Accessibility links

Интернетте ЕАЭО-ны бодандыққа теңеді


Ресей, Қазақстан және Беларусь басшылары Еуразия экономикалық одағын құру келісімін бекітіп тұр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл

Ресей, Қазақстан және Беларусь басшылары Еуразия экономикалық одағын құру келісімін бекітіп тұр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл

Астанада Ресей, Қазақстан мен Беларусь Еуразия Одағын құрып жатқан тұста қазақстандықтардың реніші мен қарсылығы көшеден емес, әлеуметтік желіден көрінді.

Мамырдың 29-ы күні Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь басшылары Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қойып жатқан шақта қазақстандықтар әлеуметтік желіде пікір таластырып жатты.

«БАР БОЛҒАНЫ 23-ТЕ ЕДІ...»

Еуразия экономикалық одағына кіруді «Қазақстанның тәуелсіздігінен айырылуына» теңеген көптеген Facebook қолданушыларының жазбасынан дәрменсіздік, билікке наразылық сезіледі. Олар «Қазақстанның тәуелсіздігі небәрі 23 жылға созылғанын» жазып, «ел азаттығымен қоштасып» жатты.

«Көктей солған қыршын жас! Ғұмырыңды осыншалықты қысқартып аламыз деп ойладық па?! Құшқанымызды тұншықтырмай, өлтірмей тынбайтын қандай ел едік?! Шоқ гүлден басқа көрсетер құрметіміз де жоқ. Бақұл бол! (Ол бар болғаны 23-те еді..)» деп жазды Тоқтар Жақаш есімді қолданушы. Еуразия экономикалық одағы құрылған күні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңын полиция қоршап тастады. 29 мамыр 2014 жыл

Еуразия экономикалық одағы құрылған күні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңын полиция қоршап тастады. 29 мамыр 2014 жыл



«ЕАЭО-ға қарсымын!» десем, «Сенен сұраған кім бар?» - дейді-ау ә?!» деген Tungysh Abyl есімді қолданушы одаққа қол қою мәселесінде биліктің халықпен ақылдаспай өздігінен шешім қабылдағанын тағы еске салды. Ал Нұрбол Қанағат есімді қолданушы одақ келісіміне қол қойылар сәтте полицияның наразыларды жаппай қамап, қарсы болғандарды тырп еткізбей басқанын жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ЕАЭО келісіміне қарсыларды ұстап жатыр

«Наразы біразын алдын ала қамады, ескертті. Шықсаң соттаймын деп тұр. Тарихта 29 мамыр қалай жазылмақ, а?» деп сұрайды ол.

Одаққа қарсылық танытқан қолданушылардың эмоция аралас пікірлері өлең түрінде де жарияланып жатты. Солардың бірі Serik Abyken «Таңғы тілегін» одақ келісіміне арнай келе: «Е, Аллам, Ұлын құл етуге көнген әкені кешір, Қызын күң етуге көнген шешені кешір, Халқын сатқан кәззапты кешір, Кәззапқа көнген қазақты кешір! Тілінде шоқ жоқ ақынды кешір, Ділінде от жоқ батырды кешір, Мінезі жасық алыпты кешір, Серкесіз ыққан халықты кешір!...» деп жазады.

Facebook желісінде тек эмоция аралас сипатты емес, одақ туралы келісімді талдап, қарсылығын өзінше дәлелдермен жеткізгендер де бар. ПроектДеньги атты қолданушының жазуынша, келісімге қол қойылғаннан кейін Қазақстан ендігәрі экономикалық мәселелерін одақ мүшелеріне қарайламай өздігінен шеше алмайды. «Бүкіл әлеммен жауласып жатқан» Ресей сияқты мүшесі бар одақтың ортақ экономикалық талаптарына енді қаласа да, қаламаса да көнуіне тура келеді. Еуразия Одағына қарсылар Астана түбінде өткізген кеңес. 27 мамыр 2014 жыл

Еуразия Одағына қарсылар Астана түбінде өткізген кеңес. 27 мамыр 2014 жыл



«Егер келісімдегі одақтың әрекеті мен басқарылуы туралы пунктерді оқысақ, онда одаққа мүше елдердің экономикасын реттейтін мемлекеттен жоғары органының болуы бізді экономиканың бір бөлігінде тәуелсіздігімізден айырады» деп жазады қолданушы.

Одаққа қарсылар бұдан бөлек, «Қазақстан Ресей сияқты экономикасы ірі елмен бәсекелесе алмай, тек тұтынушы деңгейінде қалады» деген қауіптерін қайтара айтып жатты. Ержан Фишер есімді қолданушы «Ресей дүкендерінде біздің өнімдеріміздің сатылып жатқанын көрдіңіздер ме? Қазіргідей экономикалық саясат жағдайында мұндай нәрсе бола қоймас» деп Қазақстан экономикасының жаңа одақ аясындағы бәсекеге қабілетсіздігіне нұсқайды.

«ДӘУІРІМІЗДІҢ ДАРА ТҰЛҒАСЫ НАЗАРБАЕВ»

Еуразия экономикалық одағы мәселесінде осы ұйымның бастамашысы болған «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігіне» тамсанып, оны даттаушыларды «түсіне алмайтын» қолданушылар да бар.

Мысалы, Berik Sultan есімді қолданушы «оқиғалардың бәрі Алланың қалауымен болып жатқанын айтып» одаққа қарсыларды «бейбіт заманды шайқағысы келетіндер» деп айыптайды.

«Елбасы 3-сыныпта оқитын бала емес. Тәжірибелі маман. Ойлана алатын дана. Елбасының ісіне қарсылық білдірушілердің өздері елге қандай пайда тигізуде? Бейбіт заманды шайқағысы келетіндері қызық ей. Ондайларға яғни елбасын жатып жамандайтындарға не керек? Ел дамуы ма? Елде бүлік тудырсаң атасының басы дамиды ма? Тыныш жатыңдаршы батырсынбай. Бәрібір қолдарыңнан түк келмейді. Елбасына қарсы 7-8 ары кетсе 15-ақ адамсыңдар. Ал біз көппіз. Елбасымен біргеміз!» деп жазады. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен амандасып тұр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен амандасып тұр. Шанхай, 20 мамыр 2014 жыл



Нұрсерік Жолбарыс есімді қолданушы «дәуіріміздің дара тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия экономикалық одағы туралы идеясының жүзеге асуы оның табанды қайраткер екенін дәлелдейді!» деген пост жариялады.

Еуразия экономикалық одағына қол қойылған күні көптеген қолданушылар Facebook әлеуметтік желісінің дұрыс жүктелмей, ашылмай қалып жатқанын айтып шағымданды.

Осыған дейін қазақстандық белсенділер антиеуразияшыл қоғамдық акциялардың ішіндегі ең елеулісін де мамыр айында осы Facebook желісінде ұйымдастырған еді. Бір топ белсенді жұртшылықты маска тағып суретке түсу арқылы Ресейдің «империялық вирусынан қорғануға» шақырған болатын. Акцияны қолдаған жүздеген адам әлеуметтік желіде маска тағып суретке түсе бастаған, ал мамырдың 29-ы күні Алматы мен Астана көшелерінде де бірді-екілі маскалы адам көзге шалынды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG