Accessibility links

Әлеуметтік желілердің ашылмай қалуы жұртты үркітті


WhatsApp хат-хабар алмасу платформасының Facebook-тегі парағындағы "лайктар". 20 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

WhatsApp хат-хабар алмасу платформасының Facebook-тегі парағындағы "лайктар". 20 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Интернет қолданушылар «әлеуметтік желілерді бұғаттау бойынша жаттығу жүріп жатуы мүмкін» деп болжайды. Ал билік ол оқыс оқиғаға қатысы жоғын айтады.

Интернет қолданушысы Тотия Шалқарбаева – қарашаның 28-інде түнгі сағат 1-2-лерде әлеуметтік желілерге кіре алмаған қазақстандық қолданушылардың бірі.

– Facebook-ке кіре алмаған соң интернет өшіп тұрған болар деген оймен басқа сайттарға кіріп тексердім. Mail.ru поштасы еш кедергісіз ашылып тұрды. «Ислам мемлекеті» ұйымы төңірегінде болған видеоға байланысты өшірілген шығар, тазалап жатқан болар» деп ойладым. Өйткені кеше түнде қараған материалдарымның көпшілігі «Ислам мемлекеті», Сирия, жиһад тақырыбына қатысты болған еді. Түсінбегенім – YouTube-те кейбір видеолар ашылмады, тіпті өшірілген деген жазу да шықпады, – дейді ол.

«БҰЛ – БҰҒАТТАУ БОЙЫНША ЖАТТЫҒУ»

Қарашаның 28-іне қараған түні бірнеше сағат бойы Қазақстан аумағында YouTube, Facebook, «ВКонтакте», Instagram және WhatsApp Messenger сияқты әлеуметтік желілер мен хат-хабар алмасу платформалары істемей қалды.

Интернет қолданушылар мен IT-мамандары бұл жаңалықты әртүрлі қабылдады. Мәселен, блогер Дмитрий Щелоков әлеуметтік желілердің түнде үзіліп қалып, бірнеше сағаттан соң ғана қосылғанын кездейсоқтық деп санамайды.

Блогшы Дмитрий Щелоков оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың фотомакетін ұстап тұр. Алматы, 20 тамыз 2013 жыл.

Блогшы Дмитрий Щелоков оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың фотомакетін ұстап тұр. Алматы, 20 тамыз 2013 жыл.

– Бұл әлеуметтік желілерді бұғаттау бойынша жаттығуға ұқсайды. Мүмкін, азаматтарды биліктің ауысуына дайындап жатқан болар, – деген қауіп айтады блогер.

Аты-жөнін атағысы келмеген програмист те «бұл – биліктің төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желілерді жауып тастау бойынша алдын-ала өткізіп отырған сынағы» деп жориды.

– Жаңаөзен оқиғасы кезінде де кейбір әлеуметтік желілер істемей қалған. Мүмкін, бұл тағы бір девальвация алдындағы дайындық шығар. IP (желіаралық протокол) бойынша тек маңызды әлеуметтік желілерді өшіріп, сол адрестерді жауып көрген. Тіпті WhatsApp-тың өзі істемей қалды, – дейді интернет технологиялар маманы.

«БҰЛ – БҰҒАТТАУ ЕМЕС, ТЕХНИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕ»

Инвестиция және даму министрлігіне қарасты байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитетінің басқарма бастығы Руслан Әбдіхалықов бірнеше әлеуметтік желінің ел аумағында бірден ашылмай қалуын «ешқандай бұғаттау емес, техникалық мәселе» ретінде түсіндірді.

Біз оларды өз бетімізбен бұғаттай алмаймыз. Бұл тек сот шешімі немесе бас прокурордың бұйрығы бойынша жасалады.

– Біз оларды өз бетімізбен бұғаттай алмаймыз. Бұл тек сот шешімі немесе бас прокурордың бұйрығы бойынша жасалады. Мұндай құжаттар бізге келген жоқ. Яғни байланыс операторларына да мұндай ақпарат айтылған жоқ, – дейді байланыс, ақпарат және ақпараттандыру комитеті өкілі.

Бірнеше әлеуметтік желінің үзіліп барып қосылғанына қатысты тексеру шарасы жүріп жатқанын айтқан Руслан Әбдіхалықов «ол оқиға жекелеген ресурстарға байланысты емес» деп болжайды.

– Интернетте қолданылатын маршрутизация протоколынан кеткен қателіктерден болуы мүмкін деп жорамалдаймыз. Бұған қоса, қолданушылардың шағымын қарап көрсек, нақты сервистер немесе сайттар ғана емес, тұтас интернетте проблема болған. Бұл елдің әр аймағындағы әртүрлі қолданушыларда әрқалай көрінген, – дейді ол.

Инвестиция және даму министрлігі өкілінің айтуынша, «мұндай дәрежедегі ірі техникалық ақау Қазақстанда бірінші рет болып отыр».

Азаттық тілшісі елдегі танымал әлеуметтік желілер мен хат-хабар алмасу қызметтерінің кенеттен үзіліп қалу себебін байланыс операторларынан да сұрап көрді. Елдегі бас провайдер «Қазақтелеком» әлеуметтік желілердің үзілісін «сайттардың серверлерінен ақпарат келмей қалуынан болған» деп түсіндірді. «Теле2 Қазақстан» компаниясы да қарашаның 27-сінен 28-іне қараған түні ешқандай техникалық жұмыстар жүргізбегенін айтып, «ірі провайдердегі жұмыстармен байланысты болуы мүмкін» деген жауап қайтарды. Өзге байланыс операторларынан жауап ала алмадық.

Еркін интернет үшін күресушілердің парламент мәжілісі спикеріне жолдаған сәлемдемесі. Алматы, 29 сәуір 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Еркін интернет үшін күресушілердің парламент мәжілісі спикеріне жолдаған сәлемдемесі. Алматы, 29 сәуір 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

2012 жылдан бері интернетті бақылауды қатайтып, «экстремистік» деп танылған ондаған сайттың қызметіне тыйым салған Қазақстан билігінің әлеуметтік желілерге қатысты талап-арыздары соңғы жылдары көбейе бастаған. 2013 жылдың сәуір айында әлемдегі үкіметтер тарапынан контентті жабу туралы сұраныс көбейгенін мәлімдеп есеп жариялаған Google компаниясы 2012 жылы шілде мен желтоқсан аралығында Қазақстанның құқық қорғау органдары тарапынан YouTube пен өзге де ресурстағы 22 материалды жоюға өтініш түскенін мәлімдеген. Қазақстан бұл ресурстарда «зорлық-зомбылық мазмұндағы ақпараттар», «ұлттық қауіпсіздік» пен «жеке деректер» бар деп түсіндірген.

Бірақ Қазақстан бас прокуратурасы «жекелеген сайттарды бұғаттай алатынын, ал жекелеген әлеуметтік сайттарды бұғаттайтын мүмкіндігі жоқ екенін» бірнеше рет мәлімдеген.

Территориясынан оппозициялық сайттар мен LiveJournal блог-тұғыры көптен бері ашылмайтын, сондықтан тұрғындары ондай сайттарды анонимайзер арқылы оқуды әдетке айналдырған Қазақстан Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының биылғы есебінде баспасөз еркіндігі төмен, яғни «еркін емес» ел ретінде 187-орынды иеленген.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG