Accessibility links

Эстрада әншісі екінші девальвациядан қорқады


Эстрада әншісі Меруерт Түсіпбаева сахнаға шығуға дайындалып жатыр.

Эстрада әншісі Меруерт Түсіпбаева сахнаға шығуға дайындалып жатыр.

«Кеңесшілер» («Консультанты») телехикаясындағы халыққа қызмет көрсету орталығы (ЦОН) бастығы рөліне түсіп жатқан эстрада әншісі Меруерт Түсіпбаеваны Азаттық тілшісі «Қазақфильм» студиясында жолықтырды. Азаттыққа берген сұхбатында танымал әнші мәдениет университеті оқытушыларының жалақысы мен тойлардан табатын табысы туралы да айтты.

Жұрт Меруерт Түсіпбаеваны «қазақ тілінде толықметражды видеоклип түсірген алғашқы қазақ әншісі» деп атайды. Көпшілік көрерменге әншінің «Қимай сені барамын», «Ақ жауын», «Жан аға» сияқты әндері жақсы таныс.

Меруерт - әлеуметтік желілерде қозғалатын азаматтық қоғам тақырыптарына жиі комментарий жазатын әншілердің бірі.

Азаттық: - Сіз киноға түсіп, театр сахнасында ойнайсыз. Жуырда ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев «шығармашылық кадрларды қолдау қажет» деді. Елде актерлерді даярлау ісін қалай деп бағалар едіңіз? Назарбаевтың бұл сөзінен қандай ой түйдіңіз?

Меруерт Түсіпбаева: - Жүргенов атындағы ұлттық академия - қазір Қазақстанның өнер көкжиегінде көрініп жүрген көп жұлдыздарды тәрбиелеген оқу орны. Мен де осы академияны бітірдім әрі сонда жұмыс істеймін. Ол кісінің сөзінен қандай ой түйдім дейсіз бе? Мемлекет шын дарынды жандар үшін грант бөлуі тиіс. Біз оқуға түскен кезде академияның ректоры белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығаев еді. Ол кісі біздің тіпті тісімізге дейін қарап шығатын. Ал қазір ашылған ақылы бөлімдерге көбінесе тілі мүкіс, келбет пен дарыннан жұрдай адамдар түсіп жатыр. Ақылы бөлімдер өнерді сүйсе де, бір монологты дұрыс оқи алмайтындарды немесе біреулердің туыстарын оқуға алады. Қазір «оқытушыларға жалақы төлей алатындай жағдайы барлар түссе болды» деген заман келді.

Ақылы бөлімдер өнерді сүйсе де, монологты дұрыс оқи алмайтындарды немесе біреулердің туыстарын оқуға алады. Қазір «оқытушыларға жалақы төлей алатындар түссе болды» деген заман.

Енді бұл мәселені өзі қозғаған Назарбаев гранттарды көбейту жағын қарастырса екен деп ойлаймын. Елдегі шығармашылық кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарында ақылы бөлімдерді мүлде жауып тастау керек дегенді қолдаймын.

Азаттық: - Мемлекеттің мәдени салада ұстанатын саясатының қандай тұстарына көңіліңіз толмайды?

Меруерт Түсіпбаева: - Айтып кеткенімдей, мәдени кадрлар даярлайтын жоғарғы оқу орындарында ақылы бөлім ашу дұрыс емес деп санаймын. Қазақстанда нағыз дарындыларға көңіл бөлінбейді әрі оларға ешқандай жағдай жасалмаған. Мысалы, еліміздегі музыкалық телеарналарға ресейлік әншілер оңай әрі тегін шығады. Ал қазақстандық әншілердің шығуы қиямет. Біздің телеарналардың біріне клипіңді шығару үшін көп ақша төлеуге тиіссің. Бойында қабілеті бар, еліміздің кезекті бір дарынынан айырылып қалмас үшін артистерді қолдау қажет.

Азаттық: - Меруерт, бірде кітап жазсам деген ойым бар деген едіңіз. Қазір оны жазып жатырсыз ба?

Меруерт Түсіпбаева: - Жазып жатырмын. Бірақ бұл кітабымды қоғам жылы қабылдай қоймай ма деп қорқамын. Өйткені танымал адам болған соң патриархаттық менталитет үстемдік құрған қоғамдағы әйелдің жеке өмірі туралы ойларымды ашық жазамын. Менің ашық ойларымды жұрт құптай қоймайтын шығар.

Мұндай менталитет әйелдерге көп қиындық тудырады. Бірақ Шығыс менталитеті басым елде туып-өскендіктен, түбі эмансипация да жақсылыққа әкелмейтін шығар. Маған бір дәрігер «қазір Қазақстанда жасанды ұрықтандыру жолымен бала көтеретін әйелдер көбейіп бара жатыр» деген еді. Яғни қазақ әйелдері қазір «ер адамсыз да күн көре аламын» деген ойын ашық айтады. Әйел затының қай жағынан болмасын өзін еркінірек сезіне бастауына Батыстың да ықпалы тиген болар. Кейде Шығыс менталитеті қиындық тудырады, бірақ бұл жайында да кесіп-пішіп, анау алай, мынау былай деп айта алмаймын.

Азаттық: - Шалғай ауылдарға гастрольмен жиі барасыз. Ауыл жастарының бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде не айтасыз? Олар шығармашылық тұрғыдан қаншалықты дамып жатыр?

Жатақхана алдында отырған студенттер. Алматы, 4 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жатақхана алдында отырған студенттер. Алматы, 4 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Меруерт Түсіпбаева: - Ауылдағы жастар мешеуленіп, мүлде дамымай қалған. Өкінішке орай, мемлекет ауыл проблемасын аздап назардан шығарып алды. Ауылға барған кезде адамдардың азып-тозып бара жатқанын көріп жүрегің ауырады. Өздігінен тіл үйреніп, компьютер үйренетін жастар да бар, әрине. Бірақ аз. Меніңше, мемлекет үлкен қалалар емес, тоқырап тұрған ауылдарға көбірек көңіл бөлуі керек.

Азаттық: - Жоғары оқу орнында да сабақ беруге үлгеріп жүрсіз. Әлде бұл сіз үшін қосымша табыс көзі ме? Оқытушы ретінде алатын жалақыңызға көңіліңіз тола ма?

Меруерт Түсіпбаева: - Жалақым мүлде көңілімнен шықпайды, оны тіпті жарытып ұстамаймын да. Құдайға шүкір, басқа табыс көзім бар. Оқытушылық қызметпен ұжыммен араласу үшін ғана айналысамын. Біздің оқытушылардың күні бойы жұмыста жүріп алатын жалақысына қарап жағамды ұстаймын. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі әрі педагогикалық ғылымдар кандидаты ретінде айлық жалақым - 89 мың теңге. Бұл ақшаға бала-шағаны қалай асырауға болады? Мемлекет осы жағын ойлануы тиіс.

Теңге девальвациясы қарапайым халыққа ауыр тиді. Девальвациядан мен де зардап шектім. «Саған сенемін» телевизиялық шоуының 14 түсірілімін жүргізіп, көп ақша алуым керек еді. Бірақ контрактіге девальвацияға дейін қол қойғандықтан, азырақ алдым. Әрине, қатты ренжідім.

Азаттық: - Сіз тойларда ән айтып, ақша табасыз ба?

Меруерт Түсіпбаева: - Артистердің көбі сияқты мен де түрлі мерекелік шараларда жұмыс істеймін. Жасыратыны жоқ, табысым жаман емес. Біздің артистердің көбі осылай күн көреді. Әрине, екінші девальвация болса, артистердің гонорары да азаяды. Өйткені мерекелік кештер азайып кетеді, ал біздің табысымыз той-томалаққа, халықтың әл-ауқатына тәуелді ғой.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG