Accessibility links

«Қазғарыш» атауы қалғанымен, жаңа ғарышкер жоқ


"Союз" ТМА-16М ғарыш кемесін ұшыру алаңына апара жатыр. Байқоңыр, 25 наурыз 2015 жыл.

"Союз" ТМА-16М ғарыш кемесін ұшыру алаңына апара жатыр. Байқоңыр, 25 наурыз 2015 жыл.

Ғарышкерлер күні қарсаңында аэроғарыш комитеті төрағасы Талғат Мұсабаев өзі басқаратын мекемеге айтылған сындарды жоққа шығарды. Ал қазақстандықтардың ғарышқа ұшу болашағы бұлыңғыр.

Былтыр жаздың аяғында Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі инвестиция және даму министрлігіне қарасты аэроғарыш комитеті болып қайта құрылған. Таратылған агенттіктен комитетке «Қазғарыш» атауымен бірге қазақ ғарышкерлерінің ұшуы тоқтап қалу сияқты бұрынғы проблемалар да «мұраға қалған».

ПАРЛАМЕНТТЕГІ САУАЛДАР

Қазғарыш комитеті атына ара-тұра «Қазақстан азаматтары ғарышқа ұшпайды», «Байқоңыр ғарыш айлағы туристік Меккеге айналмады» деген сарындағы сындар айтылып жатады. Комитет басшылығына Қазақстан территориясына құлаған Ресей зымыран тасығыштары үшін де, бұл төтенше жағдайларға қатысты ұстанатын позициясы үшін де жауап беруге тура келген. Жуырда парламентте Қазғарыш комитеті басшысы, авиация генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаевтың Қазғарыш жұмсаған бюджет ақшасы туралы сынға жауап беруіне тура келді.

12 сәуір – Ғарышкерлер күні қарсаңында өткен парламенттік тыңдауда мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов «Шетелдік аналогтармен салыстырғанда, біздің аппараттар қанша тұрады?» деген сұрақ қойды. Депутат қолында 10 жылда Қазғарыш агенттігі қажетіне бір жарым миллиард доллар жұмсалғанын, оның бір бөлігі сол күйі іске аспаған жобаларға кеткенін көрсететін деректер барын айтты.

Бұл сұраққа Талғат Мұсабаев «баға-сапа» коэффиценті тұрғысынан алғанда, Қазақстанда шығатын ғарыш аппараттары Біріккен Араб Әмірліктері сатып алып жатқан аппараттардан анағұрлым озық деп жауап берді.

«Қазғарыш» комитеті басшысы Талғат Мұсабаев. Мәскеу, 11 сәуір 2011 жыл.

«Қазғарыш» комитеті басшысы Талғат Мұсабаев. Мәскеу, 11 сәуір 2011 жыл.

«Араб Әмірліктері сатып алмақ болған Жерді қашықтан барлау спутнигі бір миллиард доллар тұрады. Ал біздің жүйемізге екі спутник пен бүкіл инфрақұрылым кіреді. Оның қандай жүйе екенін өз көздеріңізбен көруге шақырамын. Бұл – құны 260 миллион еуро тұратын тұтас қала» деп мәлімдеді Талғат Мұсабаев.

Оның айтуынша, ТМД елдері ішінде Жерді қашықтан барлаудың қазақстандық жүйесі сияқты аналог жоқ.

«Ресейде мұндай спутниктер мен жүйелер мүлде жоқ, Франциядан енді ғана сатып алмақ. Бірақ, Ресейге салынған санкцияларға байланысты ол елде бұл мәселенің қашан шешілетіні белгісіз. Сондықтан өзге елдерді айтпағанда, Ресейдің өзі бізден сатып алуға әзір, біздің спутниктерімізден түсірілген суреттерді сатып алу туралы ұсыныстар бар. Біздің жүйе жоғары бағаланады» деді Талғат Мұсабаев.

Бірақ, қазақстандық спутниктерден түсірілген суреттерді сатуға қатысты өзге де қиындықтар бар. Мысалы, баспасөздің хабарлауынша, түсіретін спутниктерді сатып алған Франциямен ортадағы кейбір мәселелер әлі реттелмеген.

Мұсабаевтың айтуынша, қазақстандық мамандар техниканы ғана сатып алмай, Жерді қашықтан барлау жүйесін жобалау, құрастыру және толық сынақтан өткізу технологиясын да меңгерген.

Оның айтуынша, аэроғарыш комитеті қазақстандық министрліктерден Жерді қашықтан барлау суреттеріне сұраныс көлемі жылына шамамен 10 миллиард теңгені құрайтын талай тапсырыс алған. Ал, жүйенің кідіріссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бұдан анағұрлым аз ақша – 450 миллион теңге керек дейді Талғат Мұсабаев.

Қазғарыш комитеті басшысының өзі басқаратын ведомство жағдайы мен келешек жоспарлары, өскелең ұрпақты ғарышқа деген сүйіспеншілікке баулу туралы оптимистік баяндамасынан кейін қоғам өкілдері «Қазғарыш мектеп бағдарламасынан астрономия пәнін алып тастауға қатысты күмілжіген позиция ұстанды» деп айыптады.

ЖАҢА ҒАРЫШКЕРЛЕР ҚАШАН ҰШАДЫ?

Қазірге дейін ғарышқа екі қазақ азаматы – Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев ұшқан.

Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров. Алматы, 24 қазан 2009 жыл.

Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров. Алматы, 24 қазан 2009 жыл.

1991 жылдың қазанында ғарышқа көтерілген Тоқтар Әубәкіров – қазақтан шыққан тұңғыш және СССР-дің соңғы ғарышкері. Ол Қазақстанның ғарыш индустриясына байланысты мәселелермен айналысқан комитеттің алғашқы басшысы болған. Кезінде Тоқтар Әубәкіров жалпыұлттық социал-демократиялық партия мүшесі болған, бірақ 2012 жылы партиядан шығып, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақтастарының қатарына оралған.

Талғат Мұсабаев ғарышқа үш мәрте – 1994, 1998 және 2001 жылдары ұшқан. Бірақ ол кезде Ресей азаматы болған. 2007 жылы Қазақстан азаматтығын алып, президенттік «Нұр Отан» партиясына кірген және қазақстандық космонавтика саласындағы басшы қызметтерге тағайындалған.

Кезінде ғарышқа қазақстандық жаңа ғарышкерлер – Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов ұшады деп болжанған. Екеуі 2003 жылдан бастап Ресейде дайындалған. Бірақ, 2009 жылдың басында Қазақстан екеуінің дайындығын қаржыландырудан бас тартқан соң, сол күзге жоспарланған ғарыш сапары іске аспай қалған.

Қазақстан ғарышкері әрі әскери ұшқыш Айдын Айымбетов.

Қазақстан ғарышкері әрі әскери ұшқыш Айдын Айымбетов.

Қазір 42 жастағы Айдын Айымбетов пен 48 жастағы Мұхтар Аймахановтың жолы кейін екі айырылған. Айымбетов елге оралды. Оған Қазақстан ғарышкері мәртебесі мен авиация полковнигі шені берілген. Ғарыш техникасы және технология институы директорының орынбасары болып жұмыс істейді. Азаттық тілшісімен әңгімесінде Айдын Айымбетов Ресей арқылы немесе Қытай арқылы болсын ғарышқа ұшудан үмітін үзбейтінін айтады. Оның сөзінше, қазір Қытаймен тиісті келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ ол әлгі келіссөздерге қатысты жайттардың анық-қанығын айтудан бас тартты.

Айдын Айымбетов Астанадағы жас ғарышкерлер мектебінде де сабақ береді. Ол 2013 жылдан бері «Ғарыш және балалар» шығармашылық конкурсын ұйымдастырып жүр. Айымбетовтың айтуынша, мектеп бағдарламасынан «Астрономия» пәнін алып тастаған тұста бұл өте өзекті.

Ал Мұхтар Аймахановтың тағдыры басқаша қалыптасты. Ол 2012 жылы Ресей азаматтығын алған. Азаттық тілшісіне онымен хабарласудың сәті түспеді. Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындау орталығы мамандары Роскосмос агенттігінің ұшқыш-сынақшысы Мұхтар Аймаханов былтыр тамыздан бері мамандану және жетілдіру тобы құрамында дайындықтан өтіп жатқанын хабарлады.

Азаттық тілшісінің «2015 жылы Аймаханов ғарышқа ұшуы мүмкін бе?» деген сұрағына Роскосмос «ол әлі тым жас қой» деп жауап берді.

Ғарышкерлерді дайындау орталығы қызметкерінің айтуынша, Аймахановтың ғарышқа ұшу мүмкіндігі бар әрі қазір оны соған дайындап жатыр. Бірақ, топ құрамына былтыр жазда ғана енгендіктен, ғарышқа ұшуға әлі ерте.

Бұрынғы қазақстандық ұшқыш, қазір ресейлік ғарышкерлер тобының мүшесі Мұхтар Аймаханов.

Бұрынғы қазақстандық ұшқыш, қазір ресейлік ғарышкерлер тобының мүшесі Мұхтар Аймаханов.

Мұхтар Аймахановтың Қазақстан азаматтығын Ресей азаматтығына ауыстыруы кезінде қоғамда пікірталасқа арқау болған. Талғат Мұсабаев «Қазақстан оны дайындауға қыруар қаржы жұмсағанымен, жеке басының мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қойды» деп Аймахановтың бұл қылығын сөккен.

Ал қазіргі генерал-майор Тоқтар Әубәкіровтің Азаттық тілшісіне айтуынша, бұл ақшаны босқа кетті деуге болмайды. Өйткені, оның пікірінше, Аймаханов ғарышқа ұшып жатса, жұрт бәрібір «Қазақстан азаматы, тағы бір қазақ жігіті ғарышқа ұшты» деп есептейді. Оның еңбегінің жемісін қазақстандықтармен бірге «Жер тұрғындарының бәрі» көреді.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, екі ғарышкерді дайындауға Қазақстан 17 миллион теңге (92 мың долларға жуық) ақша жұмсаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG