Accessibility links

Псковта депутатты мандатынан айырмақ


«Яблоко» партиясының Псков облыстық бөлімшесінің жеткішсі Лев Шлосберг.
«Яблоко» партиясының Псков облыстық бөлімшесінің жеткішсі Лев Шлосберг.

Кремльдің Украинаға қатысты саясатын өткір сынап жүрген Ресейдің Псков облыстық жиналысының депутаты мандатынан айырылуы мүмкін.

Қыркүйектің 24-і күні Ресейдің Псков облыстық депутаттар жиналысы «Яблоко» оппозициялық партиясы атынан депутат болып сайланған Лев Шлосбергті мандатынан айыру мәселесін дауысқа салады.

«ШЕТЕЛ АГЕНТІ»

Былтыр Украинадағы соғысқа қатысып, мерт болды делінген ресейлік екі сарбаздың жасырын жерленгенін жұртқа жариялаған соң көп ұзамай Лев Шлосбергті әлдекімдер соққыға жығып кеткен еді. Қыркүйектің 24-і күні өтпекші дауыс беру мәселесін сөз еткен Шлосберг: «Олар менің аузымды жабуға әрекет жасап жатыр» дейді.

– Менің губернатормен, «Единая Россия» партиясымен және осы партияның аймақтық парламенттегі мүшелерімен қарым-қатынасым қатты шиеленісіп тұр. Мен парламентте болған төрт жылдың ішінде жылына бірнеше мәрте саяси қақтығыстар болып тұрды. Сондықтан, бұл адамдар губернатордың тапсырмасымен мені орнымнан кетіруге тырысып жатыр, - деді Азаттық тілшісіне сұхбатында саясаткер Лев Шлосберг.

Депутаттың айтуынша, прокурорлар оның өзі басқаратын «Возрождение» үкіметтік емес ұйымын қорғап сот процесіне қатысуын заңсыз деп отыр. Көп дау тудырған жаңа заңға сәйкес «Возрождение» ұйымы «шетелдік агенттер» қатарына жатқызылған.

«Депутат ретінде Шлосбергтің сот процесіне қатысуға құқы болған жоқ» дейді прокуратура адамдары. Ал депутаттың өзі «сотқа қатысқанда ешқандай заңды бұзған жоқпын, бұл істің саяси астары бар» деп санайды.

Псков аймағы Мәскеуден шалғайда жатса да, Лев Шлосбергтің үкіметті өткір сынап жасаған мәлімдемелері бүкіл халықтың назарын өзіне аударған.

Псков облысы губернаторы Андрей Турчак.
Псков облысы губернаторы Андрей Турчак.

Ұзақ жылдар бойы Псков аймағының аса ықпалды губернаторы әрі «Единая Россия» партиясының мүшесі болып келе жатқан Андрей Турчактың кемшілігін бетіне басқан ол аймақты жайлаған жемқорлық пен билікті асыра пайдалану фактілерін тізбектеп, әрі губернаторды «қорқақ» деп сынаған.

Ал Турчак болса Шлосберг пен ол мүшесі саналатын «Яблоко» партиясын Ресейдің мүдделеріне қарсы қарсы жұмыс істейтін «Батыс державаларының бесінші колоннасы» деп атаған.

Аймақтық парламент мүшесі Шлосберг Кремльдің жүргізіп отырған ішкі-сыртқы саясатын да аяусыз сынайтынымен әйгілі болған.

УКРАИНАНЫ ЖАЗҒАНЫ ҮШІН СОҚҚЫҒА ЖЫҒУ

АҚШ азаматтарының ресейлік балаларды асырап алуына тыйым салған Кремльдің әрекетіне кейіс білдіріп, Қырымды аннексиялауын сынаған Лев Шлосберг Украинаның шығысындағы ұрыстарға сарбаз жібергенімен қоймай, шынайы ақпаратты халықтан жасырып отыр деп үкіметті сөзбен түйреген.

Сөзі дәйекті болуы үшін Шлосберг өз иелігіндегі «Псковская губерния» басылымында Псков пен Мәскеудің саяси іс-әрекеттерін талдап материал жариялаған.

Псков аймақтық заң шығару органы мүшесі Лев Шлосберг (ортада) жиында отыр.
Псков аймақтық заң шығару органы мүшесі Лев Шлосберг (ортада) жиында отыр.

2014 жылы тамыз айында осы газетте Украинаның шығысында елдің ресми әскеріне қарсы соғысқан, сепаратистерді қолдап жүріп қаза тапқан ресейлік екі сарбаз туралы материал жарық көрген.

«Сепаратистерге ешқандай тікелей көмек көрсетіп отырған жоқпыз» деп ант-су ішіп келген Кремль осы мақала шыққан соң қатты абдырап қалса керек.

Арада бірнеше күн өткен соң белгісіз бұзақылар Лев Шлосбергті қатты соққыға жығып кетеді. Тергеушілер қылмыскерлердің аты-жөндерін әлі күнге атаған жоқ.

Басынан ауыр соққы алып, мұрны сынып, терісінің жыртылғанына қарамастан Шлосберг аурухана төсегінде жатқан жерінен осы пікірлерді қайталап айтумен болды.

– Саясаткерге қорқуға болмайды. Егер ол қорыққанын көрсетсе, бұл қоғамды тіпті құлазытып жібереді. Ресейдегі жағдай өте ауыр әрі қауіпті, бірақ біздің қорқуға қақымыз жоқ, ондай жағдайда біз қолымызда бардың бәрінен айырыламыз, - дейді Лев Шлосберг.

Оның айтуынша, "мәскеулік белгілі журналисті өлімші етіп соққыға жыққан оқиғаға губернатор Турчактың қатысы бар" деген материал шыққан соң прокурорлар мұны қудалауға кіріскен.

КАШИНГЕ ҚАТЫСТЫ ДЕРЕКТЕР

Осы айдың басында белгілі журналист Олег Кашинді ұрғызуға облыстың губернаторы пәрмен берген деген сенсациялық материалды «Псковская губерния» газеті алғаш болып жариялады.

Соққыға жығылған ресейлік жуналист Олег Кашин ауруханада. 28 желтоқсан 2010 жыл.
Соққыға жығылған ресейлік жуналист Олег Кашин ауруханада. 28 желтоқсан 2010 жыл.

Соққыға жығылардан екі ай бұрын Кашин облыс губернаторын «2009 жылы сайлауда әкесінің сол кездегі Ресей премьер-министрі Владимир Путинмен жақындығын пайдаланып губернаторлыққа сайланды» деген мазмұнда мақала жариялаған.

«Менен кешірім сұрасын» деген Турчактың ұсынысына журналист келіскен жоқ.

– Бүкіл ақпараттық құрсауды бұзып өтіп, газеттің осы зерттеудің жай-жапсарын жариялауы олардың құтын қашырған соңғы оқиға болар, сірә, - дейді Лев Шлосберг.

Саясаткердің депутаттық мандатты сақтап қалуы екіталай. Қыркүйектің 24-і өтетін жиында қарсыластары 44 дауыстың 23-ін жинай алса болғаны, Лев Шлосберг орнынан кетеді. Губернатор Турчактың өзі облыстық бөлімшесін басқаратын «Единая Россия» партиясының атынан аймақтық заң шығарушы органға 28 депутат сайланған.

Ал оппозициялық саясаткер «өліспей беріспейтінін» айтып отыр. Орнынан кетірілген жағдайда ол саяси қарсыластарымен құқықтық тұрғыда шайқасып, бұл шешімнің заңсыз болғанын дәлелдеуге тырыспақ.

– Әрекеттерімнің дұрыстығын сотта дәлелдейміз. Өркениетті адамдар осылай істейді, - дейді Лев Шлосберг.

Клэр Бигтің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG