Accessibility links

Шағын және орта бизнес ЕАЭО-дағы бәсекелестіктен қауіптенеді


Балпық би ауылындағы кірпіш шығаратын кәсіпорын жұмысшысы. Алматы облысы, 20 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Балпық би ауылындағы кірпіш шығаратын кәсіпорын жұмысшысы. Алматы облысы, 20 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Еуразия кәсіпкерлері қауымдастығы төрағасы Жомарт Алдоңғаров Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуын елді жайлаған жемқорлық тежеп отыр деп есептейді. Оның сөзінше, жемқорлық, әсіресе, ЕАЭО аясында Ресей мен Беларусь бизнесімен ашық бәсекелестікке түсер кезде қауіпті.

Мамырдың 29-ы күні Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қойды. Болжам бойынша, бірыңғай экономикалық кеңістік үш ел арасындағы тауар, қызмет және еңбек ресурстарының еркін айналымына мүмкіндік беруі тиіс. Кейбір сарапшылар «егер Қазақстан жемқорлықпен күреспесе, онсыз да дами алмай отырған шағын және орта бизнес ЕАЭО аясында Ресей мен Беларусь бизнесімен ашық бәсекелестікке төтеп бере алмайды, әрі оның түбіне коррупция жетеді» деп қауіптенеді.

Еуразия кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Жомарт Алдоңғаров Азаттық тілшісіне берген сұхбатында бұл проблемаға қатысты ойымен бөлісті.

Азаттық: – Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісім келесі жылдан бастап күшіне енеді. Қазақстандық кәсіпкерлер Ресей және Беларусь бизнесмендерімен бәсекеге түсуге қаншалықты әзір?

Жомарт Алдоңғаров: – Өкінішке қарай, қазіргі жағдайымыз мүшкіл. Бізде шағын және орта бизнес (ШОБ) дұрыс дамымағанын, әрі ол экономикасы Қазақстан экономикасынан тоғыз есе үлкен Ресей бизнесімен қазір бәсекелесе алмайтынын жақсы білеміз.

Азаттық: – Қазақстан бизнесіне бәсекеге қабілетті болуға не кедергі?

Жомарт Алдоңғаров: – Мұның ондаған себебін атап бере аламын. Ең негізгісі – коррупция. Тиісті салаларға жұмсау үшін мемлекет қыруар ақшасын шенеуніктерге сеніп тапсырады. Бұл ақша әуелі билік органдарынан, кейін екінші деңгейлі банктер мен түрлі қорлар арқылы сүзгіден өтеді. Ал оның көмегімен шағын бизнестің байып кеткенін іс жүзінде көрмей отырмыз.

Өкінішке қарай, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі 22 жыл бойы ШОБ-ты қысып келеді. Оны трибунадан ел президентіне, халыққа ант-су ішіп, ал іс жүзінде ойына келгенін істейтін жергілікті шенеуніктер қысып отыр. Әкімшілік кедергілер, коррупция туралы 22 жыл бойы талмай айтып келеміз. Егер кәсіпкерлер жер комитетінде қарапайым жер мәселесін шеше алмаса, басқа не айтуға болады?

Мысалы, кәсіпкерлік бөлімдері көңілі қалаған кәсіпкерлер қауымдастықтарымен ғана жұмыс істейді. Бұл дұрыс па? Бұдан кейін үкімет пен президентке «ШОБ қарқынды дамып келеді» деп облыс, қала әкімдерінің айтуға қандай моральдық құқығы болады? Мұның бәрі әдейі, ең бастысы ешқандай сұрау болмаған соң істеледі.
Қандай бәсекеге қабілетті саланы айтасыз? Тіпті іш киім де тікпейміз.

Азаттық: – Сонда Қазақстанда бәсекеге қабілетті бір саланың да болмағаны ма?

Жомарт Алдоңғаров: – Қандай бәсекеге қабілетті саланы айтасыз? Тіпті іш киім де тікпейміз. Әйелдердің де, ер адамдардың да іш киімін тікпейміз. «Ойбай, тәуелсізбіз, патриотизм» дейді. Мұндай жалған ақпараттың керегі не? Түркия мен Қытаймен шекара жабылсыншы, экономикалық тәуелсіздігімізден түк қалмайды.

Мемлекет материалдық игілік жасаған кезде ғана тәуелсіз мемлекет деп есептелетінін бәріміз жақсы білеміз. Жоқ дегенде, үйде сүйрететін тәпішке, бау, жиһаз сияқты қарапайым заттарды шығарса ғана. Ал біз ше? Бауырсақ, қымыз, картоптан басқа ештеңе шығармаймыз. Тіпті әлгі қытырлақ картошканың өзін сырттан әкелеміз. Бәрін қойып, енді нанотехнологиямен айналыспақпыз.

Азаттық: – Бұл проблеманы шешудің қандай жолы бар деп ойлайсыз?

Жомарт Алдоңғаров: – Ең әуелі тарифтерді негізсіз қымбаттата беруді тоқтатуымыз керек. Екінші – ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп отырған коррупциямен дұрыстап күресу қажет. Үшіншіден, қазір заңға сүйеніп алған рейдерлік те өршіп тұр.

Осындай бассыздықтар тоқтаған кезде ғана бизнесмендеріміздің бәсекеге қабілеттілігі туралы айта аламыз.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG