Accessibility links

Шегірткеден қорыққан дихандар егінді уайымдап жүр


Шегіртке. (Көрнекі сурет)
Шегіртке. (Көрнекі сурет)

Шаруалар «мамандар дер кезінде дәрілемегендіктен егінімізді шегіртке жеп қойды» дейді. Ал жергілікті биліктің уәжінше, «шегірткенің ордасына жақын жерге егін еккен шаруалардың өздері кінәлі».

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданындағы Берген ауылының тұрғыны, жалға алған екі гектар жеріне қарбыз еккен Қанат Нұрымбетов егіске шегіртке түскенін айтып уайымдайды.

– Егінге шегіртке 31 мамырда келген. Әлі күнге өзіміз алысып келеміз. Аудан әкімшілігінен еш пайда болмады, – дейді ол.

Бар өнімім шегірткеге жем бола ма деп алаңдаған шаруа «шығынға батармын» деп уайымдайды.

– Тыңайту үшін беретін дәрінің өзін 14 мың теңгеден сатып алдым. Осы күнге дейін осы екі гектар жерге несие алып, 700 мың теңге қаражат жұмсадым. Қарызды қалай жабамыз, білмейміз, – дейді Қанат Нұрымбетов.

Қазақстандағы шегіртке басқан аймақтардың бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы шегіртке басқан аймақтардың бірі. (Көрнекі сурет)

Ордабасы ауданындағы шаруалардың енді бірі Ерғали Абдуғаппаров та шегірткеден запа шеккенін айтады.

– Сегіз гектар жерге қарбыз еккен едік. 15 күннің ішінде шегіртке қаптап, опырып жеп кетті, дымы қалмады. Үзіліп, піспеген қарбыздар домалап жатыр. Қолымыздан келгенше дәрі шаштық, өлтірдік. Егіннің басында жатырмын. Әлі де болса дәрілесе, бала-шағамыздың несібесіне егін қалады деп отырмыз. Қалмаса, күйген дүние күйеді де – басқа не істейміз! – дейді шарасы таусылған тұрғын.

Ойда егін егіп, қырда қой бағатын шаруаның сөзінше, көктемде зиянкестермен күресетін мамандар келіп, «шегіртке шықса айтыңдар, белгі қойыңдар, дәрілейміз» деп ескертіп кеткен.

– 31 мамыр күні шегіртке шыққанын айтып, «дәрілеңіздер» деп хабарластық. «Қазір дәрі жоқ, екі-үш күнде барамыз» деді де жоқ болды, – дейді Ерғали Абдуғаппаров.

«КЕШ БАСТАЛҒАН ТЕНДЕР» МЕН «ӨЗІ УЛАНҒАН УЛАУШЫ»

Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков аймақта шегірткені улау шарасы шаруалар айтқан сәттен бұрын, бірақ тиісті мерзімінен кеш басталғанын айтады.

– Аумақтық инспекция 5-6 сәуір күні залалсыздандыру жұмысын бастау керек болғанымен, ауыл шаруашылығы министрлігінде тендер 14 сәуірде өткен. Сөйтіп, мамандар жұмысқа 17 сәуір күні кірісіп, 16 мамыр күні бітірген, – дейді ол.

Серік Тұрбековтің сөзінше, облыс аумағында шегірткенің 120-дан аса түрі бар, оның ішіндегі ең зиянкесі – марокко шегірткесі.

– Марокко шегірткесінің әр жеті күн сайын жас қосатынын ескерсек, 47 күнде алты жастан асып, ұрықтауға жеткен. Егер шегіртке тұқымдап үлгерген болса, бір шегірткеден 100-150 шегіртке шығуы мүмкін, – дейді ол.

Серік Тұрбеков аймақтағы марокко шегірткесі басқан 27,6 мың гектар жердің 10 мың гектары залалсыздандырылғанын айтады. Ол 25 мамыр мен 6 маусым аралығында да залалсыздандыру жұмыстары жүргізілсе де, шегірткенің қаптап кеткеніне «ауа-райының жауынды болуы, дәрінің тиімділігі төмендеуі, шегіркенің қалың шыққан шөп астында қалып қойғаны себеп» деп біледі.

– Шегірткеден облыс, аудан экономикасына емес, шаруалардың 500 гектардан астам егініне зиян келген. Егінін шегіртке жеп қойған шаруаларға өтемақы төлене ме, төленбей ме – ол әлі белгісіз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков.

ВИДЕО: Серік Тұрбековтің шегірткемен күрес жайлы мәліметі

Шегірткемен күрес есебі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Темірхан Уәлиханұлы шаруалардың шегірткеден зиян көрмегенін айтады.

– «Егінімізді жеп қойды» деген шаруалар аса бір экономикалық зиян шеккен жоқ. Аса қауіпті зиянкестердің ордасына егін егеді. Қолдарында мемлекеттік актісі жоқ, – дейді ол.

Темірхан Уәлиханұлының айтуынша, шегірткенің кесірі оларды дәрілеп жүрген мамандарға тиген.

– Шегірткені залалсыздандырамыз деп жүрген 12 маманның көбі денсаулығынан айырылды. Улы химикаттармен жұмыс істеген соң ауруханада жатыр, созылмалы ауруларға шалдыққандары да бар, – дейді ол.

Оңтүстік Қазақстандағы шаруаларды әбігерге салған шегірткенің алды облыс орталығы Шымкентке де жете бастады. Мамырдың 15-і күні қаладағы Нұрсәт шағын ауданына барған Азаттық тілшісі жол бойында әр метр жерде екеу-үшеуден өліп жатқан шегірткені көрді. Бірақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков «егіндікте жүрген шегірткеге қарағанда бұл шегірткенің еш зияны жоқ» екенін айтып жұбатады.

ВИДЕО: Шымкентке жеткен шегіртке

Шымкентті шегіртке басты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:01 0:00

Оңтүстік Қазақстан облысында шегіртке сәуірдің соңынан бастап қаптай бастаған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, биыл ел бойынша 5 миллион 200 мың гектар алқаптағы айрықша қауіпті зиянкес организмдермен күресуүшін 4 миллиард 600 миллион теңге бөлінген.

XS
SM
MD
LG