Accessibility links

Қазақстанның шетелден шақырған бапкерлері


Қазақстан ауыр атлетика ұлттық құрамасының Түркиядан келген кеңесшісі Энвер Түркелери Қытайдан алынған спортшы Зүлфия Чиншанлоны олимпиада жолдамасымен құттықтап тұр. Мамыр, 2012 жыл, Талдықорған.
Қазақстан ауыр атлетика ұлттық құрамасының Түркиядан келген кеңесшісі Энвер Түркелери Қытайдан алынған спортшы Зүлфия Чиншанлоны олимпиада жолдамасымен құттықтап тұр. Мамыр, 2012 жыл, Талдықорған.
Қазақстанға шетелден келген спорт бапкерлерінің көбі жұмыстарынан нәтиже шығара алмай, отставкаға ерте кетеді. Жанкүйерлер «бұған арзан жаттықтырушы шақыруға құмар елдің өзі кінәлі» дейді.

Қараша айының басында Қазақстан дзю-до құрамасына Флориан Мелич есімді Германия азаматы бапкерлікке келді. Ол Қазақстан құрамасын 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиада ойындарына дайындайды.

Ал волейболдан Қазақстан құрамасын АҚШ азаматы Александр Гутор жаттықтырып жатыр. Ол Қазақстан командасын 2013 жылы өтетін әлем чемпионатына апаруы тиіс.

РЕСЕЙ МЕН КОРЕЯДАН КЕЛГЕН БАПКЕРЛЕР

2008 жылы гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасын жаттықтыруға Кореядан Юн Тэ Ил есімді бапкер келді. Қазақстан гандбол федерациясы оған құраманы 2012 жылы өтетін олимпиада ойындарына апаруды міндеттеді.

Қазақстан гандболшылары 2009 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатын ұтты, 2010 жылы Гуанчжоудағы Азия ойындарында күміс жүлде алды, бірақ
Кореялық бапкер Юн Тэ Ил. (Жеке мұрағаттағы сурет).
Кореялық бапкер Юн Тэ Ил. (Жеке мұрағаттағы сурет).
олимпиадаға жолдама беретін жарыста жеңіліп, Лондонға бару мүмкіндігінен айырылды. Осыдан кейін Қазақстан гандбол федерациясы Юн Тэ Илді отставкаға жіберді. Қазір команданы қазақстандық маман Леонид Яниев жаттықтырады.

2009 жылы Қазақстан хоккей құрамасын жаттықтыру үшін ресейлік Андрей Шаянов шақыртылды. Бірақ бұл бапкер жаттықтырған Қазақстан хоккейшілері әлем чемпионатының элиталы жарысына жолдама ала алмады. Осы сәтсіздіктен кейін ол да қызметінен кетті.

2010 жылы хоккей командасына ресейлік бапкер, бұрын Швейцария командаларын жаттықтырған Андрей Хомутов шақырылды. Бұл бапкерге әлем чемпионатына жолдама алу міндеті қойылды. Алайда Хомутов та бұл міндетті атқара алмай, 2011 жылдың соңында қызметінен кеткен.

ФУТБОЛ ҚҰРАМАСЫН ЖАТТЫҚТЫРҒАН ШЕТЕЛДІКТЕР

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев Қазақстан футбол федерациясының президенті болған кезінде, 2002 жылы ресейлік маман Леонид Пахомовты ұлттық құраманың бас бапкері етіп тағайындады. Қазақстан командасы тоғыз матч өткізіп, тек екеуінде тең түсіп, жетеуінде жеңіліп қалған соң Пахомов 2004 жылы отставкаға кетті.

Ал 2006 жылы Қазақстан құрамасын жаттықтыруға голландиялық маман Арно Пайперс келді. Ол жаттықтырған команда жеті ойында жеңіске жетіп, 11 ойында тең түсіп, 18 матчта жеңілді. Арно Пайперс 2008 жылы «команданың нәтижесін жақсарта алмады» деген себеппен жұмысынан босатылды.

Одан кейін футбол құрамасына Германиядан Бернд Шторк есімді бапкер шақырылды. Ол Қазақстан командасын екі жыл жаттықтырып, тоғыз ойын өткізді.

Бернд Шторк жаттықтырған кезде құрама тек Андорра футболшыларын ғана екі рет жеңіп, басқа ойындарда ұтылды. Бұл жаттықтырушы да екі жылдан соң, 2010 жылы жұмысынан кетті.

Футболдан Қазақстан құрамасын 2011 жылдан бері Чехиядан келген Мирослав
Қазақстан құрамасын жаттықтыратын чех маманы Мирослав Беранек.
Қазақстан құрамасын жаттықтыратын чех маманы Мирослав Беранек.
Беранек жаттықтырады.

Ал футболдан Қазақстан жастар құрамасын жаттықтыру үшін 2011 жылы келген сербиялық маман Слободан Крчмаревич те қараша айының басында жұмысынан кетті. Ол басқарған кезде Қазақстан жастар командасы он ойынның барлығында жеңілді.

«КЕЛУІНЕН КЕТУІ ТЕЗ» НЕМЕСЕ «ТҮРКЕЛЕРИ АЛЫП БЕРДІ»

Спорт журналисі Ержан Көшкінбаевтың айтуынша, «Қазақстан спортына шетелдік бапкерлерді шақыру 2000 жылдан кейін белең ала бастаған».

– 1991 жылдары, тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан ішкі экономикасын түзеп алуды ойлады. Сондықтан шетелден жаттықтырушы шақыру жайлы ешкім ойлаған жоқ. Тек 2000 жылдары Қазақстанға шеттен бапкерлер жұмыс істеу үшін келе бастады, – дейді журналист.

Ал футбол жанкүйері Ғабит Кәдірбаев Қазақстанға келген шетелдік жаттықтырушылардың көбі «арзан бапкерлер» екенін айтады.

– Қазақстан футбол федерациясы шетелден маман шақырғанымен олардың көбі –
Қазақстан спорт және дене шынықтыру агентігінің төрағасы Талғат Ермегияев (сол жақта) ауыр атлетикадан ұлттық құрама кеңесшісі Энвер Түркелериге мемлекеттік награда тапсырып тұр. Астана, 20 тамыз 2012 жыл. (Суретті агенттіктің баспасөз қызметі ұсынды).
Қазақстан спорт және дене шынықтыру агентігінің төрағасы Талғат Ермегияев (сол жақта) ауыр атлетикадан ұлттық құрама кеңесшісі Энвер Түркелериге мемлекеттік награда тапсырып тұр. Астана, 20 тамыз 2012 жыл. (Суретті агенттіктің баспасөз қызметі ұсынды).
«арзан» бапкерлер. Шақырған соң, беделі мен тәжірибесі мол мамандарды әкелу керек. Қазірге дейін Қазақстанға келген шетелдік бапкерлердің көбінен нәтиже шықпады. Байқағаным, шетелдік жаттықтырушылардың Қазақстанға келуінен кетуі тез, – дейді жанкүйер.

Спорт журналисі Ғалым Сүлейменнің айтуынша, «Қазақстанға келген шетелдік мамандардан Энвер Түркелери ғана сенімді ақтаған».

– 2006 жылы Қазақстанға Түркиядан ауыр атлетика маманы Энвер Түркелери шақырылды. Ол алты жылдың ішінде Қазақстанға ауыр атлетикадан олимпиаданың бес алтынын, әлем чемпионатының тоғыз бас жүлдесін алып берді, – дейді журналист.

Қазақстан 2012 жылы жазда өткен Лондон олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде алып, жалпы командалық есепте 12-орын иеленген еді. Жеті алтынның төртеуін ауыр атлеттер - Илья Ильин, 2007 жылы Қытайдан шақырылған Зүлфия Чиншанло мен Майя Манеза, Ресейден келген Светлана Подобедова жеңіп алған.
XS
SM
MD
LG