Accessibility links

Париж қазағы: терактілерден соң тексеріс күшейді


Француз әскерилері Эйфель мұнарасы маңын күзетіп тұр. Париж, 14 қараша 2015 жыл.
Француз әскерилері Эйфель мұнарасы маңын күзетіп тұр. Париж, 14 қараша 2015 жыл.

Франция билігі терактілерге күдікті бір адамның анықталғанын хабарлады. Шабуылдан қаза болғандар саны артқан. Париж қазағы Абдулсамет Алтай көшеде тексеріс күшейгенін айтады.

Франция билігі Париждегі террорлық шабуылдардан қаза тапқандар саны 129 адамға жетіп, жараланған 350-ден аса адамның 99-ы ауыр халде жатқаны туралы мәлімдеді. Жергілікті ақпарат құралдары қылмыс жасаған деген күдікке 29 жастағы Омар Исмаил Мостефа есімді француз азаматы ілінгенін хабарлады. Тергеушілер оны «Батаклан» концерт орталығында адамдарды кепілге алған үш қылмыскер өз-өздерін жарып жіберген жерден табылған саусағынан анықтаған.

Сарапшылар Францияда өз басын өлімге тіккен жанкештілер шабуылы алғаш рет жасалғанын айтып отыр. Прокуратура мәліметі бойынша, әрқайсы денесіне жарылғыш зат – «шаһид белдігін» тағып алып Париждегі «Батаклан» концерт орталығына, бірқатар мейрамханалар мен кафе-барлардың қонақтарына қарулы шабуылдар мен стадион маңында жарылыстар жасаған жеті адам түгел өлген: алтауы өз-өзін жарып жіберген, біреуі полицияның оғына ұшқан. Қылмыскерлер 40 минуттың ішінде алты шабуыл жасаған.

Террорлық шабуыл құрбандарын еске алуға келген адамдар. Париж, Франция, 15 қараша 2015 жыл.
Террорлық шабуыл құрбандарын еске алуға келген адамдар. Париж, Франция, 15 қараша 2015 жыл.

Париждегі терактілерге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен Бельгияда бірнеше адам ұсталған. Германияда көлігінен жарылғыш зат табылған ер адамның Париждегі шабуылдарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр. Терактілер жасап мерт болғандардың бірінің денесінің жанынан табылған Сирия паспорты экстермистердің кейбіреулері Еуропа аумағына босқын атын жамылып кіріп алған болуы мүмкін деген күдікті күшейткен.

Франция президенті Франсуа Олланд жұмада болған шабуылдарды «Францияға қарсы соғыс» деп атап, оған «аяусыз» жауап қайтарылатындығын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, террорлық шабуылдарды сырт жақтан «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Францияның ішіндегі содырлары арқылы ұйымдастырған.

Бұған дейін Париждегі терактілер үшін жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы өз мойнына алған еді.

Францияда террорлық шабуыл құрбандарын үш күн бойы аза тұту жарияланған.

Терактілерден кейінгі Париж туралы фотогалерея:

ПАРИЖДЕГІ БҮГІНГІ АУХАЛ

Францияға жиырма жылдан аса уақыт бұрын Түркиядан көшіп барған, қазір Парижде тұратын 66 жастағы этникалық қазақ Абдулсамет Алтай жұма күні болған шабуылдардан кейінгі қаладағы жағдайды Азаттыққа айтып берді.

Азаттық: – Парижде дәл қазіргі сәтте жағдай қалай болып жатыр? Сіз қаланың қай бөлігінде тұрасыз?

Парижде тұратын қазақ Абдулсамет Алтай. Жеке мұрағаттағы сурет.
Парижде тұратын қазақ Абдулсамет Алтай. Жеке мұрағаттағы сурет.

Абдулсамет Алтай: – Мен өзім қала орталығында, метродан 50-60 метр жерде ғана тұрамын. Бізде жексенбінің таңы енді атты. Дәл қазір жаңалықтарды қарап отырмын. Жергілікті телеарналар Парижге бүгін екі мың сарбаз жеткізілгенін хабарлады. Кеше қала іші тым-тырыс болды. Сағат кешкі төрттен кейін көшеге шыққанымда бірен-саран адамдар ғана ұшырасты. Көшедегі көпшілік қауым болған оқиға жайлы айтуға құлықсыз. Сағат онға дейін метро мен дүкендердің барлығы жабық болды. Кешке дейін дүниеде не болып жатқанынан тек теледидар арқылы хабардар болып отырдық, газет-журналдар да келмей қалды.

Азаттық: – Париждегі шабуылдар туралы жергілікті ақпарат құралдары не айтады?

Абдулсамет Алтай: – Қазір француз ақпарат құралдары болған оқиғаны Сириямен байланыстырып жатыр.

Қазір француз ақпарат құралдары болған оқиғаны Сириямен байланыстырып жатыр.
Абдулсамет Алтай, Париж тұрғыны

Азаттық: – Парижде әскери адамдар көп пе? Қандай өзгерістер байқалады?

Абдулсамет Алтай: – Биыл қаңтарда «Charlie Hebdo» сатиралық журналының редакциясына қарулы шабуыл жасалғаннан кейін полиция вокзал маңында, мешіт жанында және жұрт көп келетін басқа да жерлерде адамдарды тоқтатып, құжаттарын тексеретін еді. Енді сондай тексеріс тіпті көбейген тәрізді. Әсіресе біз сияқты мұсылман адамдарға қиын тиеді-ау деп уайымдаймыз. Жыл басындағы шабуылдан кейін мешітке келетіндер, тіпті жұма намазы уақытында мешіт жанына жиналатын қайыршылар да көрінбей кеткен. Біраз уақытқа дейін жұма намазы кезінде қарулы күш өкілдері келіп, сыртымыздан бақылап тұратын.

Париж көшелеріндегі полиция қызметкерлері. 14 қараша 2015 жыл.
Париж көшелеріндегі полиция қызметкерлері. 14 қараша 2015 жыл.

Азаттық: – Жергілікті мұсылман қауымы тарапынан жұма күнгі шабуылдарға қатысты қандай да бір мәлімдемелер болды ма?

Абдулсамет Алтай: – Францияда бірнеше миллион мұсылман тұрады. Кеше осындағы мұсылмандар комитетінің жетекшісі: «Бұл қылмыс – мұсылманның ісі емес. Таза мұсылман мұндай қантөгіс әрекетке бармайды. Бұл – исламды жамылғандардың іс-әрекеті» деп мәлімдеді.

Азаттық: – Париждегі қайғылы оқиғалар сонда тұратын қазақтарға қалай әсер етті? Онда қанша қазақ отбасы бар?

Абдулсамет Алтай: – Менің есебім бойынша, мұнда Түркиядан көшіп келген екі жүздің үстінде қазақ отбасы тұрады. Кейінгі жылдары Қазақстаннан да қоныс аударған қазақтар бар. Бұл жердегі қазақтар әртүрлі шараларда бас қосып тұрамыз. Мысалы, кеше осында тұратын қазақ жастарының жиыны өтуі тиіс еді. Бірақ мына жағдайдан кейін оны келесі сенбіге қалдырыпты. Сондай-ақ, бүгін осындағы қазақ мәдени орталығында нәрестенің бесік тойы өтуі керек болатын. Енді ол да белгісіз болып қалды, барар-бармасымызды білмей отырмыз. Әр жексенбі сайын осында тұратын түрік ұлтының өкілдері жиналып, діни сұхбат өткізетін. Оған біз де қатысатынбыз. Бүгін ол жиынның болмайтыны хабарланды.

Азаттық: – Әңгімеңізге рахмет.

XS
SM
MD
LG