Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаев заңды түрде Елбасы атанды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 1 маусым 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 1 маусым 2010 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгіннен бастап заңды түрде «Елбасы» мәртебесіне ие болды. Осыдан бір ай бұрын ел парламенті қабылдаған тиісті заң өз күшіне енді. Заң мәтіні бүгін елдің ресми баспасөз құралдарында жарық көрді.


НАЗАРБАЕВ ПЕН ОНЫҢ ОТБАСЫ ЗАҢМЕН ҚОРҒАЛАДЫ

Маусымның 15-і күні Қазақстандағы мемлекеттік ресми басылымдар – «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде Елбасы туралы заң жарияланды. Заң ресми түрде былай деп аталады: «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң.

Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен, яғни бүгіннен бастап қолданысқа енгізілді.

Заңдарға толықтыруларға сәйкес, «тұңғыш президент» деген сөз тіркесіне «Елбасы» ұғымы қосылды. Бұған қоса, қылмыстық кодекске енгізілген толықтырулар мен өзгертулер Елбасының бейнесін бүлдіру іс-әрекеттерін жасағандарға айыппұл немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, ал бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жасалған нақ сол әрекеттер үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Заңда Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына қол тигізбеу құқығына ерекше мән берілген. «Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне ешкімнің тиіспеушілігі кепілдігін, оның ішінде мүлкіне, тұрғын және қызметтік үй-жайларына, жеке және қызметтік көлік құралдарына, хат-хабарларына, олар пайдаланатын байланыс құралдарына қол сұғылмаушылық кепілдігін, банктік шоттарының банктік құпиялығы мен қол сұғылмаушылығы, сондай-ақ оларға тиесілі құжаттарға қол сұғылмаушылық кепілдігін қандай да болсын нысанда бұзу бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген заңда.

Бұл заңға президент Назарбаевтың өзі қол қоймады. «Осы Конституциялық заң Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың, Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Б.Мұхамеджановтың, Премьер-Министр К.Қ.Мәсімовтің қолдары қойылып тиянақталғандықтан, ол осы Конституциялық заңның құқықтық әдептілігін және оның заңдылығына аталған лауазымды тұлғалардың заңдық жауапкершілігін айғақтайды» делінген заң мәтінінде.

Маусымның 3-і күні бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария қылған мәлімдемесінде Нұрсұлтан Назарбаев өзінің осы заңға қол қоймайтынын айтқан-тын. Президент өзіне «Елбасы» мәртебесін беруді сұраған халық пен оның қалаулыларына рақмет айтып, мұндай мәртебені заңмен бекітудің қажеті жоқ деген еді.

«ПРЕЗИДЕНТ ҚОЛ ҚОЙДЫ ДЕП ЕСЕПТЕҢІЗ»

Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, бүгіннен бастап күшіне енген заңда президент Назарбаевтың қолы болмаған күннің өзінде оны президент қабылдады деп түсіну керек.

– «Парламент туралы» заңда егер президент 30 күннің ішінде құжатқа қол қоймаса және оны қайтарып бермесе, онда оған қол қойылды деп есептелетіндігі айтылады, – дейді заңгер.

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбіловтің пікірінше, оппозиция қолдамайтын бұл заңның қабылдануына президенттің тікелей қатысы болуы мүмкін.

– Назарбаев сол заңға қарсы болса, онда неге оны парламентте тоқтатып тастамады? Ұлт көшбасшысы бізге керек емес. Біз қарсымыз. Қазір не істеу керектігін ойластырып жатырмыз, – деді Болат Әбілов.

Саясаткер Балташ Тұрсымбаев болса бұл заңның қабылдануына президенттің өзі емес, соның айналасындағылар күш салған болуы мүмкін деп топшылайды.

– Қазақ ұлтына лидер керек. Құттықтаймын. Бірақ осыны ойлап тауып жүрген президенттің айналасындағы жәдігөйлерді даттау керек. Солар көндірген ғой. Енді бола қойсын, – дейді Балташ Тұрсымбаев.
XS
SM
MD
LG