Accessibility links

Алмас Досжанов Ванкуверге үш күн кешігіп жетсе де, әлем чемпионы атанып қайтты


Бокстан әлем чемпионы атанған полиция лейтенанты Алмас Досжанов. Алматы, тамыз, 2009 жыл.
Бокстан әлем чемпионы атанған полиция лейтенанты Алмас Досжанов. Алматы, тамыз, 2009 жыл.

Алматы қаласы ІІБ- сының дене шынықтыру дайындығы инспекторы, полиция лейтенанты Алмас Досжанов бокстан әлем чемпионы атанды. Алайда, екі жылда бір рет өтетін полицейлер мен өрт сөндірушілердің әлемдік додасына инспекторды жіберуге қалалық ІІБ- сында алдын-ала қаржы қарастырылмаған болып шықты.

ЖАРЫСҚА ЖАЛҒЫЗ БАРЫП ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Алмас Досжанов журналистермен болған кездесуінде бокспен бала кезінен нақтырақ айтқанда, 5 сынып оқып жүрген кезінде айналыса бастағанын айтты. Ал, құқыққорғау саласындағы қызметін 2005 жылы жол полициясының қатардағы инспекторы болып бастаған екен. Бұған дейін бокстан Қазақстанның екі дүркін чемпионы (1999, 2001 жылдары) атанған.

Полицейлер мен өрт сөндірушілер арасындағы дүниежүзілік ойын биыл 31 шілде күні Канаданың Ванкувер қаласында алауын тұтатып, 9 тамыз күні мәресіне жетті. Оған Қазақстаннан жалғыз Алмас Досжанов қатысып қайтқан. Алмас чемпиондықты сарапқа салған ойында, бірінші– австралиялық, екінші – ирландиялық, үшінші – американдық, төртінші – канадалық төрт бірдей былғары қолғап киген полицей, өрт сөндірушілермен қолғап түйістіргенін айтты:

- Бірінші ойын ауыр тиді. Оның себебі, мен ойындар басталғаннан кейін үш күннен кейін бардым. Оның үстіне климаттың ауысуы мен 11 сағаттық уақыт айырмашылығы да өз әсерін тигізді. Одан кейінгі ойындар сәтті өтті. Мен өз жеңісімді ең әуелі туған ағама айттым. Өйткені, ол да боксшы болатын. Бірақ мұндай дәрежеге көтеріле алмап еді. Ал, бокс өткен жерде мені қолдаушылар мүлдем болған жоқ. Бірақ, ойынның ашылуы мен жабылуында Канадаға қоныс аударған эмигрант қазақтар Қазақстанның туын ұстап, айқайлап қазақтардың бар екенін білдірді,- деді Алмас Досжанов.


ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БОКС МЕКТЕБІНІҢ ЖЕТІСТІГІ

Алмас Досжановтың ойынша, оның жеңіске жетуіне Қазақстандағы бокс мектебінің жақсы әрі негізді дамығаны және қазақстандық бокстың мықты техникасы көмектескен. Ол БАҚ ыөкілдерімен болған әңгімесінде боксты тастайтын ойы жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар, Алмас Досжанов дәл қазіргі кезде Алматы қалалық ІІБ- сына қарасты ОМОН, СОБР арнаулы күш құрылымының жігіттерін жаттықтыратынын айтты.
Әлем чемпионы Алмас Досжанов (сол жақта) мен Ғазиз Мағзұмбеков. Алматы, тамыз, 2009 жыл.


Полиция лейтенанты, бокстан әлем чемпионы Алмас Досжановтың журналистермен жүздесуіне Алматы қалалық ІІБ- сы бастығының орынбасары Ғазиз Мағзұмов та келіпті. Ғазиз Мағзұмов әңгіме арасында қалалық ІІБ -сындағы чемпиондар легі Алмас Досжановпен ғана шектелмейтінін айта келіп, әр кезде спорттың әр түрінен әлем чемпионы атанған полицейлерді де атап өтті. Оның айтуына қарағанда, Алмас Досжановпен бірге әлемдік жарысқа баруы тиіс болған тағы үш полицейдің төлқұжаттары дұрыс болмағандықтан, сапардың сәті түспеген.

Алматы қалалық ІІБ- сы бастығының орынбасары Ғазиз Мағзұмов әлемдік жарысқа шақырту кеш түскенін әрі жарысқа деп арнайы қаражат қарастырылмағанын да жасырмады. Сөйтіп, болашақ әлем чемпионы Алмас Досжанов KCELL- Қазақстан ұялы байланыс компаниясының демеушілігімен Канадаға барып қайтқан.

Сондай-ақ, Ғазиз Мағзұмов ІІМ іне Алмас Досжановты жетістігі үшін марапаттау жөнінде ұсыныс жіберілгенін жеткізді.
XS
SM
MD
LG