Accessibility links

АҚШ барлауы: Ұшақты қателесіп атуы мүмкін


Украинаның Донецк облысына құлаған ұшақ жолаушыларының жеке заттары.
Украинаның Донецк облысына құлаған ұшақ жолаушыларының жеке заттары.

АҚШ барлау қызметінің өкілдері малайзиялық жолаушылар ұшағын жоюға Ресей үкіметінің қатысы барына бұлтартпас дәлел таба алған жоқ, бірақ Ресей ұшақты атып түсіруге жол ашқан жағдай туғызған деген байлам жасайды. Бұл туралы сейсенбі күні журналистермен оңаша кездесуде өз аты-жөндерін жарияламауды өтінген америкалық барлау қызметінің өкілдері мәлімдеген.

Малайзиялық ұшақты Ресей қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырған Украинаның шығысындағы сепаратистер «жер-әуе» әскери зымыранымен атып түсірген болуы мүмкін дейді олар. Бұған дәлел ретінде барлау деректерін, спутниктерден түсірілген фотосуреттерді және сепаратистердің өздері жариялаған жазбаларды алға тартады.

Бірақ зымыранды нақты кім атқаны және сол кезде ол жерде ресейлік офицерлердің болған-болмағаны белгісіз деген олар сонымен бірге, зымыранмен атқан адамдардың Ресейден дайындықтан өткен-өтпегендігін де сенімде түрде тап басып айта алмайтындарын білдірді. Бірақ олар соңғы апталарда Ресейде жүргізіліп жатқан бүлікшілерді қаруландыру мен жаттықтыру кампаниясы тіпті ұшақ құлағаннан кейін де жалғасып жатқанын растады.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Бен Родс зымыран ату оқиғасының Ресеймен «тікелей байланысы» бар ма, зымыранды атқандар арасында ресейліктер болды ма және ресейліктердің сепаратистерді мұндай зымыранмен ату ісіне үйретуі мүмкін бе деген сауалдарға АҚШ бұрынғысынша жауап іздеп, анықтап жатқанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG