Accessibility links

Сәрсенбі күні Алматыдан Астанаға мұңы мен зарын арқалап, Бақай ықшам ауданының тұрғындары барды. Парламент депутттарына қайрылған олар заңдастыру барысында әкімдердің жемқорлығынан жер телімдері пара бергендерге бұйырып кетуде дейді.



БАҚАЙЛЫҚТАРДЫҢ ЕСКЕРТУІ


Алматының Бақай ауданы тұрғындарының оншақты өкілі сәрсенбі күні Астанадағы Парламент үйінің алдына жиналып, үйлері мен жерлерін заңдастыру мәселесі шешілмесе, Бақайда Шаңырақтағыдай әлеуметтік қақтығыс болады деп ескертті. Олар Бақайдағы жер телімдерін заңдастырудың әділдікпен шешілуіне депутаттардың араласуын талап етті.

Ресми өтініш алып келген тұрғындардың айтуынша, Бақайда әкімдердің жемқорлығы кесірінен жерлерді заңдастыру үдерісі барысында жер телімдері бұрыннан тұрып келе жатқандарға емес, өзге біреулерге, әлде «бара бергенге емес, пара бергенге» сатылып жатыр.

Бақайдағы үйлерді бұзып-қиратып жатқан бульдозерлер. Алматы, 7 шілде, 2009 жыл


- Сыбайластық жолымен Бақайға қатысы жоқ адамдардың ұйымдастыруымен жерлер сатылып кеткен Ал шынымен сол арадан жер телімін сатып алып, бала-шағасымен қоныстанып алған тұрғындар еншілерін әлі күнге дейін заңдастыра алмай жүр. Осылай жалғаса берсе, Бақайда үлкен әлуметтік қақтығыс болуы мүмкін. Өйткені шынымен онда тұрып жатқандардың баспанасы қиратылып, жерлері мүлдем басқа азаматтарға берілейін деп отыр. Әлі де даудың, әлі де қантөгістің алдын алуға болады, билік бұл жайтқа тереңірек үңілер болса, - дейді Алматыдан барған Бақай тұрғындарының сенімді өкілі Тазабек Сәмбетпай.

Осыған дейін құзырлы органдарға талай шағымданып, еш нәтижеге жете алмағандарын айтқан тұрғындар Астанаға ашынғандықтан бет алғандарын айтады.

- Алматы қаласының, Түрксіб ауданының әкімдігі, аудандық «Нұр Отан» партиясының филиалы, сол сияқты қаржы полициясы, прокуратура олардың барлығы Түрксіб ауданыныңдағы сыбайласқан жемқорлықтың ашылмауына мүдделі. Олар өзара ымыраласып біздің сөзімізді тыңдағысы келмей отыр. Ресми тұрғыдан олар «Бақайдан ешқандай заңбұзушылықтар тапқан жоқпыз. Жер иелену актілерін алған азаматтар сол жерде тұрады, басқа азаматтардың ол жерге қатысы жоқ» дейді. Бірақ олардың айтып отырған «басқа азаматтары» сол жердің, сол құрылыстың иесі екендігін дәлелдей алатын қолдарында құжаттары бар. Бірақ оны көретін көз, еститін құлақ болмай тұр, - дейді Тазабек Сәмбетпай.

«БАҚАЙ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛГЕН...»

Депутат Уәлихан Қалижан парламент сессиясында. Астана, 3 наурыз, 2010 жыл


Осы мәселелермен айналысқан парламент депутаты Уалихан Қалижан Бақайдың біраз мәселесі өзінің тиісті шешімін тапқандығын айтып отыр. Ал бүгінгідей жаңадан түсіп жатқан хаттар қайтадан сол мемлекеттік органдарға жіберіледі.

- Заңдастырылған баспана мен жер телімі иесінде қалуы керек. Ал адамның өміріне қауіп төндіретін, газ құбырлары жүргізілген жерлерге үй салуға болмайтындығы белгілі. Кезінде әрине алаяқтарға алданып қалғандар болды. Бірақ мен осы іспен бірнеше рет депутаттық сауал жолдап айналысқаннан кейін шешілген болатын. Бүгінгі мәселе бойынша да тиісті құзырлы органдарға қағаздарды жіберемін, - деумен шектелді депутат Уәлихан Қалижан.

КЕШЕ - ЖЕЛТОҚСАНДЫҚТАР, БҮГІН - БАСПАНАСЫЗДАР

Бақайлықтардан бір күн бұрын, Қазақстан парламентінің алдына «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің бір топ мүшесі барған болатын. Олар 23 жылдан бері ақтала алмай жүргендіктерін айтып, тиесілі жеңілдіктер талап еткен еді.

23 жылдан бері ақтала алмай жүрген желтоқсандықтар да, 2006 жылдан бері қарай «жерді заңсыз басып алып, баспана салды» деп айыпталып, үйлері қиратылып, далаға сүйреп шығарылып жатқан Бақай тұрғындары да өздері сайлаған парламент депутаттарынан көмек пен қолдау күтеді.

Депутат Нұртай Сабиляновқа өтініш хаттарын тапсыра алған желтоқсаншылар да, баспана зары зарықтырып, әділдік іздеген Бақай тұрғындары да парламент алдына барсақ, мәселемізге назар аударар жан табылар деп үміттенеді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG