Accessibility links

Сәпиевтің алтыны ақындарды тағы шабыттандырды


Лондон олимпиадасында боксшы Серік Сәпиев 69 килограмм салмақ дәрежесінде чемпион атанды. 12 тамыз 2012 жыл.
Лондон олимпиадасында боксшы Серік Сәпиев 69 килограмм салмақ дәрежесінде чемпион атанды. 12 тамыз 2012 жыл.
Лондон олимпиадасының соңғы сәтінде боксшы Серік Сәпиевтің чемпион атанып, Қазақстанға жетінші алтын медаль әпергеніне қуанған көптеген оқырман көңілдерін өлеңмен білдірді.

Әлеуметтік желілердегі Серік Сәпиевке арналған алғашқы өлең 12 тамыз күні, Алматы уақытымен сағат 16.20-да – чемпион сайысқа шықпай тұрып-ақ тіркеліпті. Өзін «Алаш мұраты» деп атаған оқырман:

– Шын сайыста көрсететін ер күшін,
Жаныңды сал, Серік батыр, ел үшін.
Казақ халқын қуантатын кез келді,
Отырған ек тілек тілеп сен үшін, – деп жазыпты.

«АЛТЫ АЛТЫНДЫ АЛҒАНМЕН, КӨҢІЛ – ЖАРЫМ»

Астаналық Әсел Назаралы атты жанкүйер Серік Сәпиев жеңіс тұғырына көтерілген сәттегі өз көңіл-күйін былайша өрнектейді:

Серік Сәпиев (оң жақта) ағылшын боксшысы Фредди Эванспен сайысып жүр. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл.
Серік Сәпиев (оң жақта) ағылшын боксшысы Фредди Эванспен сайысып жүр. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл.
– Алты алтынды алғанмен, көңіл – жарым,
Бір қазақ жоқ арада алған бәрін.
Ақтап берді Серік ұл соңғы үмітті
Кие тұтқан қазақтың жеті санын.

ALASH есімді жанкүйер Серік Сәпиев алтын медаль алған сәтте мына өлеңді жазған екен:

– Өткізген еді өз елім деп уақытты,
Арнағандай жеңіс атты жақұтты.
Ақ Серіктей ұлды туған қазағым,
Қандай дархан, қандай заңғар, бақытты!

«АЙ МҮЙІЗДІ ҚАЗАҚТЫҢ АҚ СЕРКЕСІ»

Әлеуметтік желідегі Серік Сәпиевке арналған төртінші өлең Кәртеңбай Төлеу есімді қолданушының атынан 12 тамыз күні сағат 19:44-те тіркеліпті.

«Қазақтың бәйгеден келді тағы тұлпары, Самғаған көкке қыраны, әрі сұңқары» деп бастаған Кәртенбай Төлеу чемпионды ай мүйізді ақ серкеге теңейді:

– «Алтын бар ма?» – іздейтін болдық ертесін,
Алтынды айтып, буына оның елтесің.
Міне, тағы биігінен көрдік тұғырдың,
Ай мүйізді қазақтың ақ серкесін!

Ақын Бақытбек Бәмішұлының мына өлеңін де әлеуметтік желіден кездестірдік:

– Шығарып қазағының арам терін,
Тарқатты бойындағы харам шерін.
Паш қылып жер әлемге бабасының,
«Ер екі сөйлемейді» деген сөзін.

«АЛТЫ АЛТЫННАН САЛМАҚТЫРАҚ»

Әлеуметтік желілердегі Серік Сәпиевке байланысты өлеңдердің түпкі айтар ойы бір-бірімен мазмұндас. Интернет ақындардың қай-қайсысы да қазақ спортшысының алтын алғанына қуанғандарын айтады. Мәселен, Ауыт Мұқибек есімді оқырман
Боксшы Серік Сәпиевтің чемпион атанған сәті. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл.
Боксшы Серік Сәпиевтің чемпион атанған сәті. Лондон, 12 тамыз 2012 жыл.
Азаттық сайтында жарияланған «Сәпиевтің алтыны соңғы күннің көркіне айналды» атты мақаланың пікір алаңында жарияланған «Қазақ алған алтын» атты өлеңінде былай дейді:

– Басқаменен бақ теңессе,
Ұлтым үшін жақсы емес пе.
«Қазақ алтын алды» деген,
Бар мәселе атта емес пе!

Серікті, елім, таңдапсың-ақ,
Көкірегіме шам жақты нақ.
Қазақ алған жалғыз алтын,
Алты алтыннан салмақтырақ.

Қуануда күллі атырап,
Жатыр, әне, жырлатып-ақ.
Қазақ алған жалғыз алтын,
Алты алтыннан қымбатырақ.

Жазмышқа да көнесің кей,
Кез болды үміт сөнетіндей.
Қазақ алған ақырғы алтын,
Бар алтынның төресіндей.

Ал Мұсағали Тасқалиев атты жанкүйер оқырман алтын мен күміс алған боксшылар Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетовты, қола алған балуан Ақжүрек Таңатаровты өлеңге қосыпты:

– Қуан, алаш, қазағым!
Қуан, қазақ даласы!
Ақыры жүлде салды-ау,
Қазақтың үш баласы!

Боксшы Әділбек Ниязымбетов. Лондон, 8 тамыз 2012 жыл.
Боксшы Әділбек Ниязымбетов. Лондон, 8 тамыз 2012 жыл.
Айналайын, Серікжан,
Алтын ұлдың бірісің!
Әділбектің күмісі,
Алтынмен тең біз үшін!

Ақжүректің қоласы,
Асып түсті алтыннан!
Сендердей батыр ұлы бар,
Айналып қана кетейін,
Қазақ деген халқымнан!

Оқырмандардың Лондон олимпиадасы кезінде алтын медаль алған қазақстандық өзге спортшыларға – Александр Винокуров, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильиндерге арнаған өлеңдерін мына мақаладан табасыздар.
XS
SM
MD
LG