Accessibility links

Әлеуметтік медиа игі істер атқаруға көмектеседі


"Әлеуметтік игі іс" форумы. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.
"Әлеуметтік игі іс" форумы. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.
Астанада белсенді жастар мұқтаж жандарға көмектесудің тиімді жолын тапты. Олар әлеуметтік желілер арқылы адамдардың назарын белгілі бір мәселеге аударып, қаражат жинайды.

Досбол Ахметжанов Астанадағы балалар психика-жүйке аурулары интернат-үйіне жексенбі сайын барып тұрады. Түске дейінгі уақытын церебралды сал дертіне (ДЦП) шалдыққан балалардың арасында өткізеді.

«ДОСТЫҚ БІЛЕЗІГІ»

Ол ұлдарға достық белгісі ретінде сыйға тартатын білезікті мулине жібінен өруді үйретеді.

- Интернатқа алғаш бара бастағанда, онда белсенді әйелдер тобы ғана болды. Араларында жалғыз ер адам мен едім. Екі айдай мені жатырқап, шеттетіп жүрді. Сосын мінезі қиындау ұл балалардың тәрбиесімен шұғылдануға ұсыныс жасады, - дейді Досбол Ахметжанов.
Волонтер Досбол Ахметжанов. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.
Волонтер Досбол Ахметжанов. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Оның айтуынша, ең қиыны алғашқы сабақ болыпты. Балалар Досболдың үйреткенін есте сақтай алмай, шатасып, біраз қиналған. Бірақ қазір «достық білезігін» бір аптада өріп шығатын болған.

- Кейде тіпті балалар бар ынтасымен беріліп, түні бойы тоқиды. Тіпті сериал қарауды да қойды. Қазір тоқылған білезіктерді жинап жатырмыз, сатамыз, - дейді ол.

Интернаттың қыздары «достық білезіктерін» сатып, 150 мың теңге (бір мың долларға жуық) пайда тапқан соң, бұл іске ұлдардың да құлшынысы оянған. Қыздар түскен ақшаға ұялы телефондар сатып алыпты.

БАЛАЛАРҒА АДАМДАРМЕН АРАЛАСУ ҚАЖЕТ

Астана мен Алматыда бір мезгілде өткен «Әлеуметтік игі іс форумында» азаматтық белсенділер осы жоба жайында айтып берді. Бұл жаһандық бастама Найробиден бастап Бухарестке дейін – әлемнің жүзден аса қаласында іске асып жатыр. Қазақстанда бұл форум алғаш рет қыркүйектің аяғында өтті.

Науқас балаларға көмек көрсететін «Жан жылуы» атты қайырымдылық жәрмеңкелерінің Астанадағы ұйымдастырушысы Маржан Әміржанова да осы интернатқа келіп тұрады. Оның айтуынша, волонтерлердің арқасында балалардың өмірге деген құлшынысы оянған.
Бір бала өзін қарттар үйіне жібереді деп қатты қорқыпты. «Одноклассники» желісі арқылы өзінің ағаларын, кейін ата-анасын тауып, олар оны алып кетті.

Белсенділердің айтуынша, жарымкөңіл балаларға ең алдымен адамдармен араласу қажет. Олар адамдардың мейірімі мен қамқорлығына зәру.

Маржан Әміржанова әлеуметтік желілердің арқасында осы интернатта тұратын бір жасөспірімнің ата-анасы, аға-әпке, іні-қарындастарымен қауышқанын айтты.

- ДЦП-мен ауыратын балаларды 18 жасқа толған соң қарттар үйіне жібереді. Жасы 17-дегі, ақыл-есі түзу бір бала өзін қарттар үйіне жібереді деп қатты қорқыпты. «Одноклассники» желісі арқылы алдымен өзінің ағаларын, кейін ата-анасын тауып, олар келіп оны алып кетті. Қазір бала жақсы оқып жүр. Кез келген баланы белгілі бір өнерге баулуға болады, - дейді Маржан Әміржанова.

ИНТЕРНЕТ-ҚҰРАЛДАР

Шымкенттік Гүлшат Мухитдинова да балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге көмектеседі. Бойжеткен «Вконтакте» әлеуметтік желісінде қоғамдастық құрып, балалар үйіне спорт құрал-жабдықтарын сатып алуға арналған қайырымдылық фотосессиясын ұйымдастырған.

- Шымкенттік кәсіби фотосуретшілердің көмегімен саябақта минифотосет ұйымдастырдық. 20 шақты адам жиналды. Әр 20 минуттық фотосессия мен фотосуреттерді шығаруға кететін 10 минут үшін 1 мың 500 теңге алдық, - деді ол.
Волонтер Гульшат Мухитдинова. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.
Волонтер Гульшат Мухитдинова. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Бойжеткеннің айтуынша, мұндай қайырымдылық жобасына қатысқан адамдардың ақшасын текке кетпейді. Өтеуіне өзі де бір зат алады. Сол жолы 50 мың теңгедей (300 долларға жуық) ақша жиналып, ұйымдастырушылар ол қаржыға доп, теннис ракеткаларын, бадминтон сатып алып, балалар үйінде спартакиада өткізген.

Айтуынша, осындай жолмен олар тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектепке қажет оқу құралдарын сатып әперген.

Биыл Гүлшат Мухитдинованың әлеуметтік жобасы волонтерлік онлайн-бастамалардың «Әлеуметтік жобаларға арналған интернет-құралдар» конкурсында жеңіп шығыпты.

«ҚОЛДА - КАМЕРА»

Ақмола облысындағы Арнасай ауылының тұрғындары ұжымдық видео түсіріп, БҰҰ жобаларын бірлесіп іске асырып жатыр.

Ұжымдық видео түсіру идеясын ұсынған «Ақбота» қоғамдық ұйымының жетекшісі Татьяна Нецман мен Вячеславск орта мектебі директорының көмегімен ауыл тұрғындары 40-қа жуық фильм түсірген.
«Ақбота» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяны Немцан. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.
«Ақбота» қоғамдық қорының жетекшісі Татьяны Немцан. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Ол фильмдер – ауылдағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы әлеуметтік роликтер. Татьяна Нецманның айтуынша, бұл роликтерді түсіру жұмыстары ауыл балалары мен ересектерді біріктірген.

- Өзен жағасын тазалау, маңайдағы бұлақтардың көзін ашу және тамшылап суару технологиясын енгізу сияқты БҰҰ қаржыландыратын жобалар бар. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде ауыл тұрғындары 262 жер теліміне тамшылап суару технологиясын енгізіп жатыр. Бір жағынан бұйығы ауылдың тыныш өміріне бұл серпін де берді, - дейді Татьяна Нецман.

«СУ ЖОҚ, ЕСЕСІНЕ ИНТЕРНЕТ БАР»

Блогер және «Жасыл ел» жастар қозғалысы штабының жетекшісі Искандер Салиходжаевтың пікірінше, жастар қоғамдық проблемаларды шешу кезінде әлеуметтік желілерді пайдаланудың жаңа әдістерін меңгеріп, белсенді болуы тиіс.

- Елдің шалғай түкпірінде тұратын адамдардың ауызсуға жарымай отырғанын білемін. Алайда қазір ауылда коммуникацияның интернет, спутникті антенна сияқты түрлері бар. Бірақ ауылдағы жұрт көбінесе ойын-сауық арналарын көреді, - дейді Искандер Салиходжаев.
"Жасыл ел" жастар қозғалысының штеб жетекшісі Искандер Салиходжаев. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.
"Жасыл ел" жастар қозғалысының штеб жетекшісі Искандер Салиходжаев. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.

«Азаматтық жобалар қоры» қоғамдық ұйымы басқармасының төрағасы Андрей Емелиннің айтуынша, көп ұсыныстар «үкіметтік емес ұйым» деген атауды өмірі естімеген қарапайым тұрғындардан түседі екен.

- Қоғамдық ұйымдар қаржысының 80 пайызы - бюджеттікі немесе халықаралық ұйымдардың гранты. 20 пайызы қарапайым азаматтардан, кәсіпкерлерден, қайырымдылық қорларынан түседі. Жоғарыда аталған «Әлеуметтік игі істер форумы» сияқты шаралардың арқасында жағдай оңалып, түбінде біз де батыс елдеріндегі сияқты 80 пайыз қаржы белсенді азаматтар мен кәсіпкерлерден түсетін жағдайға жетеміз, - дейді Андрей Емелин.

Ол «Егер жақсы идеяларды жүзеге асыратын азаматтар көбейсе, грант пен мемлекеттік тендерді күтіп отырмай, жобаны бірден бастап кеткен жөн, әлеуметтік технологиялар жобаны іске асыруға көмектеседі» деп есептейді.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG