Accessibility links

Спорт командалары қаржылық қиындыққа тап келді


"Астана" командасы Қазақстан суперкубогын иеленген сәт. Астана. 1 наурыз 2015 жыл.

"Астана" командасы Қазақстан суперкубогын иеленген сәт. Астана. 1 наурыз 2015 жыл.

Қазақстандағы спорт клубтарының біразы демеушілерінен айырылып не жылдық бюджеті қысқарып, енді бірінің мүшелері жалақыларын ала алмай жүр.

Былтыр бокстан WSB командалық жарысында жеңіске жеткен Astana Arlans («Астана арландары») командасының бір топ боксшысы мен бапкерлері тиісті сыйақыларын ала алмай жүргендерін айтып шағымданды.

– 2015 жылы WSB жарысында жеңгеніміз үшін 400 мың доллар көлемінде сыйақы алуымыз керек еді. Бірақ ол бізге берілмей жатыр, – деді бокс командасының аты-жөнін атамауды өтінген өкілі.

Бокс клубының демеушілерінің бірі «СК-Астана» корпоративтік қорының атын атамаған маманы Азаттыққа "бұл мәселе шешіліп жатқанын" ғана айтты.

«ШЫҒЫН ШЕГЕТІН» КОМАНДА

Спорт клубтарының қаржылық ахуалы осы аптада Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық футбол қауымдастығының төрағасы Сағат Еңсегенұлын қызметінен босатқан кезде де сөз болды. Бұрынғы төрағаны «қаржыны есепсіз жұмсады» деп сынаған әкім «Ақтөбе» футбол командасының жылдық бюджетінің 77 пайызы футболшылардың жалақысына ғана жұмсалғанын айтты.

Еуропа лигасы іріктеу кезеңіндегі "Ақтөбе" (Қазақстан) - "Хедд" (Норвегия) ойынынан кейінгі сәт. Ақтөбе, 26 шілде 2013 жыл.

Еуропа лигасы іріктеу кезеңіндегі "Ақтөбе" (Қазақстан) - "Хедд" (Норвегия) ойынынан кейінгі сәт. Ақтөбе, 26 шілде 2013 жыл.

Облыс әкімі «Андерсон Сантана – 61 мың, Маркос Пиззелли – 75 мың, Данило Сирино – 57 мың, Данило Неко – 67 мың доллар айлық алғанын» да сөз етті.

Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, толық әкімдіктен қаржыландырылған «Ақтөбе» футбол командасының шығыны жыл сайын өсіп отырған – команда тек биыл ғана 460 миллион теңге шығынға батқан.

«Ақтөбе» командасының спорттық директоры Дмитрий Васильев 14 желтоқсанда Ақтөбеде өткен арнайы жиында клубтың биылғы бюджеті 3,1 миллиард теңге болғанын, 2016 жылғы бюджеті азайып, 2 миллиард теңгені құрайтынын мәлімдеген.

ҚАРЖЫСЫ АЗАЯТЫН КЛУБТАР

Футбол клубтарын қаржыландыру қысқаратыны жайлы хабарлар соңғы кездері жиі тарай бастады.

Биыл Қазақстан чемпионатында күміс алған «Қайрат» командасының негізгі демеушісі «ҚазРосГаз» компаниясы 2016 жылы клубқа қаржы бөлмейтіні туралы шешімі жария болған. Кейін «ҚазРосГазтың» клубты қаржыландырмайтынын «Қайраттың» басшылығы да растап, қаржы көздері іздестіріліп жатқанын мәлімдеген. «Қайрат» бюджетінің 70 пайызын «ҚазРосГаз», 30 пайызын Алматы әкімдігі қамтамасыз етіп келген.

Атырау облысы әкімдігі де «Атырау» командасына жергілікті бюджеттен 531 миллион теңге бөлінетінін, бұл былтырғы бюджетпен салыстырғанда аз екенін хабарлады.

Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі "Шахтер" (Қазақстан) - БАТЭ (Белорусь) клубтары арасындағы ойынның көрермендері. Қарағанды, 23 шілде 2013 жыл.

Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңіндегі "Шахтер" (Қазақстан) - БАТЭ (Белорусь) клубтары арасындағы ойынның көрермендері. Қарағанды, 23 шілде 2013 жыл.

Қарағандылық «Шахтер» командасының атқарушы директоры Владимир Нидергаус «экономикалық жағдайға байланысты клубтың қаржысы біршама қысқаратынын» мәлімдеді.

Қостанайлық «Тобыл» командасының директоры Талғат Баймұратов та «елдегі дағдарысқа байланысты команда бюджеті қайта қаралатынын» айтты.

Бұған дейін Қазақстан олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев спортқа жыл сайын облыстарда 3-4 миллиард теңге, Алматы мен Астанада 5-6 миллиард теңге қаржы бөлінетінін айтқан еді. Ол бөлінген қаржының көбі футболға жұмсалатынын мәлімдеген.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарушы директоры Дархан Қалетаевтың сөзінше, биыл чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған және екінші жыл қатарынан Қазақстан чемпионаты болған «Астана» футбол клубына 2016 жылы осы жетістігін қайталау үшін 45 миллион доллар қажет. Ол қаржыға қатысты нақты шешім жыл басында қабылданатынын айтқан.

«Астана» велокомандасының жыл сайынғы бюджеті 18-22 миллион еуро болғанын хабарлаған Қалетаев 2016 жылы бұл сома 15-18 миллион еуроға дейін қысқаруы мүмкін екенін хабарлады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG