Accessibility links

zonakz.net, respublika-kz.info сайттарына қарсы хакерлік шабуылдар тағы тексерусіз қалып жатыр


"Әділ сөз" қорының директоры Тамара Калеева (сол жақта), zonakz.net интернет газетінің бас редакторы Юрий Мизинов. Алматы, 3 наурыз, 2009 жыл.

"Әділ сөз" қорының директоры Тамара Калеева (сол жақта), zonakz.net интернет газетінің бас редакторы Юрий Мизинов. Алматы, 3 наурыз, 2009 жыл.

zonakz.net интернет газеті мен respublika-kz.info порталы қайтадан DDoS шабуылдарына ұшырады. Бұл басылымдардың басшылары хакерлердің шабуылдары тапсырыспен жасалып отырған болуы керек дейді. Мұндай мәлімдемелер әдетте жауапсыз қалады.

www.respublika-kz.info порталының редакторы Анастасия Новикованың Азаттық радиосына хабарлағанындай, өткен жұма, 3 сәуір күні қазақстандық және шетелдік оқырмандар сайтқа кіре алмаған.

- Біздің порталдың жұмысына блок қойылып жатыр. Ресей-Қазақстан интернет басылымының ақпараттық-талдау бағытындағы respublika-kz.info порталына өткен жұма күні жан-жақтан бірден көптеген DDoS шабуылдар жасалды, өкінішке қарай, ол қазір қалыпты жұмыс істей алмай тұр, - деді Анастасия Новикова.

Оның сөзіне қарағанда, бір мезгілде жаппай жасалатын DDoS шабуылы өте қымбатқа түсетін қимыл-әрекет.

"Белгілі біреулердің біздің қалыпты режимде жұмыс істегенімізді қаламайтыны түсінікті болып тұр", - дейді шабуылға ұшыраған сайттың редакторы.

Айта кету керек, осы жылдың наурыз айында бірқатар интернет газеттер мен басылымдардың сайттары бірнеше қайтара DDoS шабуылдарына душар болған еді. Ол кезде басылым басшылары премьер-министр Кәрім Мәсімовке қайрылып, қалыптасқан жағдайдың анық-қанығына жетуді сұраған болатын.

КазТАГ агенттігінің хабарлауынша, www.zonakz.net интернет газетінің бас редакторы Юрий Мизинов үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке тағы да өтінішпен қайрылмақшы.

Бұл DDoS шабуылдары көпке танымал сайттар мен тәулесіз басылымдардың сайттарына ғана жасалып жатыр ма?

Осы сұраққа жауап берген "Әділ сөз" баспасөзді қорғау қорының жетекшісі Тамара Калеева ондай болжамның да бар екенін жоққа шығармайды:

- Мұндай ойдың да бар екені рас. Өйткені, осы сайттардың иелерімен келісім-шарттағы біздің мемлекеттік құрылымдар оларды қорғаудың ешқандай шараларын жасап отырған жоқ. Техникалық та, әкімшілік те, құқықтық та шара қолданылмайды, ал тергеу-тексеру деген, әрине, атымен жоқ, - деді Тамара Калеева.

Үздіксіз жасалған DDoS шабуылдардың салдарынан интернеттегі негізгі беті - respublika-kz.info – ашылмай қалған соң, «Республика» порталының әкімшілігі сәуірдің 7-сінде respublika-kaz.net және respublika-kaz.info атты қосымша екі сайт ашқанын өз оқырмандарына хабарлады.
XS
SM
MD
LG