Accessibility links

Қазығұрттық «жиһадшылар» Назарбаевқа сес көрсетеді


Сирияға кетті деген қазақстандық «жиһадшы» Марат Мәуленовтің (оң жақта) WhatsApp арқылы тараған видеосынан скриншот.
Сирияға кетті деген қазақстандық «жиһадшы» Марат Мәуленовтің (оң жақта) WhatsApp арқылы тараған видеосынан скриншот.

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданынан «Сирияға кетті» деп хабарланған Марат Мәуленов пен оның ұлдары жіберген видео-жолдау WhatsApp арқылы тарап жатыр.

«Қазақстан жеріне шын жүректен жолдау» (орысша түпнұсқасында «Послание от сердца в земли Казахстана» – ред.) деген тақырыппен тараған төрт минуттық видеоның бастапқы бөлігінде қазығұрттық жерлестері Марат Мәуленов екенін таныған қару асынған шоқша сақалды жігіт ағасы және өзін «Ринат Жұмабеков есімді Орск қазағымын» деп таныстырған және бір қарулы қаба сақалды ер адам тұр.

Қазығұрттық «жиһадшылар»
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:15 0:00
Жүктеп алу

Видео үндеу жолдаушы екі ересек адам орыс тілінде сөйлейді. Олар отбасыларымен дін жолында «Халифат жеріне» қоныс аударып, балаларын «шариғатқа сәйкес оқытып жатқандарын» айтады. Мәуленов Қазақстанды «Куфрстан» деп атап, «біз демократия үшін, шайтан мен тағуттар үшін шайқасып жүрген жоқпыз, Алланың сөзін үстем ету үшін шайқасып жүрміз» деп мәлімдейді. Жұмабеков Ресейде құқық қорғау органдарында қызмет еткенін, «екі жыл бұрын Исламды қабылдап, жүрегі ашылғанын» баяндайды. Ол «Ресейдің бомбалауына қарамастан дамып келе жатқан, барлық қажетті инфрақұрылым түрлері бар Халифат жерін» мадақтайды.

«КӨЗДЕРІМІЗ – ҚАЗАҚСТАНДА»

Ауылдастары "Марат Мәуленовтің балаcы" деген жігіт. Видеодан алынған скриншот.
Ауылдастары "Марат Мәуленовтің балаcы" деген жігіт. Видеодан алынған скриншот.

Видеоның соңғы жағында ауылдастары Марат Мәуленовтің балалары екенін айтқан бір жас жігіт пен бір кішкентай ұл қазақ тілінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қаратып сөйлейді. Жас жігіт: «О, Назарбаев, сен біл... Қаруларымыз осы жерде болса да, көздеріміз - Қазақстанда» дейді. Ал қолына тапанша ұстап, әскери киім киген кішкентай ұл президентке қоқан-лоқы жасай сөйлеп, оны «кәпірге» теңейді.

45 жастағы Марат Мәуленов 2015 жылдың қыркүйек айында отбасымен бірге «Сирияға кеткені» жөнінде хабар тараған болатын. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген Марат Мәуленов әйелі Айгүл мен алты баласын алып, қыркүйек айында «Бішкектен киім-кешек аламыз» деп үйінен шығып кеткен соң қайтып оралмаған. Мектеп директоры Азаттық тілшісіне Мәуленов қыркүйектің 1-інен бастап ғайып болғасын жұмыстан шығарылғанын айтқан.

Оқи отырыңыз: «Сирияға кеткен» Мәуленов мектепте мұғалім болған

Ал соңғы айлары тараған видеода Марат Мәуленов және оның балалары деп танылған адамдарды нақтылап, мән-жайды білу үшін Азаттық тілшісі наурыздың 29-ы күні Қазығұрт ауылына қайта барды. Видеодан Марат Мәуленов пен оның балаларын келіні Айгүлмен бірге көршілері, әріптестері, ауылдастары тани кетті.

Мәуленовтің інісінің әйелі Айгүл: «Видеодағы кісі – қайынағам. Ал бірінші сөйлеген – 23 жастағы үлкен ұлы, екіншісі – бесінші баласы» деді.

- Ол кісілердің қашан, қалай кеткенін білмеймін. Ол кезде ота жасатып, Шымкентте ауруханада жатқан едім. Артымнан бір іздеп келді, содан кейін көрген емеспін. Олай кететінін ешкім білген жоқ. Өзіміз де білген жоқпыз. Бәрі бірге кетті. Үлкен баласы 1993 жылы туған. Кенжесі әлі кішкентай еді, - дейді Айгүл.

Марат Мәуленовтің иесіз қалған үйі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, 21 қазан 2015 жыл.
Марат Мәуленовтің иесіз қалған үйі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, 21 қазан 2015 жыл.

Марат Мәуленов төрт ағайынды. Отбасында екі қыз, екі ұл болған. Азаттық тілшісімен сөйлескен туыстары Марат отбасымен елге қайтады деген үміттерінің үзілгенін айтты.

- Наурыздың 13-і күні ата (Марат Мәуленовтің әкесін айтады – ред.) қайтыс болды. Атам ауырып жатқан. Осыдан кейін (Марат Мәуленов отбасымен із-түссіз кеткеннен соң – ред.) нашарлап кетті. Жан сақтау бөлімінде біраз жатты, есін жинай алмай қайтыс болды, - дейді Айгүл.

2015 жылғы қазанда Азаттық тілшісі сөйлескен кезде Мәуленовтің анасы: «Ауырып жүрмін. Айналайын, бара ғой. Сөйлеуге шамам жоқ. Мені тастап кеткен балаға айтатын еш сөзім жоқ» деп қана жауап берген еді.

«ТҮСІНІКТЕМЕ ЖАЗА БЕРІП ЫҒЫРЫМ ШЫҚТЫ»

Аты-жөнін айтудан бас тартқан мектепте жұмыс істейтін бұрынғы әріптесі де видео жолдауды көріп, Марат Мәуленовті таныды.

Марат Мәуленов 15 жыл жұмыс істеген мектеп. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы. 21 қазан, 2015 жыл.
Марат Мәуленов 15 жыл жұмыс істеген мектеп. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы. 21 қазан, 2015 жыл.

- Шынымды айтсам, [билік органдарына] түсініктеме жаза беріп ығырым шығып кетті. Бейне бір [Сирияға] мен жіберген сияқтымын. Жақсы емес қой бұл. Уәждің бәрі маған түсіп жатыр. Жап-жақсы кісі еді. Ешқандай ешнәрсе білдірмеген. Бірқалыпты жүрген, - дейді Марат Мәуленовтің әріптесі.

Ал көршісі (атын атамауды сұрады – ред.) Мәуленовті «сақалы жоқ, сәлемі түзу, ішпейтін, шекпейтін жақсы бала еді» деп сипаттады.

- Бұлар (Марат Мәуленовтің анасы мен бауырлары – ред.) не біледі? Білмейді ғой. Анасы азанда сарайда жылайды да отырады. Бір үйден сегіз адамның жоқ болып кетуі оңай дейсіз бе? Оңай емес қой. Ешкімнің басына салмасын, - дейді көршісі.

Тілшімен былтырғы қазанда сөйлескен және бір көршісі «Мараттың намаз оқи бастағанына 4-5 жыл шамасы болған. Соңғы бір жылда әйелі хиджаб, өзі балағы қысқа шалбар кие бастаған» деген еді.

Былтыр қазан айында түсірілген көршісінің пікірі (видео):

«Сирияға кеткен» отбасының көршісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:49 0:00

Қазығұрттағы жергілікті таксишілердің пікірінше, Марат Мәуленовтің отбасын алып Сирияға кетіп қалғанынан ауылдың бәрі хабардар.

- Марат ауылдың тойларын видеоға, суретке түсіретін. Халықтың бәрі танитын, - деді бір такси жүргізушісі.

- Мына видео (жолдау – ред.) тұрғындардың бәрінің ұялы телефонында жүр. Жаңа жылдан кейін пайда болды. Естуімізше, Мараттың балалары сыныптастарына WhatsApp-пен жіберген, - деді екінші таксист.

«Қазақстан қажылары» діни бірлестігі төрағасы Бақтыбай Айнабеков Қазақстаннан Сирияға кеткен «жиһадшылардың» шығу себебін «Қазақстан дін иелерінің ел арасындағы белсенділігінің төмендігінен, Қазақстанда дінді ілім есебінде түсінетін дін ғұламаларының аздығынан» көреді. Ол діни радикализмнің таралуымен күрес жолдары жөнінде:

Марат Мәуленовтің (оң жақта) әлеуметтік желі арқылы тараған видеосынан алынған скриншот.
Марат Мәуленовтің (оң жақта) әлеуметтік желі арқылы тараған видеосынан алынған скриншот.

- Дін - нәзіктік, сұлулық, әлем тыныштығын іздейтін дүние. «Сирияға неге барып жатыр?» дейміз. Үкімет комиссиясымен шыққан философияның 20 томдығының өзіне Ауғани сияқты дінге іріткі салған адамдардың ойлары кіріп кеткен. Одан бөлек, шетелден келетін теріс кітаптар бар, оларды кейде өзіміз басып шығарып жатырмыз. Сондықтан дін қызметкерлері белсенділігі керек. Олар ел алдына жиі шығып, жұртпен көп сөйлесуі керек. Құранда «сендерді ұлт етіп жараттым» деген. Осыны Құранмен түсіндіретін, дәстүрлі дін иелерінің қатты белсенділігі керек, - деді.

Азаттық тілшісі ауыл тұрғындары «2016 жылдың басынан бастап пайда болды» деп сипаттаған видео-жолдау туралы және аудандағы діни радикализм жайында білмек болып ОҚО бойынша ҰҚК департаменті Қазығұрт аудандық бөлімшесіне барды. Өзін бөлімше қызметкерімін деп таныстырған азамат «Бастық департаментте. Бастықсыз ақпарат бере алмаймыз. Департаментке барыңыз» деп мәлімет беруден бас тартты. Азаттық «Сирияға түгел кеткен Марат Мәуленовтің отбасы» туралы 2015 жылғы қазан айында жазған кезде де, ҰҚК бұл ақпаратты растап, я терістеп мәлімдеме жасамай қойған болатын.

Қазақстандықтардың Сирияға «жиһадқа» кете бастағаны туралы алғашқы ақпарат 2013 жылы қазан айында «150 қазақ жиһадшысы» атты видеомен шыққан еді. Одан кейін де Сирияға кеткен қазақстандықтар, олардың «​ж​иһадшы балалары»​ туралы бірнеше видеолар жарияланған. Қазақстан билігі ИМ қатарында 300 қазақстандық бар, оның жартысы әйелдер деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG