Accessibility links

Назарбаев сенат төрағалығына Қайрат Мәмиді ұсынып өткізді


Қайрат Мәми.
Қайрат Мәми.

Президент Назарбаевтың ұсынысы бойынша парламент сенатының төрағасы қызметіне бас прокурор болып істеп келген Қайрат Мәми отырды. Сонымен бірге Жоғарғы сот төрағасы мен бас прокурор да жаңадан тағайындалды.


Сәуірдің 15-і түстен кейін парламент сенатының жалпы отырысына келген президент Нұрсұлтан Назарбаев депутаттарға осыған дейін сенат төрағасы болып істеген, ал биыл наурызда БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігінің басшысы болып тағайындалған Қасым-Жомарт Тоқаевты қызметінен босату туралы ұсыныс енгізді.

«Сіздердің қарауларыңызға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан парламенті сенатының төрағасы қызметінен босату туралы мәселені шығарамын», – деді Назарбаев.

Депутаттар президенттің ұсынысын бірауыздан қолдап дауыс берді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сенат мүшелеріне Қайрат Мәмидің сенат депутаты болып тіркелгенін хабарлады.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев сенат төрағалығына осы кезге дейін бас прокурор болып істеген Қайрат Мәмидің кандидатурасын ұсынды.

Депутаттар президенттің бұл ұсынысына да бір кісідей қолдау танытып, Қайрат Мәмидің сенат төрағасы болуын жақтап дауыс берді.

2009 жылдың сәуір айынан осы кезге дейін Қазақстанның бас прокуроры болып қызмет істеген 56 жастағы Қайрат Мәми – Алматы облысы Жамбыл ауданының тумасы. Бас прокурор болып тағайындалғанға дейін ол Жоғарғы соттың төрағасы, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары – мемлекеттік-құқықтық бөлімнің меңгерушісі, әділет министрінің орынбасары болып жұмыс істеген.

Жоғарғы сотты тоғыз жылдай басқарған Қайрат Мәмидің сол кездегі қызметінің кішкене бір көрінісі алматылық мұғалім, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін антисоветтік бап бойынша сотталып бірнеше жыл түрмеде отырып шыққан Жансая Сәбитованың 1998 жылы жарық көрген естелік кітабында баяндалған.

1989 жылы Колбиннің режимі әлсіреп, Жансая түрмеден шықты. Бірақ өзін ақтауды сұрап Жоғарғы сот дәліздерін тоздырғанымен, бірнеше жыл ол мақсатына жете алмай маңдайы тасқа тірелгендей күй кешті. Осындай қиын күндердің бірінде сол кездері Жоғарғы сот мүшесі болған Қайрат Мәмидің оған: «Сайқымазақ» деп айтып салғанын еске алған Жансая Сәбитова совет кезінде өзін жала айыппен түрмеге кескен судьяларды тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы сотында кездестіріп, аң-таң болғанын жазады.

Мәмидің орнына Қазақстанның бас прокуроры болып 48 жастағы Асхат Дауылбаев тағайындалды. Дауылбаев бұған дейін он жыл бойы бас прокурордың орынбасары болып істеген.

Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбековтің орнына осы уақытқа дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болған Бектас Бекназаров тағайындалды.

Сенат отырысында Нұрсұлтан Назарбаев күні кеше Жоғарғы соттың алты судьясы коррупцияға қатысты жұмыстан босатылған соң Мұсабек Әлімбековтің өз еркімен қызметтен кетуге өтініш бергенін депутаттарға хабарлады.
XS
SM
MD
LG