Accessibility links

Аяғы ауыр әйел балаларын бағу үшін көшеде ән айтады


Көшеде ән айтатын жүкті әйел Нина Назаренко. Астана, 10 наурыз 2014 жыл.

Көшеде ән айтатын жүкті әйел Нина Назаренко. Астана, 10 наурыз 2014 жыл.

Астана қаласының 24 жастағы тұрғыны Нина Назаренконың аяғы ауыр. Ол екі баласын асырау үшін күн сайын көшеге шығып, гитарамен ән айтады.

Нина Назаренко жарты жылдан бері күнде кешкісін Астананың ескі бөлігіндегі «Московский» дүкені жанына келеді. Нинаның аяғы ауыр, құрсағында сегіз айлық баласы бар. Кішкентай екі баласының жанында алаңсыз отыруға жағдайы жоқ. Ол гитарасымен танымал әндерді айтады немесе жүргіншілер сұраған әндерді орындайды.

Мұндағы полицейлер Нинаны қумайды әрі жұрт қарасы да мол. Жүргіншілер гитара қабына көбінесе тиын-тебен тастайды, арасында 200 теңге ұстатып кететіндері де бар.

Екі баласын – төрт жастағы ұлы мен бір жарым жасар қызын бағатын ешкімі жоқ келіншек күндіз мұнда келе алмайды. Нина көрші үйдің балаларының мектептен келуін күтеді. Алтыншы сыныпта оқитын ұлдардың біріне 500 теңге төлеп, балаларын қалдырады. Өзі ән айтып, нан табу үшін Астананың аязына қарамастан кешкісін осында келеді.

Нина Назаренконың әнін мына видеодан тыңдай аласыз:


Нина Назаренко ән айтып, ақша жинайтын дүкен маңында тұрмайды. Ол кішкентай екі баласымен бірге Астана қаласының шетіндегі Лесозавод ауданындағы ескі барак үйдің бір бөлмесін 25 мың теңгеге жалдап тұрады.

ҮШІНШІ БАЛАНЫҢ ҚАМЫ

Астана қаласында балалар үйінде өскен Нинаның жеке меншік баспанасы жоқ. Балалар үйі түлегі ретінде заң бойынша жалға берілуі тиіс әлеуметтік пәтерді алмаған. 18 жасында тұрмысқа шығып, ұлын дүниеге әкелген. Бірақ ішімдікке үйір күйеуінен ажырасып кеткен.

Кейін тағы бір жігітті жолықтырып, одан қыз тапқан. Қызының әкесі былтыр қаза тауыпты. Қазір келіншектің аяғы ауыр.

- Құжатымыз болмай, некеге тұрған жоқпыз. Ол құрылыста істеп жүріп, шатырдан құлап қайтыс болды. Ондағылар «техника қауіпсіздігі ережесін сақтамады» деп түсіндірді. Ақшам болмай, оны дұрыстап жерлей де алмадым, - дейді Нина Назаренко.

Бірақ өз күшіне сенетін және жұрт көмегінен үміттенетін жас келіншектің сағы сынбаған. Нинаның айтуынша, күндіз балаларды қарайтын ешкім болмағандықтан дәрігерге бармағанына да көп болған. Ол «босанар кезде таныс әйелге балаларымды қарай тұруын өтінбекпін, бір-екі күннен кейін өзім де перзентханадан шығамын ғой» дейді.

- Жуырда дүниеге келетін нәрестеге заттар керек. Мүмкін, біреулер көмектесіп қалар. Дайындала беру керек. Үлкен ұлыма да киім керек. Шамам жеткенше жұмыс істегім келеді, - дейді келіншек.

АРМАНЫ - МУЗЫКАЛЫҚ БІЛІМ АЛУ

Нинаның айтуынша, аяғы ауыр әйелді ешкім жұмысқа алғысы келмеген соң нан табу үшін көшеге шығып ән айтуға мәжбүр болған. Бұған дейін еден, ыдыс жуушы болып істеген, киім пішкен Нинаның мамандығы да жоқ.

Гитара тартуды өздігінен үйренген Нина келешекте музыкалық білім алып, балаларға арналған мереке ұйымдастырушы болып жұмыс істесем деп армандайды.

Нина Назаренко банкоматтың қасында ән айтып отыр. Астана, 10 наурыз 2014 жыл.

Нина Назаренко банкоматтың қасында ән айтып отыр. Астана, 10 наурыз 2014 жыл.

- Менің жағдайым туралы репортаж шыққаннан кейін әлеуметтік органда істейтін екі әйел келді. «Телевизияға неге шағымданасың, өзің неге тырысып, құжат өткізіп, жәрдемақы алмайсың?» деп сұрады. Оларға саяжайда тұрған кезде өрт шығып, құжаттарым өртеніп кеткенін түсіндірдім. Қазір құжаттарымды толық реттедім, тек балаларды тіркеу қалды. Онсыз жәрдемақы бермейді. Ал балаларыммен бірге еш жерге тіркемейді. Тіркеуде жоқ болғандықтан, үкіметтің жалғызбасты аналарға беретін 1 мың 300 теңгесінен де қағылып отырмын, - дейді Нина Назаренко.

Нина өлең жазады. Кейін өлеңдеріне ән шығарамын деп те үміттенеді. Ал әзірше көшеде жұрт сұрайтын әндерді орындап, екі баласының нанын тауып жүр. Келіншектің үшінші баласы дүниеге келетін уақыт та жақындап қалды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG