оған кешірім беріп, арызын қайтып алды. Бірақ жігіттен қатты көңілім қалғандықтан, онымен бірге өмір сүргім келмеді, - дейді Динара.

«14 ЖАСТАН ҚАБЫЛДАЙТЫН БОЛДЫҚ»

Шымкентте «Ана үйі» қоғамдық қорының екі ғимараты бар. Алғашқысы осыдан екі жылдай бұрын ашылған. Қазір онда көмекке мұқтаж 9 ана мен 10 бала тұрып жатыр. Ал 16 ана мен 16 бала паналап отырған екінші «Ана үйі» жұмысын биыл ақпан айында бастаған.

Азаттық тілшісі кейінгі ашылған орталыққа барған еді. Екі қабатты ғимаратта ана мен балаға қажетті жағдай жасалғаны байқалады. Бөлмелер үш-төрт әйел мен олардың балаларына шақталған. Азаттық тілшісімен сөйлескен олар «мамандар қол ұшын беріп жатқанын, күнде кезекпен ас әзірлеп, үй жинайтындарын» айтты.

«Ана үйі» кризистік орталығы директорының орынбасары Надия Борамбаева. Шымкент, 11 тамыз 2015 жыл.

«Ана үйі» кризистік орталығы директорының орынбасары Надия Борамбаева. Шымкент, 11 тамыз 2015 жыл.

«Ана үйі» кризистік орталығы директоры орынбасары Надия Борамбаеваның айтуынша, мұндай орталықтар жас туған немесе тұрмысы нашар аналардың өз балаларынан бас тартпауына жәрдемдесі мақсатында құрылған».

– Әуелде 18-34 жас аралығындағы жалғызілікті аналарға көмек көрсету жоспарланған. Бірақ биыл жүкті болып қалған жас қыздар көбейді. Мысалы, 13 жасар ана көмек сұрап келді. Бізде қазір 14 жастағы 10 ана тұрып жатыр. Былтыр ондай болмаған еді, биыл 14-30 жас арасындағы аналарды қабылдауды ұйғардық, - дейді ол.

Надия Борамбаева жүкті болып қалған қыздарға баладан әкесінің бас тартуы, оған қоса туыстарының теріс қарауы ауыр тиетінін айтады.

– «Ана үйіне» келген олар үйдегі және түздегі зорлық-зомбылықтан қорқады. Әрбір екінші жас ана өз-өзіне қол жұмсауды ойласа, әрбір үшінші ана соған әрекет жасайды, – дейді Надия Борамбаева.

Ол орталыққа жәрдем сұрап келгендерге заңдық, психологиялық, медициналық көмек көрсетілетінін айтты. Олардың бірі кейін отбасыларына оралса, кейбірі қайта тұрмыс құрып, жаңа өмір бастайды. Борамбаеваның сөзінше, Шымкенттегі «Ана үйінде» болған сегіз жас ана қайта тұрмыс құрып кеткен.

«Ана үйінде» жүктілік мерзімі 6 айға толған, 14-30 жас аралығындағы қыз-келіншектер баласын босанып, бір жарым жасқа толғанға дейін, яғни екі жыл тұра алады. Көмек сұраған жалғызілікті әйелдің баласы бір жарым жастан аспауы тиіс. «Ана үйі» қоғамдық қорына кәсіпкерлер қолдау көрсетеді.

«ОҚУШЫЛАРҒА ЖЫНЫСТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ КЕРЕК»

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілік полициясы басқармасының аға инспекторы Алма Серғазиеваның айтуынша, биылғы 6 ай қорытындысы бойынша облыста кәмелетке толмағандарға қатысты 396 қылмыс тіркелген. Оның 19-ы – зорлау, 11-і – нәпсіқұмарлық сипатындағы күш қолдану, 38-і – 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсiқұмарлық сипаттағы өзге де iс-әрекеттер бойынша қозғалған».

– Бұл мәселеде үйдегі тәрбиені, әсіресе, қыз тәрбиесіне мән беру маңызды. Отбасында ғана емес, мектепте де ерте жыныстық қарым-қатынасқа түсудің қаупі жөнінде ашық әңгімелесіп, оқушыларға [жауапкершілікті] түсіндірген абзал, - дейді Алма Серғазиева.

Шымкенттегі «Ана үйі» кризистік орталығы жайлы видео:

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бас дәрігерінің орынбасары Айгүл Сапарғалиева облыста кәмелетке толмаған 400-ден аса жүкті жасөспірім барын айтты.

Шымкенттегі «Ана үйі» кризистік орталығында тұрып жатқан Дана балаларын балабақшаға орналастырып, оларды жеткізу үшін жұмыс істегісі келетінін айтады. «Өкінішім көп, бірақ, балаларым үшін өмір сүргім келеді. Оқимын, жұмыс істеймін, балаларыма барымды беремін» дейді ол.

Данамен тағдырлас Динара «зорлап, баласы дүниеге келгенде бір көріп, қайта оралмай кеткен адаммен бірге тұрғысы келмейтінін» және оған да, өз отбасына да оралмайтынын айтады.

Бүгінде Қазақстанның 17 қаласында 26 «Ана үйі» бар, онда 800-ден аса ана тұрып жатыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG