Accessibility links

Зейнетақы аннуитетінің қыр-сыры


Сақтандыру компаниясының жарнамасын қарап тұрған әйел. Алматы, 12 мамыр 2013 жыл.
Сақтандыру компаниясының жарнамасын қарап тұрған әйел. Алматы, 12 мамыр 2013 жыл.

Зейнетақы реформасының авторлары зейнетке ертерек шығу жолы ретінде ұсынған зейнетақы аннуитетін сарапшылар «шартты зейнетақы» деп бағалайды. Азаттық тілшісі аннуитеттік зейнетақының қыр-сырына үңіліп көрді.

Алматы тұрғыны 50 жастағы Анна Колесникова жақында сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті туралы келісім-шартқа отырды. Ол осы уақытқа дейін жинақтаушы зейнетақы қорында (ЖЗҚ) жиналған 3,5 миллион теңгесін (23,3 мың долларға жуық) сақтандыру компаниясына аударды. Оның бұндай шешім қабылдауына Қазақстанда бірыңғай мемлекеттік зейнетақы қоры құрылатыны туралы хабар түрткі болған.

Мамандығы қаржыгер Анна Колесникова мемлекет басқаратын бірыңғай қорға өткен кезде жеке меншік ЖЗҚ-да жатқан қаржысының біраз бөлігінен айырылып қаламын деп қауіптенеді.

– Егер бірыңғай зейнетақы қоры құрылмаса, аннуитеттік төлемдердің шарттары тиімсіз болғандықтан, сақтандыру компаниясына ауыспас едім. Меніңше, ЖЗҚ-да инвестициялық кіріс көбірек болар еді. Бірақ зейнетақы қорларын бірыңғай қорға біріктіріп, ары-бері сапырылыстырып жатқанда жиған-тергенім жоғалып, құр қалмасыма кім кепіл. Өз басым мемлекеттік қорға сенбеймін. Кезінде міндетті медициналық сақтандыру қорына бәріміздің жарна аударғанымыз есімде. Кейін әлгі қордың өзі де, аударған ақшамыз да құрып кетті емес пе? - дейді Анна Колесникова.

Жеке меншік жинақтаушы зейнетақы қорының кеңсесіне келген қарт адам. Алматы, 24 қаңтар 2013 жыл.
Жеке меншік жинақтаушы зейнетақы қорының кеңсесіне келген қарт адам. Алматы, 24 қаңтар 2013 жыл.
Ол сақтандырушы компаниядан өз салымының 10 пайызын, яғни 350 мың теңге (2 мың 330 долларға жуық) алып үлгеріпті. Бұл – келісім-шартқа отырған салымшыға бір рет төленетін ақша. Енді ол ай сайын сақтандыру компаниясынан 19 мың теңге алып отыруы тиіс. Анна Колесникованың сөзінше, мұны толыққанды зейнетақы деуге ауыз бармайды.

ЗЕЙНЕТАҚЫ АННУИТЕТІ ДЕГЕН НЕ?

Ер адамдар 55 жастан, ал әйелдер 50 жастан бастап өмірінің соңына дейін зейнетақы төлемдерін заң жүзінде алуға мүмкіндік беретін жалғыз қаржы құралын «зейнетақы аннуитеті» деп атайды. Бірақ зейнетақы аннуитетін сатып алғысы келетін адамның ЖЗҚ-да жеткілікті ақшасы болуы тиіс деген шарты бар. Демек аннуитеттік төлемге көшетін клиенттің есеп-шотында белгілі бір сома жатуы тиіс.
Зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін 55 жастан асқан ер адамдардың жинақтаушы зейнетақы қорында 3 миллион 330 мың теңге, ал 50-ден асқан әйелдердің 3 миллион 950 мың теңге ақшасы болуы шарт.

Зейнетақы аннуитеті адамға ғұмыр бойы төленеді, оның көлемі келісім-шартқа қол қойылған күні көрсетілген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмауы тиіс. Ең төменгі зейнетақы мөлшерінің 17 мың 491 теңгеден 19 мың 66 теңгеге дейін өсуіне байланысты, қазір зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін 55 жастан асқан ер адамдардың ЖЗҚ-да 3 миллион 330 мың теңге, ал 50-ден асқан әйелдердің 3 миллион 950 мың теңге ақшасы болуы шарт.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан халқының басым бөлігінің зейнетақы жинағы зейнетақы аннуитеті туралы келісім-шартқа отыруға қажетті межеге жетпейді. Ал аннуитеттік келісім-шартқа отыруға мүмкіндігі бар салымшылар ең төменгі зейнетақы мөлшерінен артық төлем ала алмайды. Клиенттеріне төленетін соманың қамсыз қарттықты қамтамасыз ете алмайтынын сақтандырушылардың өздері де мойындайды.

Бұған қарамастан зейнетақы аннуитеті келісім-шартына отыруға тілек білдіргендер қатары соңғы айларда күрт өсті. Қаржыгерлердің пайымдауынша, бұл сұраныс зейнетақы жүйесін реформалауға және жеке меншік ЖЗҚ-дағы қаражатты бірыңғай мемлекеттік қорға өткізудің бұлыңғыр болашағына байланысты артып отыр.

«АННУИТЕТ - ЗЕЙНЕТАҚЫ ЕМЕС»

Сарапшылар «Аннуитеттік келісім-шартқа отыруға сұраныс зейнетақы жүйесін кезекті реформалауға байланысты артып отыр» деп түсіндіреді. Кейбіреулер үкімет әйелдердің зейнет жасын 58-ден 63 жасқа дейін кезең-кезеңмен өсіру, жеке меншік зейнетақы қорларын бірыңғай мемлекеттік қорға біріктіру туралы өзінің даулы заң жобасын парламенттен кері қайтарып алуы мүмкін деп болжайды. Бірақ аннуитеттік келісім-шартқа отыруға асыққан жандар зейнетақы қорында жатқан ақшасын сақтандыру компанияларына аударғанды жөн көреді.

Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған әйелдер. Талғар ауданы, Алматы облысы, 17 қазан 2011 жыл. Көрнекі сурет.
Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған әйелдер. Талғар ауданы, Алматы облысы, 17 қазан 2011 жыл. Көрнекі сурет.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) жанындағы өмірді сақтандыру компаниялары комитетінің басшысы Ержан Қоңырбаевтың айтуынша, аннуитеттік келісім-шарт бойынша төленетін сақтандыру төлемдерін дәстүрлі зейнетақы деп атауға болмайды.

– Әрине, оны кәдімгі зейнетақы деп атай алмаймыз. Әдетте «зейнетақы» деп адамның жұмыс істеген кезеңде тапқан кірісінің белгілі бір коэффиценттік өтемін алуды атайды. Бірақ қазір алып жүрген зейнетақыны да толық зейнетақы деуге болмайды. Қазіргі зейнеткерлер 30-40 мың теңге алады. Егер адамның жұмыс істеп жүрген кездегі жалақысы 150 мың теңге болса, оның зейнетақысы, кем дегенде 100 мың теңге болуы тиіс. Бірақ бізде олай емес, - дейді Ержан Қоңырбаев.

ЖУРНАЛИСТІК ЭКСПЕРИМЕНТ

Ал зейнетақы жүйесін реформалау авторлары (Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ұлттық банк) зейнетақы аннуитетін жиған ақшасы жеткілікті болса, зейнет демалысына мерзімінен бұрын шығу мүмкіндігі ретінде қарастырады.

Азаттық тілшісі Алматыдағы өмірді сақтандыру компанияларының бірінің қызметкерлерінен аннуитеттік келісім-шартқа отырған кезде қолына тиетін төлемдерді есептеп беруді өтінді. Эксперимент жүргізген репортаж авторының зейнетақы есеп-шотында жинақталған сомасы мен жас шамасы шартты түрде талапқа сай деп есептелді.

– Айталық, ЖЗҚ-да сіздің 4 миллион теңгеңіз бар делік. Оны біздің компанияға аударасыз. Біз әлгі соманың 10 пайызын, немесе 400 мың теңгесін сізге бірден төлейміз. Ал жылдық төлем 300 мың теңге болуы тиіс. Демек ай сайын 25 мың теңгеден алып отырасыз. Біздің компания сізбен келісім-шартқа отырған сәттен бастап «артық өмір сүру» деп аталатын тәуекелді өз мойнына алады. Яғни, зейнетақы қорындағы өзіңіздің 4 миллион теңгеңізді сіз 8 жылда алып бітер едіңіз. Ал біз сізге ғұмырыңыздың аяғына дейін төлеп отырамыз. Мұның үстіне бізде кепілдендірілген кезең деген бар, яғни егер өмірден ерте озсаңыз, сіз алып отырған төлемді келісім-шартта өзіңіз көрсеткен пайда көруші тұлға (немесе мұрагеріңіз) келісілген мерзім бойы алып отырады, - дейді сақтандыру компания қызметкері Андрей.

Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының жарнамасы. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл.
Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының жарнамасы. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл.
Сақтандыру төлемдері үшін өтемақы қарастырылмаған, яғни экономикалық жағдай ушығып, ұлттық валюта құнсызданып кетсе, бұл «зейнетақы» қайта есептелмейді. Бірақ егер зейнетақы жинағыңыз әлгі сомадан бірнеше есе көп болса, индекстеу мүмкіндігін де қарастыруға болады.

– «Клиенттерді қалай үгіттейсіздер» дейсіз бе? Олардан «Үш зейнетақы алғың келе ме?» деп сұраймыз. Біріншісі – өмір бойы бізден алатын зейнетақысы. Екіншісі – өмір бойы мемлекеттен алатын зейнетақысы. Үшіншісі – жинақтаушы зейнетақы қорындағы өзінің жиған-тергені. Зейнет демалысына шыққан алғашқы 7-8 жылда сен үш жерден зейнетақы алып, қамсыз отыруыңа болады. Ал ЖЗҚ-дағы жинақ ақша біткен соң, осы үш көздің бірі жабылады да, сақтандыру компаниясы мен мемлекеттен алатын зейнетақы қалады, - дейді Андрей.

Өзінің «аннуитеттік» зейнетақысын теориялық тұрғыдан есептеп алған Азаттық тілшісі сарапшылар пікірін сұрады. Сарапшылардың айтуынша, зейнетақы аннуитетіне көше алатын клиенттер Қазақстанда әзірше аз екен. «Қанша адамның ЖЗҚ-да 3 миллион теңгеден асатын салымы бар?» деген сауалға жауап беретін нақты статистика жоқ.
Салымшылардың 5 пайызында ғана аннуитет келісім-шартына отыруға қажет сома (3 миллион теңгеден жоғары) бар болуы мүмкін.

Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы қорлары қауымдастығы төрағасы Айдар Әлібаевтың айтуынша, орта есеппен алғанда, бір зейнетақы шотында жатқан соманың мөлшері 400 мың теңгеге жуықтайды, «салымшылардың 5 пайызында ғана аннуитет келісім-шартына отыру үшін қажет сома (3 миллион теңгеден жоғары) бар болуы мүмкін».

СҰРАНЫС ЖӘНЕ МОРАТОРИЙ

Аннуитетке ауысатын клиенттер қатарының аздығына қарамастан, өмірді сақтандыру компаниялары соңғы айларда зейнетақы аннуитетіне сұраныстың өскенін байқаған.

Қазақстан ұлттық банкінің қаржылық қадағалау комитетінің деректеріне қарағанда, өмірді сақтандыру компанияларының зейнетақы аннуитеті келісім-шарттары бойынша жинаған сыйақысының көлемі ақпанның 1-інде 687 миллион теңге, ал наурыздың 1-і күнгі есеп бойынша 7 миллиард теңге болып, бір айда 10 еседен артық өскен.

Көшеде қайыр сұрап отырған әйел. Ақтөбе, қыркүйек 2009 жыл. Көрнекі сурет.
Көшеде қайыр сұрап отырған әйел. Ақтөбе, қыркүйек 2009 жыл. Көрнекі сурет.
Өмірді сақтандыру компанияларының бірінің Алматыдағы филиалының директоры Игорь Антониковтың пайымдауынша, аннуитеттік зейнетақыға сұраныс бірнеше факторға байланысты артқан.

– 50 жасқа толған әйелдерге аннуитет сатып алуға рұқсат беру туралы заңға енгізілген түзетулер ақпан айында күшіне енді. Бұрын аннуитет сатып алуға әйелдерге де, еркектерге де 55 жастан ғана рұқсат берілетін. Заңға өзгерістер енген соң біздің компанияға клиенттеріміздің алдыңғы легі келді. «Бірыңғай зейнетақы қоры болады екен» деген сөз шыққан соң бізбен келісім-шартқа отыруға асыққан клиенттер тағы көбейді. Жұрт мемлекеттік ЖЗҚ бәсеке таластыратын ешкім болмағандықтан, пайда да әкелмейді деп ойлайды, - дейді Игорь Антоников.

Қазақстан ұлттық банкі зейнетақы аннуитеті бойынша жасалған келісім-шарттардың көбейіп, ЖЗҚ-да жатқан қаражаттың сақтандыру компанияларына кетіп жатқанына алаңдайтынын бірнеше рет мәлімдеді.

Сәуірдің ортасында «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі ұлттық банктегі дереккөзге сілтеме жасай отырып, «зейнетақы аннуитетін сатып алу жөніндегі келісім-шарттарға отыруға мораторий жариялау туралы қаулы әзірленіп жатыр» деп хабарлады. Қаржыгерлер қауымдастығындағылар бұл мораторий жайлы естіпті, алайда олар «мораторий енгізудің мәні жоқ» деп есептейді. Бірақ қазір Қазақстанда аннуитеттік зейнетақыға жұрттың ықыласы артып отыр.
XS
SM
MD
LG