Accessibility links

Шағын қалада дәрігерлер жетіспейді


Дәрігер томографиялық құрылғыны қосып тұр. Теміртау. (Көрнекі сурет).
Дәрігер томографиялық құрылғыны қосып тұр. Теміртау. (Көрнекі сурет).

Теміртау қаласының мемлекеттік емханалары мен ауруханалары арнайы мамандарға зәру. Бірақ дәрігерлер жоғары жалақы мен баспана беретін басқа қалаларға, Ресейге, тіпті ауылдарға кетіп жатыр.

Өзінің толық аты-жөнін көрсетпеуді өтінген 25 жастағы Светлана К.-нің мамандығы – балалар дәрігері. Қарағанды облысындағы өнеркәсіптік шағын қала Теміртауда тұратын жас келіншек осында түпкілікті орнығып, жұмыс істермін деп ойлаған. Алайда жергілікті емхана басшылығы оған «егер жалпы дәрігерлік практикаға қайта машықтану курсынан өтсең, жұмысқа аламыз» деп уәде беріпті. Бұл ұсынысқа келіспеген Светлана енді Қостанай облысының Октябрь ауылына балалар дәрігері болып кетпекші. Ондағылар жұмыс та,
Медицина колледжінің студенттері дәріс оқып отыр. Теміртау.
Медицина колледжінің студенттері дәріс оқып отыр. Теміртау.
қызметтік баспана да ұсынған.

– Бізге ауылда берген үй бірер жылдан кейін өз меншігімізге өтуі мүмкін. Олар көтерме жәрдемақы да берді, рас әлі толық төлеген жоқ. «Қаласаңдар, мал да береміз» деп отыр, – дейді Светлана.

Оның күйеуі Александр да дәрігер. Енді ғана үйленген жас жұбайлар ауыл тұрмысын көріп, жұмыс істемек болып шешкен. Светлананың отбасы «жас дәрігерлерге қаладан гөрі ауылдық жерде жақсы жағдай жасалады» дейді.

– Ал Теміртауда жұмыс істегісі келетін жандарға баспана да, көтерме ақы да берілмейді ғой, – дейді Светлана.

Жас мамандардың мардымсыз жалақыға да көңілі толмайды.

ДӘРІГЕР ТАПШЫЛЫҒЫ

Теміртаудағы дәрігер тапшылығы кесірінен мемлекеттік емханаларда қабылдау кезектері де көбейген. Белгілі бір дәрігердің қабылдауына жазылу үшін емханаға таңсәріден келу керек.

Ақшасы барлар Теміртаудағы жеке меншік клиникалардың біріне барады. Мысалы, ондағы эндокринолог немесе венеролог маманның қабылдауына бір рет кіру үшін шамамен 2,5 мың теңге (16 долларға жуық) төлейсіз. Егер науқас қабылдауға екінші рет келсе, бұдан сәл азырақ төлейді.
Емханаларға бірінші кезекте невропатолог, гинеколог, онколог, хирург және окулист сияқты арнайы мамандар қажет.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының Теміртаудағы аймақтық өкілдігінің бастығы Сәуле Әмірқұлова жақында өткен мәжілістердің бірінде сөйлеген сөзінде «Қаладағы мемлекеттік медициналық мекемелерге 21 дәрігер, ал жалпы 56 медицина маманы керек» деген еді. Емханаларға бірінші кезекте невропатолог, гинеколог, онколог, хирург және окулист сияқты арнайы мамандар қажет.

Сәуле Әмірқұлованың айтуынша, басқарма басшылары дәрігерлерді шақыру мақсатында жыл сайын жұмыспен қамту жәрмеңкелеріне қатысады. Олар биыл да сондай жәрмеңкелердің біріне қатысыпты.

– Жәрмеңкеге Қостанай, Астанадан жұмыс берушілер көп келді. Олар мамандарды «көтерме ақы, тегін пәтер береміз, отбасы мүшелерін де жұмыспен қамтимыз» деп қызықтырып кетті. Ол жақтарда мамандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау үшін жақсы жағдай жасалған. Ал біз емдеу ұйымының есебінен 4-10 ай бойы тегін мамандандыруды ғана ұсына аламыз, – дейді Сәуле Әмірқұлова.
Дәрігерлер емханада пациентті қабылдап отыр. (Көрнекі сурет).
Дәрігерлер емханада пациентті қабылдап отыр. (Көрнекі сурет).

Басқа аймақтарға қарағанда мамандарға жайлы жағдай ұсына алмайтынын жергілікті билік те мойындайды. Ал Теміртау халқының саны 170 мың адамнан асады. Қазақстандағы ірі «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық компаниясы осында орналасқан. Бұл ірі өндіріс орны Еуропа елдерін, Орталық Азия мен Қытайды металмен қамтамасыз етеді. Алайда Қазақстанның басқа да шағын қалалары сияқты Теміртаудың да түйткілді проблемалары жетерлік. Қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымдар әбден тозған, дәрігерлер мен мұғалім тапшылығы сияқты проблемаларды шешуге қаражат жетпейді.

Теміртаудың мемлекеттік емханалары мен ауруханалары медициналық университеттердің 28 түлегімен 2013 жылға келісім-шартқа отырып, ол жас мамандар тамыз айында келеді деп күтіп отыр. 2012 жылы қалаға 14 жас маман келген. Оларға небәрі бес қызметтік пәтер бөлінген. Бұл да дәрігер тапшылығының негізгі себебі болуы мүмкін.

Тәжірибесі мол дәрігерлердің көбі жұмысы аздау, жалақысы көптеу жеке меншік клиникаларға кетіп жатыр. Кейбіреулері жалақысы жоғары Ресейге көшіп кетті. Мемлекеттік емдеу мекемелерінде дәрігер жетіспеушілігі осы жағдайларға байланысты туып отыр.
XS
SM
MD
LG