Accessibility links

Қазақстан Азиадада жаңа белеске шықты


Азия ойындарында чемпион атанған қазақ боксшысы Ілияс Сүлейменов (оң жақта) бапкерлерімен бірге рингке келе жатыр. Инчхон, 1 қазан 2014 жыл. Суретті түсірген - Данияр Майлыбаев.

Азия ойындарында чемпион атанған қазақ боксшысы Ілияс Сүлейменов (оң жақта) бапкерлерімен бірге рингке келе жатыр. Инчхон, 1 қазан 2014 жыл. Суретті түсірген - Данияр Майлыбаев.

Азия ойындарында 28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль иеленген Қазақстан жүлде көлемі бойынша осыған дейінгі Азиада ойындарындағы өз рекордын жаңартты.

Бұған дейін Қазақстан спортшылары 1994 жылы Хиросимада 27 алтын, 25 күміс пен 27 қола (барлығы – 74 медаль) жүлде еншілеген еді.

ТРИУМФТАР

Инчхонда Данияр Елеусінов (69 кг) Азия ойындарында қатарынан екі мәрте чемпион болған алғашқы қазақстандық боксшы атанды.

– Қазір әлемде «69 килограмм – Қазақстанның салмағы» деген пікір қалыптасқан. Қазақстан осы салмақ дәрежесінде қатарынан үш Азиадада алтынды жеңіп алды. 2006 жылы Дохада Бақыт Сәрсекбаев, 2010 жылы – Серік Сәпиев, биыл Данияр Елеусінов чемпион болды. Үш олимпиадада (2004, 2008, 2012 – ред) осы салмақта Қазақстан боксшылары жеңімпаз атанды, - дейді алматылық бокс бапкері Сапар Алмұхамедов.

Грек-рим күресінен Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Нұрмахан Тінәлиев. Инчхон, 3 қазан 2014 жыл.

Грек-рим күресінен Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Нұрмахан Тінәлиев. Инчхон, 3 қазан 2014 жыл.

Жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру) Доха, Гуанжоу, Инчхондағы Азия ойындарының үшеуінде де алтын алып отыр. Грек-рим күресінен Нұрмахан Тінәлиев те (120 кг) екі бірдей Азия ойындарының чемпионы атанды.

44 жастағы нысана көздеуші Ольга Довгун алғаш рет Азия ойындарына 1998 жылы қатысқан. Содан бері ол қатарынан бес Азиадаға барып, барлығында медаль алған. Довгун өзі қатысқан бес Азиадада екі алтын, екі күміс, төрт қола (бір алтын, бір қоланы Инчхонда алды) иеленген.

Қазақстан бокс құрамасы да өз тарихында алғаш рет Азия ойындарында алты алтын алды.

Азиада жеңімпазы мен жүлдегері атанған қазақстандықтар

ЖҮЛДЕГЕРЛЕР

Өзге чемпионаттарда топ жарса да, Азия ойындарында алтынға қол жеткізе алмай жүрген қазақстандық спортшылар да бар. Мәселен, бокстан әлем чемпионатын ұтқан Біржан Жақыпов қатарынан екі Азия ойындарында күмісті қанағат тұтты. Ол екі жолы да жарыс өткен елдің боксшыларынан ұтылды.

Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло серпе көтеруде әлем рекордын жаңартқанымен, алтынға қолы жетпеді.

Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло серпе көтеруде әлем рекордын жаңартқанымен, алтынға қолы жетпеді.

Ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы, Лондон олимпиадасының жеңімпазы Зүлфия Чиншанло 2010 жылы Гуанжоуда және биыл Инчхонда күміс алып қалды. 2001-2013 жылдары регбиден Азия чемпионатында тек алтын алған, 2010 жылы Гуанжоудағы Азия ойындарын ұтқан Қазақстан әйелдер құрамасы биыл Инчхонда Қытайдан ұтылып, қола медаль еншіледі.

– Регбиден әйелдер құрамасы Азияда толық көшбасшы болған. Мемлекет оларға алтын алуды міндеттеген. Бірақ орындай алмады. Одан кейін қзақстандық жанкүйерлер су добынан әйелдер құрамасынан да алтын күтті. Олар қоламен шектелді. Каноэ мен байдарка қайықпен жарыста жақсы нәтиже көрсеткенімізбен академиялық ескек есуде алтын бұйырмады. Таэквондодан бір алтын алуды жүктеген. Ол да орындалмады. Теннистен әйелдер құрамасынан да алтын күттік, олар қоламен шектелді. Ал еркін күрестен Қазақстан 1994 жылғы Азия ойындарынан бері алтынға қол жеткізе алмай келе жатыр, - дейді спорт журналисі Рауан Оқас.

МУЛЬТИМЕДАЛИСТЕР

Азия ойындарында Қазақстанның біраз спортшысы бірнеше медаль жеңіп алып, «Азиаданың мультимедалистерінің» қатарына енді. Жүзуден Дмитрий Баландин 50, 100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу жарыстарында үш алтын ұтты.

Каноэ және байдарка есуден қазақстандық спортшы Наталья Сергеева.

Каноэ және байдарка есуден қазақстандық спортшы Наталья Сергеева.

Жеңіл атлет Ольга Сафронова Азия ойындарының алтын (200 метрге жүгіру), күміс (эстафета), қола (100 метрге жүгіру) медальдарын иеленді. Каноэ қайықпен жарыста Наталья Сергеева, Евгений Алексеев, Алексей Дергунов бір алтын, бір күмістен жеңіп алды.

Дзю-додан Елдос Сметов жекелей сында Азия чемпионы атанса, командалық жарыста күміс иеленді. Максим Раков (дзю-до) пен Екатерина Руденко (жүзу) екі күміс, апалы-сіңілі Екатерина және Александра Немичтер (синхронды жүзу) және Бақтияр Ибраев (нысана көздеу) екі қола иеленді.

АЗИЯ РЕКОРДТАРЫ

Инчхонда Қазақстан спортшылары әлем, Азия рекордтары мен Азия ойындарының рекордтарын жаңартты. Мәселен ауыр атлетикадан 58 килограмда Зүлфия Чиншанло серпе көтеруде 132 килограмды алып, әлем рекордын жаңартты. Бұл көрсеткіш әлем рекордымен қатар Азия және Азия ойындарының рекорды болып есептеледі.

Ал жүзуден Дмитрий Баландин өзі алтын алған үш қашықтықта да (50, 100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу) Азия ойындарының рекордына өзгеріс енгізді. Стенд атуда Қазақстан әйелдер құрамасы командалық жарыста 203 ұпай жинап, Қытай құрамасына тиесілі (201 ұпай) рекордты жаңартты.

Инчхонда барлығы әлем рекорды 14 рет және Азия рекорды 28 дүркін жаңартылды.

ДОПИНГ ДАУЫ

Азия ойындарында алты спортшы допинг дауына қалды. Қытайлық жеңіл атлет Чжан Вэньсю (балға лақтыру) Азиаданың чемпионы атанғанымен, кейін қанынан допинг табылғандықтан, алтыны күміс алған отандасы Ванг Ченгке берілді. У-шудан малайзиялық Таи Чеи Хуеннің де қанынан допинг табылып, ол ұтып алған алтынын қайтарып беруге мәжбүр болды.

Сондай-ақ Азия ойындары кезінде Куршед Бекназаров (Тәжікстан, футбол), Ноурадин әл-Курди (Сирия, каратэ), Ю Сопхану (Камбоджа, софт теннис), Мохаммед Жассим (Ирак, ауыр атлетика) есімді спортшылар допингпен ұсталды.

МЕДАЛЬ ДАУЫ ЖӘНЕ ТАРИХИ ЖЕТІСТІКТЕР

Әйелдер боксынан үндістандық Сарита Деви жартылай финалда жарысты ұйымдастырушы ел Оңтүстік Корея спортшысы Жи На Пактан ұтылып қалды. Бірақ ол төрешілердің шешіміне қарсылық білдіріп, мараппаттау кезінде медальды мойнына ілуден бас тартты. Кейін ол қолындағы медалін Жи На Паркке берді. Кейін бұл қарсылыққа АИБА (халықаралық бокс федерациясы) араласып, Сарита Девидің жүлдесі Үндістан бокс федерациясына тапсырылды.

1000 метрге төрт адамдық байдарка қайықпен жарысуда Қазақстан құрамасы алтын медаль алды. Инчхон, 29 қыркүйек 2014 жыл. Суретті түсірген - Никита Басов.

1000 метрге төрт адамдық байдарка қайықпен жарысуда Қазақстан құрамасы алтын медаль алды. Инчхон, 29 қыркүйек 2014 жыл. Суретті түсірген - Никита Басов.

2010 жылғы Азия ойындарында жүлдесіз қалған екі ел – Түркменстан (бір күміс) мен Тәжікстан (бір алтын, бір күміс, үш қола) Инчхонда жақсы нәтиже көрсетті. Ал Гуанжоуда бір алтын, екі күміс және екі қола алған Қырғызстан Инчхонда тек екі күміс пен төрт қола медальді қанағат тұтты.

Гуанжоуда 11 алтынмен үздік ондыққа енген Өзбекстан Инчхонда 9 алтынмен ондыққа кіре алмады.

1994 жылдан бері Қазақстан Азия ойындарында барлығы 140 алтын, 141 күміс және 200 қола (барлығы – 481 медаль) иеленген.

Ал Бутан, Мальдив аралдары және Шығыс Тимор Азия ойындарының тарихында әзірге бірде-бір медаль ала алмай келеді.

Келесі XVIII жазғы Азия ойындары 2018 жылы Индонезия астанасы Джакартада өтеді. Ал биыл 14-23 қарашада Пхукетте (Таиланд) төртінші жағажайдағы спорт түрлерінен Азия ойындары өтпекші.

Азиада жүлдесін ұтып алған қазақстандық спортшылар:

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG