Accessibility links

«Лаңкестер өздері қазған орға түсіп жатыр» дейді Қайрат Лама Шариф


Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф. Астана, 7 шілде 2011 жыл.
Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф. Астана, 7 шілде 2011 жыл.
Қазақстан діни істер агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф қайта тіркеу шарасынан кейін діни бірлестіктердің үштен біріне жуығы қысқарғанын айтады. Айтуынша, «былтырғы 12 қарашадағы Тараз оқиғасынан кейін бір жылдың ішінде бірде-бір бейбіт адам қаза тапқан жоқ».

Қазанның 16-сы дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф Алматыдағы жазушылар одағында арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесті. Кездесуді жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин жүргізді.

Кездесуде баяндама жасаған Қайрат Лама Шариф әуелгі мақсаты мемлекет басшысының биылғы жолдауының қалай іске асырылып жатқанын түсіндіру екенін айтып өткенімен, баяндамасының жартысынан астамын дін істері жөніндегі агенттіктің жұмысына арнап, қайта тіркелген діни бірлестіктер, экстремизм мәселесінен бастап, қазақтардың пайғамбар жасына жеткенде ғана сақал қойғанын, мешіттердегі ақша салатын жәшіктерді алып тастау керектігіне дейін сөз етті.

«ҚАЙСЫСЫ ДІН, ҚАЙСЫСЫ ДІН ЕМЕС»

Қайрат Лама Шарифтің айтуынша, биыл қазан айының 25-і күні діни бірлестіктерді қайта тіркеу мерзімі аяқталады. Сөзіне қарағанда, бұрын тіркелген 46 конфессия мен 4,5 мыңнан астам діни бірлестіктер жұмысына толық тексеріс жасалған және оның шамамен үштен бірі қысқаратыны, яғни 3100-ге жуық діни бірлестік қалатыны мәлім болған».

«Бұрын 1200 протестантық діни бірлестік болса қазір енді 300-ден аспайды. Біз бұл жұмысты қадағалап, қайсысының дін екенін, қайсысының дін емес екеніне сараптама жасап жатырмыз» деді ол.
Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин (сол жақта), дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шариф (оң жақта) жастармен кезесуде. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин (сол жақта), дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шариф (оң жақта) жастармен кезесуде. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.

Қайрат Лама Шарифтің айтуынша, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Қазақстан православ шіркеуі ғана республикалық діни бірлестік дәрежесіне ие болған. Қалғандарының барлығы жергілікті діни бірлестік болып қалады.

ҚМДБ-ның осы уақытқа дейін 2500-ге жуық діни бірлестігінің 2300-ге жуығы тіркеуден өткен. Ал қалғандары, яғни негізінен шалғай ауылдардағы молдасы жоқ мешіттердің барлығы намазханаға айналады.

Қайрат Лама Шариф Қазақстандағы орыс православ шіркеуі «Қазақстан православ шіркеуі» деген жаңа атауға ие болғанын жеткізді. Бұл шіркеудің 269 приходы қайта тіркелген. Ал иудаизмнің 26 бірлестігінің тек төртеуі ғана қайта тіркелген.

Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы «өздерін жиі сынап, кінәлап жүрген ЕҚЫҰ, Freedom House («Фридом Хауз») секілді халықаралық құқық қорғау ұйымдарының сарапшыларымен Алматыда бас қосып, ешкімнің ар-ождан бостандығына нұқсан келтіріп отырмағанын дәлелдеп бергендерін» айтты.

«ИМАН-НҰРЫМЫЗ ОЯНДЫ»

Қайрат Лама Шарифке сұрақ қоюшылар, негізінен, жазушылардың өздері болды. Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы Ахметжан Әшіри «Аса құрметті Қайрат Лама Шариф, докладыңыздан көп нәрсені білдік, иман-нұрымыз оянды. Дін істері агенттігі жазушыларды қажылыққа апаруға үлес қоса ала ма? Елбасы, ұлы, дара тұлға - Назарбаевтың жолдауында көп жақсылықтар айтылды. Біздің үйсіз жүрген жас жазушыларымызға көмек бола ма?» деген сауалдар қойған еді.

Бұл сұраққа Қайрат Лама Шариф «Мұсылманның бес парызының соңғысы - қажылыққа бару, бірақ Құран Кәрімде «қажылық - шамасы жеткендерге ғана парыз делінген» деп жауап берді..
Студенттер жазушылар одағында дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шарифпен болған кездесуде. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Студенттер жазушылар одағында дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шарифпен болған кездесуде. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.

Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы «қазақтың дәстүрлі ханафи мазхабын дәріптеу» жайын айтты. Қазіргі жастардың «мұрттан бұрын сақал қоятынын» айтып, ата-бабамыздың пайғамбар жасына, яғни 63-ке толғанда ғана сақал жібергенін» құлаққағыс етті.

«Ақын-жазушыларымыз, зиялыларымыз діннен өздерін аулақ ұстайды. Бұл дұрыс емес. Құран - тұнып тұрған өлең шумағынан жасалған аяттар. Фатиха сүресін 100 ақын өзінше жырласа керемет емес пе?» деген ол Құнанбай қажы, Бекет ата, Ахмет Йассауи, әл Фараби мұраларын жастарға тереңірек түсіндіру керектігін айтты.

Қайрат Лама Шариф ауыл имамдарының күнкөрісіне де тоқталды. «Ауыл мектебінің директоры қанша жалақы алса, ауыл имамының жалақысы да сонымен бірдей болуы керек» деді ол. Ол үшін мешіт жанындағы садақа жәшіктерін алып тастап, орнына электронды терминал қою жоспарланып отырғанын, сөйтіп қала мешіттеріне түсетін қаржыдан ауыл имамдарына жалақы бөлінетінін хабарлады.

«БІРЕУГЕ ОР ҚАЗБА, ӨЗІҢ ТҮСЕСІҢ...»

Жиын барысында Қазақстандағы «экстремистік әрекеттер» де сөз болды.
Дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шарифпен болған кездесуден кейін жазушылар одағынан шығып бара жатқан студенттер. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шарифпен болған кездесуден кейін жазушылар одағынан шығып бара жатқан студенттер. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.

Жиынды жүргізіп отырған Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин «Көшемізде оқ атылып жатса, дінге бөлініп алып бірін-бірі сабап жатса, ондай елден береке кетеді. Көрдік қой - Таразда жағдай болды, Жаңаөзендегі жағдай болды, тіпті Алматының ішінде де әртүрлі жағдайлар болып жатыр. Мұның бәрі елді дүрліктіру үшін, діни алашұбарлық жасап, қоғамды бүлдіруге жасалып отырған нәрселер» деді.

Жастарды теріс пиғылды, діни экстремизмдерге жол бермеуге шақырған Қайрат Лама Шариф болса, «Құдайға шүкір, былтырғы 12 қарашада Тараз оқиғасынан кейін бір жылдың ішінде бірде-бір бейбіт өмір сүріп жатқан қарапайым адам қаза тапқан жоқ. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» дегендей лаңкестік әрекет жасап жатқандар өздері қазған орға түсіп жатыр», - деп мәлімдеді.

Қайрат Лама Шарифтің сөзіне қарағанда, «Бүгінгі террористер - дінді жамылып өздерінің арам пиғылды әрекеттерін жасап жүргендер». Ол «Ақтөбеде, мысалы, мұнай құбырларынан мұнай ұрлап байып отырған - қылмыстық топтар. Ұрлық жасаған адам мұсылман бола ма? Туған туысқандарын өлтіруге бел байлаған адам мұсылман бола ма? Құран аяттарындағы Алланың кейбір сөздерін бұрмалап, өздерінше әрекет жасауы – қоғамға, өзінің құдығына түкірумен бірдей» деді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауы мен «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын талқылаудан басталған дін істері жөніндегі агентік төрағасы Қайрат Лама Шарифтің студенттермен кездесуі осылайша «экстремизмнен» аулақ жүруге шақырумен аяқталды.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
XS
SM
MD
LG