Accessibility links

Сарапшылар «әлеуметтік араздық» туралы баптарды сынады


«Өзенмұнайгаз» компаниясы мұнайшыларының ереуілі. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.
«Өзенмұнайгаз» компаниясы мұнайшыларының ереуілі. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.
Құқық қорғаушылар 164 және 170-баптардың халықаралық құқық шартына сай емес екенін айтып, «бұл баптар өздеріне ұнамайтын саясаткерлер мен өзгеше ойлаушыларды қудалау үшін билікке ыңғайлы» деді.

Желтоқсанның 14-і күні Алматыда ұлыбританиялық Article 19 («Артикль 19») халықаралық құқық қорғау ұйымы мен қазақстандық «Әділ сөз» сөз бостандығын бақылаушы қоры «әлеуметтік араздық» ұғымы мен пікір еркіндігіне қатысты жиын өткізді.

Жиында әлеуметтік араздықтың пайда болуы мен оған қатысты жаза түрлері сөз болды. Сарапшылар Қазақстан қылмыстық кодексіндегі 164 және 170-баптар «өгеше ойлаушылар мен жағымсыз саясаткерлерді қылмыстық жауапқа тартуға мүмкіндік беретінін» айтты. Ал шетелдік құқық қорғаушының сөзінше, «бұл баптар халықаралық құқыққа қайшы келеді».

ӘЛЕУМЕТТІК АРАЗДЫҚТЫҢ НЕГІЗІ

Саясаттанушы Замир Қаражановтың сөзінше, қоғамда толеранттық болмауы, үлкен және кіші әлеуметтік топтар арасындағы сенімсіздік – араздықтың басты себебі.
Саясаттанушы Замир Қаражанов. Алматы, 14 желтоқсан 2012 жыл.
Саясаттанушы Замир Қаражанов. Алматы, 14 желтоқсан 2012 жыл.


«Ресми ақпарат бойынша Қазақстан тұрақты мемлекет болып саналғанымен, отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдар бұған күмән келтіреді» дейді саясаттанушы.

– Биыл Американың бейбітшілік қоры мен беделді Foreign Policy журналы әлемдегі тұрақты елдердің рейтингін жариялады. Онда Қазақстан 107-орын алып, өз тұрақтылығы орташадан төмен елдер қатарынан көрінді, – деді Замир Қаражанов.

Сарапшының ойынша, қоғам тұрақтылығына кері әсер ететін фактордың біріншісі – жұмыссыздар, екіншісі – кедейшілік деңгейінің өсуі.

– Осы тұста билік жиі қолданатын «өзін өзі жұмыспен қамту» деген ұғым мүлдем түсініксіз, – дейді саясаттанушы.

ОЙ ЕРКІНДІГІ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК АРАЗДЫҚ

Article 19 халықаралық құқық қорғау ұйымының (Ұлыбритания) сарапшысы Эндрю Смит әуелі «ой еркіндігі» мен «әлеуметтік араздықты тудыру» деген ұғымдардың ара-жігін ажыратып алу керек екенін айтты.

«Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19 бабы
Article 19 ұйымының сарапшысы Эндрю Смит. Алматы, 14 желтоқсан 2012 жыл.
Article 19 ұйымының сарапшысы Эндрю Смит. Алматы, 14 желтоқсан 2012 жыл.
азаматтардың ақпаратты іздестіру, оны алу мен таратуға құқықтарын қорғайтынын» сөз еткен Эндрю Смит:

– Қазақстан қылмыстық кодексіндегі «әлеуметтік араздықты қоздыру» туралы 164-бап халықаралық құжаттарға сәйкес емес. Сондай-ақ қылмыстық кодекстегі «елдің конституциялық құрылымын күшпен құлату» туралы 170-бапта да сәйкессіздік бар. Баптағы «күштеп құлату» түсінігі анықталмаған, – деді.

Оның айтуынша, Article 19 ұйымы «әлеуметтік араздықты қоздырды және елдің конституциялық құрылымын күштеп құлатпақ болды» деген айыппен сотталған «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың ісін халықаралық құқық тұрғысынан жіті зерттеп жатыр.

ЗАҢ ЖӘНЕ ОНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис «қылмыстық кодекстегі аталған баптардағы
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 14 желтоқсан 2012 жыл.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 14 желтоқсан 2012 жыл.
түсініксіздік, тергеушілер мен прокурорлар және соттардың біліксіздігі бапты өз ыңғайына қарай пайдалануға мүмкіндік беретінін» айтты. Оның сөзінше, әдетте бұл мүмкіндік саясаткерлер мен өзгеше ойлайтындарға қарсы қолданылады.

– Сондай-ақ қылмыстық іске тартылған сарапшылардың да біліксіздігі олардың кәсіби сарапта жасауына кедергі болады, – деді ол.

Оппозиция өкілі Владимир Козловтың ісіне тоқталған Жовтис оның саяси іс екенін айтты.

Заңгер Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, Владимир Козловты соттаған кезде тағылған «әлеуметтік араздықты қоздырды» және «елдің конституциялық құрылымын күштеп өзгертпек болды» деген баптарда бұл қылмыстың анықтамасы жоқ, бірақ жазалау амалы мұқият жазылған.

Жиынға қатысқан сарапшылар Қазақстанның қылмыстық кодексіндегі 164 және 170-баптар халықаралық құқық шартына сай емес екенін айтып, «бұл баптар өздеріне ұнамайтын саясаткерлер мен өзгеше ойлаушыларды қудалау үшін билікке ыңғайлы» деді.
XS
SM
MD
LG