Accessibility links

Мектеп бітіру кешіне 100 мың теңгеден жинайтындар бар


№139 мектеп-гимназия оқу меңгерушісі Жанар Жүсіповамен бірге тұрған түлектер. Алматы, 25 мамыр 2015 жыл.

№139 мектеп-гимназия оқу меңгерушісі Жанар Жүсіповамен бірге тұрған түлектер. Алматы, 25 мамыр 2015 жыл.

Мектеп түлектері мен ата-аналар әдетте кафе, мейрамханаларда өтетін мектеп бітіру кешіне дайындалып жатыр. Алматылық түлектер ата-аналары билік тыйымына қарамастан, ақша жинап, көл-көсір кеш өткізуге әзірленіп жатыр.

Білім және ғылым министрлігі мектеп бітіру кешін өткізуге және мұғалімдерге сыйлыққа ақша жинауға тыйым салды. Бірақ Алматы мектептерінде бұл тыйымға онша құлақ аспайтын сияқты.

Азаттық тілшісі анықтағандай, Алматыда әр түлектің отбасынан жиналатын «тариф» мөлшері 30 мыңнан бастап, 100 мың теңгеге дейін жетеді.

ҚҰДДЫ ЖАРЫСҚАНДАЙ

Динара Ибрагимова биыл Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №9 орта мектептің 9-сыныбын бітірді. Бойжеткеннің айтуынша, әр мектептің «тарифі» әртүрлі, мысалы, қала шетіндегі мектептерге қарағанда, Алматыда екі есе көп.

Азаттық тілшісімен сұхбаттасқан ата-аналар Талғар, Есік және Қаскелең қалаларында мектеп түлектері 25-30 мың теңгеден (шамамен 140-160 доллар) жинайтынын айтты. Алматы мектептерінде әр отбасыдан жиналатын «тариф» кейде 100 мың теңгеге (540 долларға жуық) жетеді.

Мектеп бітіріп жатқан Динара Ибрагимова мен анасы Гүлнәр Ибрагимова. Алматы, 24 мамыр 2015 жыл.

Мектеп бітіріп жатқан Динара Ибрагимова мен анасы Гүлнәр Ибрагимова. Алматы, 24 мамыр 2015 жыл.

— Біздің мектепте мектеп бітіру кешін өткізуге тыйым салған, бірақ түлектер ҰБТ (ұлттық бірыңғай тестілеу) тапсырғаннан кейін мейрамханаға барады. Бұл - жылдан жылға жалғасып келе жатқан дәстүр, ата-аналар оған сонау қыркүйектен бастап дайындалады, - дейді Динара Ибрагимова Азаттық тілшісіне.

Динара Ибрагимова оқитын сынып «отырысты» арзандау мейрамханада өткізбек. Мұғалімдерге сыйлық пен мейрамхана дастарханына әр түлек 35 мың теңгеден (190 долларға жуық) жинаған. «Ал 11-сынып түлектері бұдан екі есе көп ақша жинады» дейді Динара.

Динараның анасы Гүлнәр Ибрагимова Азаттық тілшісіне «Бұған мұғалімдер мен ата-аналардың өздері кінәлі. Бұл ырду-дырду жыл өткен сайын аудан, мектеп, сыныптардың арасындағы бәсекеге ұласып, ажырамас атрибутқа, даңғаза міндетке айналып барады» дейді.

- Киім де, мейрамхана да қымбат мына заманда тіпті қорқынышты болып барады. Қызы физика-математика мектебін бітірген құрбым мектеп бітіру кешіне 100 мың теңге жұмсады, - дейді Гүлнәр Ибрагимова.

Бұл ырду-дырду жыл өткен сайын аудан, мектеп, сыныптардың арасындағы бәсекеге ұласып, ажырамас атрибутқа, даңғаза міндетке айналып барады.

Гүлнәр Ибрагимованың Азаттық тілшісіне айтуынша, құрбысы жұмсаған бұл сомаға кешкі сән көйлегі мен туфли сатып алу, салонда макияж жасатып, шаш сәндету және мұғалімдерге берілетін сыйлық кіреді. Мұғалімдерге қандай сыйлық тартуды ата-аналар бірлесіп шешеді. Кей сыныптар ақшалай берсе, біреулер алтын әшекей тарту етеді, ал әр сынып естелік ретінде мектепке тұрмыстық техника сатып әпереді. Кейбір түлектер мектеп директорына, оның орынбасарларына және сүйікті мұғалімдеріне жеке сый-сияпат жасайды.

СТЕРЕОТИПТЕН АРЫЛУҒА ТЫРЫСУ

Алматы тұрғыны Зәуреш Жүкенова жыл сайын жанжалға ұласатын ақша жинау, қажетсіз көл-көсір кеш өткізуге қарсы екенін айтады. Оның қызы Айгерім Жеңісқызы биыл алматылық мектептердің бірін бітіреді («қызымның ҰБТ нәтижесіне әсер етуі мүмкін» деген қауіппен ол мектептің нөмірін атағысы келмеді). Зәуреш Жүкенова Азаттық тілшісіне:

Мектеп бітіруші түлектің анасы Зәуреш Жүкенова. Алматы, 25 мамыр 2015 жыл.

Мектеп бітіруші түлектің анасы Зәуреш Жүкенова. Алматы, 25 мамыр 2015 жыл.

- Барлық сынып ақша жинап жатқанда, жұрттан бөлініп қала алмайсың. Біздің сынып 55 мың теңгеден жинадық. Мектеп бітіру кешін мейрамханада өткіземіз, қыздардың бәрі дресс-код бойынша қызыл көлек киюі тиіс. Көйлекті 15 мың теңгеге тіктірдік, туфлиді 10 мың теңгеге сатып алдық. Ал 55 мың теңге - мұғалімдерге сыйлық сатып алу мен мейрамхана жалдауға деп жиған ақшамыз. Ал ақша жинауға мүлде тыйым салса, қуана қолдар едім. Бірақ іштей қарсы болғаныңмен, ештеңе істей алмайсың. Баласын қатарынан қалдырғысы келмеген ата-ана мектептің ығына амалсыз көнеді. Ал директор, оның орынбасарлары, мұғалімдер тыйым салудың орнына, бұл әрекетке өздері итермелейді, «дұрыс сый-сияпат» жасамасаң ренжиді, - дейді.

Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназия оқу меңгерушісі Жанар Жүсіпованың Азаттық тілшісіне айтуынша, бұл мектепте ешкім ақша жинамайды, мектеп бітіру кешін өткізу, өткізбеуді ата-аналардың өздері шешеді. Оқу меңгерушісі Азаттық тілшісіне:

- Биыл №139 мектеп-гимназияны 59 түлек бітіреді, оның екеуі үздік аттестат алады. 20 маусымда мектепте бітіруші түлектерге арналған бал өткізіп, аттестаттарын тапсырамыз, шағын концерт болады. Мейрамханада кеш өткізуге тыйым салынған. Біз бұған жауап бермейміз, ата-аналардың өздері шешеді, - дейді.

Биыл Алматы қаласындағы 202 мектепті жеті мыңға жуық түлек бітіреді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG