Accessibility links

Кранға шыққан әйелдің ұлының үкімі өзгермеді


Бағжан Аязбекова, сол жақтан бірінші. Астана, 25 маусым 2013 жыл

Бағжан Аязбекова, сол жақтан бірінші. Астана, 25 маусым 2013 жыл

Жоғарғы сот кранға шығып наразылық білдірген әйелдің ұлы Азамат Аязбековті түрмеден босатпады. Астанадағы кранның басында сотталған жігіттің әйелі де жеті күн отырған еді.

Жоғарғы соттың қылмыстық істерді қадағалау алқасы Азамат Аязбековтің үкімін бұрынғыша қалдырды. Ол – Астанада құрылыс кранының басында жеті күн отырған Бағжан Аязбекованың ұлы, Гүлім Бабақованың күйеуі.

«БАЛАМ ҚЫЛМЫС ЖАСАЛҒАН ЖЕРДЕ БОЛҒАН ЖОҚ»

Азамат Аязбековтің ісін қайта қарауды талап еткен бас прокурордың қарсылығы үкімді өзгерте алмады. Жоғарғы сот қылмыстық сипаттағы айыптаулар бойынша түрмеде жазасын өтеп жатқан жігіттің үкімін күшінде қалдырды. Ол жеті жылға сотталған еді.

Азамат Аязбековтің анасы, Көкшетау қаласының тұрғыны Бағжан Аязбекова Қазақстан жоғарғы сотынан мұндай шешім күтпеген еді. Жоғарғы сот залында оған да, оның адвокаттарына да сөз берілмеді. Маусым айының басында өзінің бір аптаға созылған қарсылық акциясын аяқтаған кезде Бағжан Аязбекова «егер жоғарғы сот ұлымның ісіне қатысты әділ төрелік етпесе, мен келесі жолы Мәскеу қаласының немесе басқа елдің кранына шығамын» деп мәлімдеген еді.

ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ: Бағжан Аязбекованың кранда отырғанда берген сұхбаты

Бағжан Аязбекова жоғарғы сот залында тағы сондай сес көрсетті. Ол Астанадағы кран басында отырған сөзі - «ұлымның еш жазығы жоқ, ол бостандыққа шығуы тиіс» дегенді тынбай қайталаумен болды. Әйел «Балам қылмыс жасалған жерде болған жоқ, басқа жігіттерге қарсы жалған куәлік бермегені үшін полиция онымен өштесіп, бұл қылмысты оған артып отыр» дейді.

Бірақ сот пен оның кейбір қарсыластары Бағжан Аязбекованың бұл пікірімен келіспейді. Шешімді жариялаған Қазақстан жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот-қадағалау алқасының төрағасы Ақылдай Қасымов:

- Қылмыстың болғаны, ал оған қатысушылардың тиісті жазасын алғанына көзіміз жетті, - деді.

Қасымовтың айтуынша, «ақша бопсалады» деген айып тағылған Азамат Аязбеков пен басқа тұлғалардың іс-әрекетінен жәбірленушінің бірі - 23 жастағы Анат Ғабдуллин 2009 жылы асылып қайтыс болды.

«АЙЫБЫ ЖҮЗ ПАЙЫЗ ДӘЛЕЛДЕНДІ»

Қаза тапқан жігіттің әкесі Әділбек Ғабдуллин сот залында журналистерге «ұлым толассыз ақша бопсалау мен ұрып-соғуға шыдамады» дейді. Ол бас прокуратура түсірген қарсылықпен келіспейді.

- Аязбековтің бұл іске тікелей қатысқаны да, айыбы да жүз пайыз дәлелденді, - дейді Әділбек Ғабдуллин.

Азамат Аязбековтің ісін қараған жоғарғы сот судьялары. Астана, 25 маусым 2013 жыл.

Азамат Аязбековтің ісін қараған жоғарғы сот судьялары. Астана, 25 маусым 2013 жыл.

Ол журналистерге Ақмола облыстық сотының үкімінің көшірмесін де көрсетті. Бұл үкімге қарағанда, Азамат Аязбеков бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылып, тонаушылықпен айналысқаны үшін 2006 жылы үш жыл түрмеге шартты жазаға кесілген екен. Әділбек Ғабдуллиннің айтуынша, бір танысының курткасын тартып алып сотталған Азамат кейін рақымшылыққа ілініп, қылмыстық жазадан босатылған.

Тағы бір жәбірленушінің өкілі Салушаш Жәкенова «Ұлын түрмеден шығарып алуға тырысып жатқан Бағжан Аязбекованы түсінемін. Бірақ біздің де балаларымыз бар екенін ұмытпауын өтінемін» дейді.

- Олар менің ұлымды да бірнеше жыл қорқытып, үркітіп келген. Ұрып-соғып, ақша бопсалаған, - дейді Салушаш Жәкенова.

Жәбірленушілердің бәрі Азамат Аязбековтің жазасын өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Сот олардың өтінішіне құлақ асты.

«Ақша бопсалады және билік өкілдеріне қарсылық көрсетіп, қызметіне кедергі келтірді» деген айыппен 2011 жылдың қаңтар айында Азамат Аязбековтің мүлкі тәркіленіп, өзі тоғыз жылға сотталған.

2012 жылы желтоқсан айында Ақмола облыстық соты Аязбековтің үкімін қайта қарап, жаза мерзімін тоғыз жылдан жеті жылға дейін қысқартты. Бұған Азамат Аязбековтің анасы мен әйелінің алғашқы наразылық таныту акциясының ықпалы тиді. Өздерімен бірге Азаматтың інісін ертіп алған олар былтыр қараша айында «өзімізді өлтіреміз» деп, Астанадағы қазандықтың мұржасында бір тәулікке жуық отырған еді.

Төтенше жағдай қызметкерлері Бағжан Аязбекова мен келіні Гүлім Бабақованы кран басынан түсіріп алуға келді. Астана, 4 маусым 2013 жыл.

Төтенше жағдай қызметкерлері Бағжан Аязбекова мен келіні Гүлім Бабақованы кран басынан түсіріп алуға келді. Астана, 4 маусым 2013 жыл.

Биыл олар Қазақстан бас прокуратурасының бұл іске қатысты қарсылығына қол жеткізу үшін Астанадағы кранның ұшар басында жеті күн түспей отырды. Бұл наразылық акциясы туралы Азаттық та жазды.

Сол жолы Азаматтың анасы Бағжан Аязбекова мен әйелі Гүлім Бабақова «туысымызды түрмеден шығармасаңдар, өзімізді өртейміз» деген мәлімдеме жасаған еді. Екі әйел маусымның 4-і күні туыстарына қатысты барлық сот актілерінің күшін жою туралы бас прокуратураның қарсылық қағазын алған соң ғана краннан түсті. Алайда жоғарғы сот «Азамат Аязбековтің жазасын өзгертуге себеп жоқ» деген шешім шығарды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG