Accessibility links

Қаңтардың 20-сы күні Мәскеудегі Дон зиратында жатқан Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлі алынғаны туралы Азаттық радиосына сол шараға қатысқандардың бірі ғалым Дихан Қамзабекұлы хабарлады. Енді оны Астанаға жұма күні таңертең жеткізеді. Бірақ жер қойнына тапсыру кейінге қалатын түрі бар.


– Бүгін, қаңтардың 20-сында Мәскеу уақыты бойынша таңғы сағат 10.00-де Дон зиратының бас ғимаратында жатқан Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін еліне қайтаруға байланысты шараға Қазақстанның Ресейдегі елшілігі және сондағы Мұсылмандар Басқармасы, сондай-ақ Қазақстаннан барған ғалымдар мен Смағұлдың туыстары қатысты, – деп хабарлады осы істі ұйымдастырушылардың бірі, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы Азаттық радиосының тілшісіне Мәскеуден телефон арқылы.

– Алла сәтін салса, ертең таңғы сағат 6-00-дегі ұшақпен қайраткердің сүйегінің күлі Астанаға жеткізіледі. Онан кейінгі шаралар Астана қаласының зиялылар мен қоғамдық ұйым мүшелерінің қатысуымен жалғасады, – деген Дихан Қамзабекұлы мәйіт күлінің бірден жер қойнына тапсырылмайтындығын айтты.

«МӘЙІТТІҢ КҮЛІН ЖЕРЛЕУ – ШАРИҒАТҚА КЕЛМЕЙТІН НӘРСЕ»

«Бұл шара – тек аталар алдындағы парызды орындаудың бірі» деген ғалым Дихан Қамзабекұлы сүйектің күлін елге әкелу дабыра ететін нәрсе емес деп санайды. Ғалымның айтуынша, бұдан кейінгі мәселелер Астанада шешілмек. Бұл – жуықта дүние салған адамның мәйіті емес, сондықтан Қазақстан Діни басқармасының пәтуасын күтпек.

Ал Қазақстан Діни басқармасының баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек:

– Мынау енді... не де... бір түрлі. Біздің дініміздің рамкасына сыймайтын, шариғатқа келмейтін нәрсе де. Негізінен ана жақтан сүйегін әкелу керек болатын, – деді.

– Кезінде бізден қалай істеу керегін ешкім сұраған жоқ. Солай болған екен. Енді амалсыз әдеттегі жер қойнына тапсырылатын мұсылманға жасалар шаралардың бірқатарын орындауға тиіспіз. Яғни құран оқытылып, дұға бағышталады, – дейді Оңғар қажы Өмірбек.

ТҮРКІСТАНҒА ЖЕРЛЕНУІ МҮМКІН

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің жиырма жылдығына байланысты айтқан Түркістанда Ұлттық пантеон немесе қабірстан соғу туралы идеясы бар. Сол қабірстаннан бір лайықты жерге қойылатын шығар деген өз болжамымыз да жоқ емес, – дейді Дихан Қамзабекұлы.

Смағұл Сәдуақасұлының сүйегінің күлін Қазақстанға әкеліп мұсылман ғұрпымен жерлеу мәселесінің көтерілгеніне жиырма жыл болыпты.

– Бұйыртса, бұл идеямыз бүгін жүзеге асты, – деген ғалым сөз соңында бұл шараға арнайы қатысқан Мәскеу қаласындағы қазақ зиялыларына, Ресейдегі Қазақстан елшілігіне рақмет айтуды да ұмытпады.

ЖАТ ЖЕРДЕ ЖАТҚАН СМАҒҰЛ

Смағұл Сәдуақасұлы он жеті жасынан бастап саяси қызметке араласқан. 1917 жылы Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» ұйымының белсенді мүшесі болды. 1920 жылы қазан айында Қазақ автономиясының Құрылтай съезінде Қазақ АКСР Кеңестері ОАК мүшелігіне сайланды, Қазақ ОАК саяси хатшысы қызметін атқарды. 1922-1925 жылдары Қазақ ОАК-нің Түркістан Республикасындағы өкілетті өкілі, Қазақ АКСР Жер халық комиссарының орынбасары, Қазақ АКСР Жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары, төрағасы болды.

Голощёкиннің «Кіші Қазан» бағытына қарсы шығып, ауылдың бейбіт эволюциялық дамуын қалады, байлар мен орташаларды орынсыз тәркілеуге, елдің еуропалық бөлігінен Қазақстанға шаруаларды әкеліп қоныстандыруға қарсы шықты. Осыған байланысты буржуазияшыл ниеттегі жан ретінде қуғын-сүргінге ұшырады.

Қазақстаннан қуылған Смағұл Сәдуақасұлы 1927-1928 жылдары Ташкентте Қазақ педагогикалық институтының ректоры болды. Өмірінің соңында Донбасс-Мәскеу темір жолы құрылысының инженері қызметін атқарып жүріп, 1933 жылы Мәскеу ауруханасында көз жұмды. Мәйіті өртеліп, күлі «Дон зираты» бас ғимаратының қабырғасына арнайы ыдысқа салынған күйінде қойылған.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG