Accessibility links

Қазақстандағы жас теннис жұлдызының арманы


Юлия Путинцева Уханьдағы жарыста. Қытай, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Юлия Путинцева Уханьдағы жарыста. Қытай, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Қазақстан атынан жарыстарға қатысып жүрген, бес жыл бұрын Ресейден қоныс аударған теннисші Юлия Путинцева әлемдік рейтингте бірінші орынға шығуды және олимпиада медалін алуды мақсат тұтады.

Мәскеуде туған 21 жастағы Юлия Путинцева 2009-2012 жылдары Ресей спортшысы ретінде әлемдік жарыстарға қатысқан. Ол 2010 жылы US Open турнирінің жасөспірімдер арасындағы жарысында финалға шығып, тағы бір ресейлік Дарья Гавриловадан (қазір Австралия атынан жарысқа қатысып жүр – ред. ) жеңілген. 2011 жылы Путинцева қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов басқаратын Қазақстан теннис федерациясының шақыртуымен осы елге келген.

Путинцева Ресей теннис федерациясы өзіне қаржылық демеу жасамаған соң Қазақстан азаматтығын алған дұрыс деп шешкен.

- Ресейде корт болмады, яғни корттар болды, бірақ маған тегін бермеді. Теннис - өте қымбат спорт. Ресей теннис федерациясы ақша жоқ деді. Әкем басқа елден жақсы ұсыныс бар екенін айтты. Мен келістім. Қазақстанға кетер сәтте Ресей теннис федерациясымен тағы бір рет ақылдасып көргенде «сен сияқты теннисшілер бізде көп, қаласаң бара бер» деді. Ал маған Қазақстан теннис федерациясы кәсіби теннисші болып қалыптасуыма көп көмектесті, - дейді ол.

Юлия Путинцева Алматыдағы жаттығу залында. 26 қазан 2016 жыл.

Юлия Путинцева Алматыдағы жаттығу залында. 26 қазан 2016 жыл.

Путинцева 2015 жылғы қаңтарда WTA рейтингінде 113-орында тұрған. Бір жылдан соң спортшы 77-орынға көтерілген. 2016 жылдың соңына қарай 34-орынға бір-ақ шықты. Биыл теннисші Australian Open жарысының үшінші кезеңіне дейін жетті. Бұл жарыста Путинцева сол сәтте әлемнің 16-ракеткасы болған даниялық Каролина Возняцкиді жеңді.

Парижде өткен Roland Garros турнирінің ширек финалына шыққан Путинцева германиялық Андреа Петковичті (әлемдік рейтингте 28-орында), испаниялық Карло Суарес Наварроны (12-орында) жеңіп, ширек финалда америкалық Серена Уильямстан үш сетте жеңілді – 7:6, 4:6, 1:6.
Путинцева Taiwan Open жарысының жартылай финалына дейін жетті.АҚШ-тың Чарлстон қаласында өткен жарыста әлемнің экс-бірінші ракеткасы Винус Уильямстан басым түсті. Tokyo Open жарысында әлемнің 9-ракеткасы америкалық Мэдисон Кизді жеңді.

- Биылғы маусымда есте қаларлық жеңістер көп болды. Апалы-сіңілі Уильямстармен жақсы ойнадым. Винусты жеңдім. Серенамен ойында көп сәтте допты қате қабылдадым. 22 Grand Slam жарыстарын ұтқан Серенамен ойнау өте қиын. Ол физикалық тұрғыдан өте мықты. Биылғы маусымда рейтингте өзімнен біраз саты төмен тұрған теннисшілерден де жеңілдім. Мәселен, үздік жүздікке енбейтін польшалық Магда Линеттен ұтылып қалдым. Теннисте үздік ондыққа енетін спортшыны жеңіп, 300-орында тұрған теннисшіден жеңіліп қалуың мүмкін. Теннис сонысымен қызық. Grand Slam жарыстарының финалына шығып, жеңіске жетуді де армандаймын. Спорттағы арманым - әлемнің бірінші ракеткасы болу, - дейді спортшы.

Юлия Путинцеваны 2012 жылдан бері ресейлік маман Роман Кислянский жаттықтырады. Оған дейін оны әкесі Антон Путинцев дайындаған. Қазір теннисші Майамиде (АҚШ) тұрады. Жылына бір рет Қазақстанға келіп, жас теннисшілерге шеберлік сағатын өткізуді әдетке айналдырған.

Юлия Путинцева Токиодағы турнирде. Жапония, 22 қыркүйек 2016 жыл.

Юлия Путинцева Токиодағы турнирде. Жапония, 22 қыркүйек 2016 жыл.

Путинцева әлемдегі үздік TOP-50 теннисшінің қатарына еніп, Рио олимпиадасына жолдама алған. Бірақ теннисші олимпиадаға қатыса алмады.

- Дәл олимпиада басталуға бір ай қалғанда иығымды жарақаттап алып, Рио олимпиадасынан бас тарттым. Олимпиада өмірлік арманым болған. Олимпиадаға жолдама алу үшін ұпай жинау керек. Әр жарыста олимпиадаға ұпай жинау үшін барымды салдым. Енді келесі олимпиадаға қатысу үшін барымды саламын. Олимпиадада Қазақстанға медаль сыйлағым келеді, - дейді теннисші Азаттық тілшісіне.

Путинцева – Қазақстанның екінші ракеткасы. Ол әлемдік рейтингте Қазақстанның қазіргі бірінші ракеткасы саналатын Ярослава Шведовадан (33) бір саты төмен тұр.

- Рейтингке аса көп мән бермеймін. Жақсы ойнасаң, рейтинг те жоғары болады. Бірақ Ярослава Шведовамен де, Зарина Дияспен де іштей бәсекелестік бар. Әлемнің барлық теннисшілері бір-бірімен бәсекелес. Барлығымыз кортта қарсыласпыз, өмірде біраз теннисшімен доспын. Бос уақытымда концертке барып, балық аулағанды жақсы көремін. Бірақ теннисшілерде бос уақыт аз. Жыл бойы әр елде әр қалада жарыста жүреміз. Ұшақта, әуежайда кітап оқығанды өте жақсы көремін, - дейді ол.

Юлия Путинцева биылғы маусымда жарыстардан 817 мың доллар ұтып алды. Спортшы Қазақстаннан бас тартпайтынын, осы елдің атынан жарыстарға қатыса беретінін айтады. Ол 2017 жылғы теннис маусымын Австралияның Брисбен және Сидней қаласында өтетін жарыстардан бастамақ.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG