Accessibility links

Екі қолы жоқ чемпион


Азия арнайы ойындарының жүлдегері Сиязбек Далиев. Жеке мұрағаттағы сурет.

Азия арнайы ойындарының жүлдегері Сиязбек Далиев. Жеке мұрағаттағы сурет.

12 жасында екі қолынан бірдей айрылған Сиязбек Далиевтің спортпен айналысқанына екі жыл болған. Ол қазір – суда жүзуден жастар арасында Қазақстан чемпионы.


Ата-әжесімен бірге тұратын Сиязбек бесінші сыныпта оқып жүргенде екі қолынан айрылды. Мектеп ауласында ойнап жүрген үш оқушы ашық тұрған трансформаторға кіріпті. Сол кезде жаңбырдан жиналып қалған суды басқан Сиязбекті ток соғып, үш қабырғасын тесіп өтіп, екі қолын жұлып кетіпті. Ауыр халде жатқан баланы ауруханаға жеткізгенде дәрігерлер «аман қалуы екіталай» деп сенімсіздік танытқан.

Сиязбек ауруханаға түскенде дәрігерлер баланың әжесі Меруертке «немереңіздің өмірі қыл үстінде, одан күдер үзе беріңіз» деп ескерткен. Алайда немересін өлімге қимаған әжесі төрт ай бойы ауруханада жатқан Сиязбектің жанында отырыпты.

– Ауруханадан шыққан соң бір жыл үйде болдым. Мектепке қайтып барғанда сыныптастарым жақсы қарсы алды. Ал суда жүзуді үйрену алғашында қиын болды. Екі ай бойына кішкентай бассейінде жүзуді үйрендім, – дейді Сиязбек Далиев.

«БІР АПТА БОЙЫ СУДА ТҰРУДЫ ҮЙРЕТТІМ»

Қазір Сиязбектің жасы жиырмада. Ол – Астанадағы Қазақстан-Ресей университетінің үшінші курс студенті. Ендігі бар арманы – атасы мен әжесінің үмітін ақтау.

– Токиода өткен халықаралық жарыста екі қола, екі күміс медаль алып келген соң мен оқып жатқан оқу орны грантқа ауыстырды. Ендігі мақсатым – университетті жақсы аяқтап, алдағы жарыстарда жақсы нәтижеге қол жеткізу, – дейді спортшы.

Жаттықтырушы Владимир Загородный Сиязбектің жүзуді үйренген соң бес айдан кейін-ақ жарысқа қатысып, жүлделі орын алғанын айтты.

– Сиязбектің әжесі маған келіп, немересіне жүзуді үйретуімді сұрады. Университетке барып, оны жаттығу залына шақырдым. Алайда ол бір келген соң қорқып, келесі жолы келмей қойды. Біраз уақыт өткен соң университетке іздеп барып, Сиязбекті жаттығу залына қайта алып келдім. Ол екі қолы жоқ болған соң суға қайта-қайта батып кеткеннен шошыды. Судан қорыққаны соншалық, тек бір апта бойына суда тұруды үйреттім, – дейді жаттықтырушы.

АРМАНҒА АЙНАЛҒАН ПРОТЕЗ

Сиязбек Далиев ата-әжесімен бірге тұрады. 67 жасқа келген әжесі Меруерт Байжанова күнде таңертең немересін жуындырып, киіндіріп, сөмкесін иығына іліп беріп, сабағына шығарып салады. Ол кісі Сиязбектің әке-шешесі туралы айтудан бас тартты. Немересін ток соққаннан кейін трансформаторға жауапты мекемемен арыздасатын шамасы болмаған екен.

– Қазір немерем 20 мың теңге мүгедектік жәрдемақы алады. Ток соққан кезде үш қабырғасы жанып кеткен. Дәрігерлер «өлетін шығар» деп, ауруханада жатқанда арқасындағы үлкен тесікті жамамай, жай жабыстырып отырды. Дәрігерлер екі қолын дұрыс кесті ме – ол жағын білмеймін. Төрт айда үш операция жасап, санынан бес жерден ет кесіп алып, арқасындағы тесікті жамады, – деді Меруерт әжей Азаттық тілшісіне.

Меруерт Байжанова мемлекеттің көмегімен Санкт-Петербург қаласына барып, немересіне протез салдырған екен. «Бірнеше жыл бұрын салынған протез қазір Сиязбектің бойына сәйкес келмей қалды» дейді әжесі.

Меруерт әжей 2009 жылы 5 желтоқсанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне барып, протез салып беруін өтініп хат жазып, министр Гүлшара Әбдіхалықовамен жолыққан екен, министр: «екі айда протез салғызып береміз» деп шығарып салған. Алайда содан бері бір жарым жыл өтсе де уәделі протезді көрмепті.

– Протез 7 миллион теңге тұрады. Министрмен жолыққанда ол: «Сеулге, біздің елшілікке жіберемін. Онда кнопкамен жұмыс жасайтын протез жасайды. Соны екі айдың ішінде салып беремін», – деген. Содан бері хабар жоқ. Ал журналистерге шындығымызды айтсақ, министрліктен өздері хабарласпайды, қалалық халықты әлеуметтік қорғау бөлімінен телефон соғып, «Не деген мазасыз кемпірсің! Неге айтасың?!» деп кінәлайды. Айтуға да қорқатын болдық. Олар «біз көмектесіп жатқан жоқпыз ба, мүгедектік жәрдемақы алады, грантта оқиды» деді. Ал балам екі қолы жоқ болса да, жақсы оқиды. Сау адамдар дәл олай істей алмайды, – дейді Сиязбектің әжесі.

Сиязбектің әжесі Меруерт Байжанова Петропавл қаласында протез жасайтынын айтты. «Алайда онда жасалатын 15 килограмдық косметикалық протез немереме ауыр» дейді әжей.

Бұл мәселеге қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласқанымызда, баспасөз хатшысы Алмас Тұяқбаев:

– Ол мәселемен әкімшіліктегі әлеуметтік бағдарламалар бойынша басқарма айналысып жатыр екен. Үй алу мәселесінде және тағы да басқа мәселелерде көмектесіп жатыр екен, – деп жауап берді.

Екі қолынан айрылған Сиязбектің жеңісі жайлы тыңдаңыз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG