Accessibility links

Аштық акциясындағы борышкерлер қатарына шымкенттіктер келіп қосылды, тағы да ниет білдірушілер көп


Шымкент тұрғындары Баян Тасқараева мен Айгүл Жұмабаева Алматыда аштық акциясын өткізіп жатқан ипотекалық борышкерлердің қатарына қосылды. Алматы, 23қаңтар, 2009 жыл.

Шымкент тұрғындары Баян Тасқараева мен Айгүл Жұмабаева Алматыда аштық акциясын өткізіп жатқан ипотекалық борышкерлердің қатарына қосылды. Алматы, 23қаңтар, 2009 жыл.

Қаңтардың 23-і күні Шымкент тұрғындары Баян Тасқараева мен Айгүл Жұмабаева Алматыда аштық акциясын өткізіп жатқан ипотекалық борышкерлердің қатарын толықтырды.

Наразылық шарасын ұйымдастырушы "Халыққа баспана қалдырайық" қоғамдық қозғалысының мүшелерінің айтуынша, жақын күндері акцияға Астана және Қарағанды қалаларының тұрғындары қосылады.

Бес баланы жалғыз өзі асырап отырған Шымкент тұрғыны Баян Тасқараева несиеге алған үйінен айрылып қалмау мақсатында соңғы тиын-тебенін жинап, қора-қопсыны көршілеріне сеніп тапсырып жолға шыққандығын айтады.

- Біз өз баспанамызды қорғап қалу үшін, жоғарыдағылар даусымызды естісін деген ниетпен осында келіп отырмыз. Қарызымызды төлеуден бас тартпаймыз. Бірақ бізге уақыт берсін, несиенің өсімпұлының көлемін азайтсын деген тілегіміз бар, - деді «аштық» деп жазылған ақ орамалды басына таңып алып, көпшіліктің ортасынан орын алған Баян Тасқараева.

Оның айтуынша, шымқалада бұларға еріп Алматыдағы ашығып жатқандарға қосылам деушілер көп болыпты. Алайда наразылық акциясы өтіп жатқан үш бөлмелі пәтерде көпшілікке орын жоқтығы оларды тоқтатыпты.

- Шымкентте «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық қозғалысына шамамен 700 адам мүше болып тіркелді. Борышкер халық күніге келіп тіркеліп жатыр. Олардың барлығы дерлік абыржулы жағдайда. Қарызын төлей алмай өзіне қол жұмсағандар бар. Өткен жылдың аяғында қалада екінші деңгейлі банктердің біріне қарызын төлей алмаған бір әйел асылып өлген. Марқұм өмірімен қоштасар алдында қарызын төлей алмағаны үшін «кетіп» бара жатқанын жазыпты, - деді Баян Тасқараева.

Жолға шығар алдында ғана банк өкілдерінің баспананы босату туралы талабына қан қысымы көтеріліп «құлаған» туған әпкесінің жағдайына қарайламастан, Алматыға келген Айгүл Жұмабаева наразылық акциясы арқылы өз талаптарын орындата алатындығына, қиыншылықты көппен бірге көтеруге болатындығына сенімді.

- Ел ағалары үкіметте отыр ғой... Біз де осы елдің азаматтары емеспіз бе?! Проблеманы шешуге болатын шығар..,- деді Айгүл Жұмабаева.

-Аштық акциясы өтіп жатқан пәтердің үш бөлмесіне қатарласа жайғасқан азаматтарға жақын күндері тағы да ығысуға тура келетін секілді. Өйткені Астанадағы өздері секілді банкке борышкерлер келіп, қосылуға ниет білдірді,-дейді ашығушылардың бірі Эльмира Ысқақова.

- Астанадағы бастамашыл топ өкілдері хабарласып, жолға дайындалып жатқандарын жеткізді. Ол жақтан шамамен төрт адам келмекші. Сонымен қатар, Қарағанды тұрғындары да бізге қосылғысы бар, - деді Айгүл Ысқақова.

Оның айтуынша, республиканың басқа да аймақтарынан акция өкілдеріне қолдау ретінде телефонограммалар келіп түсіп жатыр.

Аштық акциясын қаңтардың 20-ы күні «Халыққа баспана қалдырайық» қозғалысына мүше 12 адам бастады. Айжанкүл Бағыбаева, Бақытжан Кәрімова және Қарлығаш Ысқақова ашығудың салдарынан денсаулықтары нашарлап наразылық акциясын амалсыз үзуге мәжбүр болды. Қазір ашығу шарасын 13 адам жалғастырып жатыр. Олар үкіметтен стрестік активтер қорынан проблемалық несиені сатып алу үшін бөлінген қаржыны игеруге қатысты шараларды тездетіп қолға алуды талап етіп отыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG