Accessibility links

Виктория Зябкинаның үш алтыны


Кванжду универсиадасының үш дүркін чемпионы қазақстандық жеңіл атлет Виктория Зябкина. (Сурет универсиаданың ресми сайтынан алынды).

Кванжду универсиадасының үш дүркін чемпионы қазақстандық жеңіл атлет Виктория Зябкина. (Сурет универсиаданың ресми сайтынан алынды).

Кванджу универсиадасында Қазақстан алты алтын және төрт қола иеленді. Жеңіл атлет Виктория Зябкина елге үш алтынмен оралды.

Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында шілденің 3-14 аралығында өткен XXVIII дүниежүзілік жазғы универсиада ойындарына әлемнің 143 елінен жас спортшылар қатысты. Универсиадаға 95 студент-спортшы апарған Қазақстан алты алтын және үш қола жүлде еншілеп, жарыс қортындысында жалпыкомандалық есепте 11-орыннан көрінді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖЕЛАЯҚ ҚЫЗ

100 метр қашықтыққа жарыстың финалына шыққан сегіз спортшы қыз тапанша дыбысы естіле сала бәсекені фальстартсыз бастаған. Олардың ішінде қарсыластарынан сәл кешігіріңкіреп қалған Виктория Зябкина 40 метрден соң-ақ жылдамдығын үдетіп, суырылып алға шықты.

Мәреге екінші боп жеткен ямайкалық Кристал Уильямстан 0,23 секунд ерте келген қазақстандық жеңіл атлеттің көрсеткіші 11,23 секундты құрады. Осылайша, жарыстың бұл түрі бойынша чемпион атанған Виктория Зябкина қарсыластарының құттықтауынан соң Қазақстанның көк туын арқасына жамылып, стадионды айналып шықты.

Финалға шықсам кем дегенде бір қашықтықта үштікке енсем деген жоспарым болды

22 жастағы Виктория Зябкина 100 метрден бөлек 200 метрлік жарыста да үздік өнерімен (22,77 секунд) алтынды жеңіп алды. Кейін Қазақстан құрамасы сапында 4х100 метрлік эстафетада тағы да жеңімпаз атанды. Ол эстафетада соңғы 100 метрлік қашықтықты жүгіріп өтті.

– Дәл осындай нәтиже күткен жоқ едім. Үш алтын болады деп ойлаған жоқпын. Финалға шықсам кем дегенде бір қашықтықта үштікке енсем деген жоспарым болды. 200 метрдегі нәтижем – жеке рекордым және Қазақстан рекорды. Негізгі бәсекелесі америкалық және ямайкалық спортшылар болды, - деді ол Азаттыққа.

Виктория Зябкина жүгіруді жеті жасынан бастағанын, спортпен шұғылдануына ата-анасы ықпал еткенін айтады. Әкесі Виктор Зябкин 100 метрге жүгіруден СССР эстафета құрамасының мүшесі болған, анасы Оксана Зелинская үш қарғып секіруден СССР құрамасы қатарында халықаралық жарыстарға қатысқан.

– Викторияның жаттықтырушылары да осал емес. Олар арнайы бағдарламамен жұмыс істеп жатыр. Мен оның бірінші жанкүйерімін. Қызымды ана ретінде қашанда қолдаймын. Викторияның табандылық қасиеті әлі үлкен жетістіктерге жеткізеді, - дейді Оксана Зелинская.

«МҮМКІНДІГІ МОЛ СПОРТШЫ»

Виктория Зябкина 200 метрге жүгіруден жыл сайын нәтижесін жақсартып келеді. Ол 2011 жылы Дэгудегі (Оңтүстік Корея) әлем чемпионатындағы көрсеткіші 24,09 секунд, ал 2013 жылы Мәскеудегі әлем чемпионатында – 23,83 секунд болған. Бірақ бұл көрсеткіштермен әлем чемпионатында жартылай финалға шыға алмаған.

2013 жылы шілдеде Пунада (Үндістан) өткен Азия чемпионатында Зябкина алтын жүлде (23,62 секунд) алды. 2015 жылы мамырда Ухандағы (Қытай) Азия чемпионатында 23,09 секундпен чемпион атанды. Ухандағы нәтижесінің арқасында Зябкина 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы олимпиада ойныдарына жолдамаға ие болды.

Қазақстандық жеңіл атлет Виктория Зябкина жаттығу кезінде. Жеке мұрағаттағы сурет.

Қазақстандық жеңіл атлет Виктория Зябкина жаттығу кезінде. Жеке мұрағаттағы сурет.

Ол енді биыл 22-30 тамызда Қытай астанасында өтетін әлем чемпионатына қатыспақ.

– Ол жарыста универсиадада көрсеткен нәтижемді қайталасам деймін. Егер әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, үздік 16 қатысушының қатарына енсем мен үшін үлкен жетістік болады. Әр жарыс сайын нәтижені жақсарту – алға қойған мақсатым, - дейді атлет.

Виктория Зябкинаның бапкері Любовь Никитенко Сидней олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигинаны да жаттықтырған. Бапкер Зябкинаның бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігі мол деп санайды. Спортшының өзі Азаттыққа сұхбатында әлемдік деңгейге шығу үшін әлі көп жаттығу қажеттігін айтты.

– Мен өсу үстіндемін. Жыл сайын өтетін «Гауһар лигасы» коммерциялық жарысына қатысу үшін нәтижені әлі жақсарту қажет, - дейді универсиада чемпионы.

Виктория Зябкина қазір Қазақ ұлттық университетінде дене шынықтыру мамандығы бойынша магистратурада оқып жатыр. Алматыдағы коммерциялық университеттердің бірінде аудармашы мамандығы бойынша бакалавр дипломын алған. Спортшы қыз ағылшын тілін меңгерген.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG