Accessibility links

Жазираның арманы


Қазақстандық ауыр атлет Жазира Жаппарқұл Хьюстондағы әлем чемпионатында.

Қазақстандық ауыр атлет Жазира Жаппарқұл Хьюстондағы әлем чемпионатында.

Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұлға Рио олимпиадасына жолдама ұтудың өзі халықаралық жарыстан қиын тимек. Өйткені, жалғыз жолдамаға ие болу үшін ол Майя Манезамен бәсекеге түседі.

22 жастағы ауыр атлет Жазира Жаппарқұл Шымкентте биыл көктемде өтетін шешуші жарысқа (Қазақстан чемпионаты) дайындалып жүр. Бірақ Рио-де-Жанейро (Бразилия) олимпиадасына жолдама берілетін Шымкенттегі жарыс Жазира үшін халықаралық бәсекеден қиын болатын түрі бар. Өйткені, ол Лондон олимпиадасының чемпионы Майя Манезамен бір жолдамаға таласады. Сондықтан қазір ол университеттегі сабағынан (ОҚО мемлекеттік университеті, Шымкент – ред.) шыққан бетте жаттығу залына асығады. Жазира қазір күніне төрт-бес сағатын жаттығу залында өткізіп жүр.

Оқи отырыңыз: Майя Манезаның Гиннесс кітабына енген рекорды

ҮШ ЖЫЛДЫҚ БӘСЕКЕ

Жазира Жаппарқұл алғашқы халықаралық жүлдесін 2010 жылы Сингапурде өткен жасөпірімдер арасындағы жазғы олимпиадада алды. Ол бұл жарыста 63 килограмм салмақ дәрежесі бойынша алтын медаль иеленді. 2012 жылы Гватемалада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде де чемпион атанды.

Жазира шын қарсыласты жасөспірімдер арасынан жастар жарысына ауысқанда барып кездестірді. 2013 жылы Мьянмадағы жастар арасындағы Азия чемпионатында Жазира жиыны (штанганы жұлқа және серпе көтеру – ред.) 232 килограмм көтеріп, күміс медаль алып қалды. Ол бұл жолы алдағы үш жыл бойы бәсекелесі болатын Рио Ен Хюдан (Солтүсік Корея атлеті – ред.) 30 килограмм аз көтерді. Алтын жүлдені Ен Хю иемденді.

Жазира Жаппарқұл 2015 жылғы Қазақстан чемпионатында.

Жазира Жаппарқұл 2015 жылғы Қазақстан чемпионатында.

Екі спортшының жолы 2014 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында, 69 килограмм салмақ дәрежесі бойынша тағы тоқайласып, алтын жүлдені бұл жолы да солтүстіккореялық атлет (265 килограмм нәтижемен – ред.) ұтып кетті. Ал Жазира Алматыда бәсекелесінен үш килограмм ғана аз көтеріп, тағы күміс медальді қанағат тұтты.

- Солтүстік Корея спортшысы - 69 килограмм бойынша мықты атлеттердің бірі. Азия чемпионатында одан 30 килограмм ұтылдым. Алматыда үш килограмм жетпей қалдым. Ал 2015 жылы Хьюстондағы әлем чемпионатында одан оздым, - деді Жазира Азаттыққа.

«ӘЧ-ДЕ ЖҮЛДЕ АЛҒАН АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ»

Бірақ Хьюстондағы (АҚШ, 2015) әлем чемпионатында Жазира 256 килограмм нәтижемен күміс медаль иеленді. Алтын жүлдені қытайлық Сянь Яньмей (263 килограмм) алып кетті. Ал Солтүстік Корея спортшысы Рио Ен Хю 251 килограмм көтеріп 6-орынға түсіп қалды. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) сайты Жазира Жаппарқұлды «ауыр атлетикадан әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы қазақ қызы» деп жазды.

Жазира Жаппарқұл үшін биыл көктемде өтетін Қазақстан чемпионаты шешуші жарыс болмақ. Себебі осы жарыста олимпиадаға баратын спортшылар тізімі анықталады.

- Шымкентте қазіргі бапкерім Вячеслав Нюмен Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмыз. Осы жарыста олимпиадаға жолдама алсам деймін. «Сенің салмағыңда Лондон олимпиадасының чемпионы Майя Манеза бар. Рио жолдамасына Манезамен таласасың ба?» деп сұрайтындар көп. Менің басты қарсыласым - штанга, - дейді ол.

Алексей Ни, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері

Алексей Ни, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері

Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни «Жаппарқұл – Қазақстан ауыр атлетика мектебінің түлегі. Оның әлем чемпионатындағы күміс жүлдесін олимпиадада алтынға ауыстыруға мүмкіндігі бар. Тек жаттығуын тоқтатпауы тиіс» дейді. Ал Жазира жаттығуда жұлқа көтеруде 120 килограмм, серпе көтеруде 152 килограмм (қоссайыста – 272 кг) көтеріп жүргенін айтты.

- Жаттығуға жағдай жасалды - ұлттық құрама мүшесі ретінде стипендия аламын, облыстан (ОҚО) да қаржылық қолдау бар. Енді тек олимпиадаға дайындалып, жанкүйер үмітін ақтауым керек. Арманым - қыздар арасында қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы болу, - дейді Жазира Жаппарқұл.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында қазақ қыздары олимпиада ойындарында медаль алмаған. Ең үздік нәтижені 2004 жылы Афин олимпиадасында көркем гимнастикадан Әлия Юсупова көрсеткен – 4-орын.

Жазира ауыр атлетикамен айналысуды ерте жастан бастаған. Оны сегіз жасында алғаш рет ауыр атлетика залына алып келген - мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дүйсенбек Құрманбеков. Мұғалімінің айтуынша, Жазираның ауыр атлетикамен айналысуына анасы қарсы болғанымен, әкесі рұқсат берген. Жазираның өзі «ауыр атлетика – менің өмірім» дейді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG