Accessibility links

«Құқыққа қайшы» материалға әлеуметтік желілерді де айыптады


Сот шешімімен жабылған YouTube сайтына кіре алмай отырған түркиялық. Стамбул, 6 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Сот шешімімен жабылған YouTube сайтына кіре алмай отырған түркиялық. Стамбул, 6 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан билігі «құқыққа қайшы контент Facebook пен YouTubе арқылы тарайтынын» айтты. Интернет қолданушылар «билік халықтың әлеуметтік желілердегі еркіндігінен сескенеді» деп жориды.

Осы аптада Астанада өткен «Экстремизмге қарсы әрекет бойынша Орталық Азия елдерінің өзара іс-қимылы туралы» форумына қатысқан инвестиция және даму министрлігі өкілі Михаил Комиссаров «интернетте құқыққа қайшы материалдардың көбеюіне әлеуметтік желілер айыпты» екенін айтты.

– Сарапшылардың бағалауынша, қазір Қазақстанда «ВКонтакте» аса танымал, одан кейінгілері – Facebook пен Twitter. Құқыққа қайшы контенттердің таралуын анықтауға келсек, бірінші орында Facebook, ал видеопорталдардан YouTube тұр – өйткені онда әркім не жүктегісі келсе соны жүктейді, – деді инвестиция және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің ақпараттық кеңістікті бақылау басқармасының жетекшісі Михаил Комиссаров.

Оның сөзінше, «қазақстандықтар экстремистердің арбауына түсіп қалмас үшін арнаулы қызмет барынша әрекет жасап, мыңдаған сайттарды тексеріп, аккаунттарды бұғаттап келеді».

«БИЛІК ДӘЛЕЛДЕУІ КЕРЕК»

Facebook әлеуметтік желісі арқылы қоғамдық шаралар ұйымдастырушы белсенді Нұрұл Рахымбек инвестиция және даму министрлігі өкілінің сөзін «қоғам ауанын байқау үшін айтылған сөз» деп біледі.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

– Әлеуметтік желілерді жабу жайы ертеректе Ресейде сөз болған. Сол себепті конференцияда айтылған пікірге таңғалмадым. Өйткені Ресей не істесе, Қазақстан соны қайталайтынын байқап жүрміз. Ең бастысы – билік аталған әлеуметтік желілерде экстремистік ақпараттардың жарияланғанын дәлелдеуі қажет, – дейді Нұрұл Рахымбек.

Ал IT-маман Ербол Серікбаев ел билігінің «құқыққа қайшы» деп бағаланған контент жарияланған сайтты түгел жауып тастайтын әдеті барын айтып алаңдайды.

– Неге екені белгісіз, билік тиісті орындар жабу қажет деп санаған арнайы сілтемелерді емес, сайтты толық жаба салғанды дұрыс көреді. YouTube сайты ашық болғанымен, қазақстандық арнаулы орындар керексіз деп санаған кейбір видеолар бәрібір ашылмайды. Оның үстіне экстремистік сарындағы материалдар әлеуметтік желілердің бірі жабылғанымен екіншісінен жол іздейді, бәрібір балама жол табады, – дейді Ербол Серікбаев.

VIMEO ЖӘНЕ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМ

Қазақстанда жуықта ғана «діни экстремизм мен терроризмді насихаттайды» деген айыппен Vimeo видеохостингі бұғауланған еді. Бұл жайлы шешімді Астана қаласының Есіл аудандық соты 7 қыркүйекте инвестиция және даму министрлігінің байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің арызы бойынша шығарған. Комитет vimeo.com сайтындағы видеоларда «қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, терроризм мен діни экстремизмді насихаттайтын ақпарат бар» деп, соттан оны бұғаулауды және Қазақстан аумағында таралуына тыйым салуды сұраған. Сот «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы содырларының ол сайтта жариялаған кісі өлтіру жайлы видеоларын Қазақстан заңдарына қайшы деп тауып, ел аумағында таратуға тыйым салған.

vimeo.com сайтының сайтынан скриншот. (Көрнекі сурет)

vimeo.com сайтының сайтынан скриншот. (Көрнекі сурет)

Халықаралық ұйымдардың бірінде азаматтық қоғамды дамыту жөнінде маман болып қызмет ететін Айнұр Әбсеметова «Vimeo жабылғаннан кейін ендігі кезек әлеуметтік желілерге жететін болар» деп қауіптенеді.

– «Экстремистік ақпарат» дегені – тек желеу ғана. Шын мәнінде билік адамдардың әлеуметтік желілердегі еркіндігінен сескенеді. Әлеуметтік желілерді жабу эктремизммен күрестің тиімді жолы емес. Сайттарды жауып тастау экстремистерді жауып тастау деген сөз емес, – дейді Айнұр Әбсеметова.

Оның пікірінше, «билік шын күрескісі келсе, экстремистік ағымдармен байланысы болуы мүмкін, өзінің діни бағытын жасырмай әлеуметтік желілерде жариялап жүретін шенеуніктерді анықтап, тасадағы әлеуметтік топтардың іс-қимылын қадағалағаны дұрыс».

Vimeo-ның жабылуына наразы қолданушылардың бірі Айдос Жұқанұлы да ол сайттан «экстремистік сипаттағы материалдар» көрмегенін айтады.

Мен сияқты адамдарға Vimeo тәжірибе жинау үшін өте жақсы еді. Онда экстремистік ештеңе жоқ болатын.

– Ол сайттан әркім өзіне керек ақпаратты табады. Мен Vimeo-дан жас режиссерлер мен қарапайым адамдар салған қысқаметражды фильмдерді ұдайы көріп жүрдім. Өмірдің мәні туралы қысқа әңгімелер секілді мұндай видеолар да өте тартымды. Келешекте өзім де солай фильм түсіргім келеді. Сондықтан мен сияқты адамдарға Vimeo тәжірибе жинау үшін өте жақсы еді. Онда экстремистік ештеңе жоқ болатын, – дейді Айдос Жұқанұлы.

Ал IT-маман Ербол Серікбаев Vimeo сайты Қазақстанда осы күйі біржолата жабылуы мүмкін деген пікірмен келіспейді.

– Қазақстанда биыл көктемде экстремистік аудиофайлдар жариялады дегенмен желеумен SoundCloud онлайн-платформасын толық жауып тастады ғой. Бірақ кейін SoundCloud әкімшілігіне хат жазып, олар экстремистік аудио подкасттарды өшіргеннен кейін қайта кіруге мүмкіндік берген, – деген үмітін айтады интернет маманы.

Қазақстан билігі экстремизм және терроризммен күресте экстремистер таратқан видеоны ғана емес, ол туралы хабардар еткен басқа сайттардың материалын да жаппай бұғаттай бастаған. Азаттықтың былтыр 23 қарашада жариялаған, «Ислам мемлекеті» ұйымының «жиһадшы қазақ балалар» туралы видео таратқаны жөніндегі қазақ және орыс тіліндегі материалдары – Қазақстан аумағында ашылмай қалған сондай контенттің бірі.

Елдегі баспасөз құқығын қорғау ұйымдары биліктің мұндай тыйымының кесірі оқырманға дұрыс бағыт беретін материалдарға да тиіп жатқанын айтып, наразылық білдірген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG