Accessibility links

Қазақстан спортындағы 2014 жылғы оқиғалар


Ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаевтың әлем чемпионы атанған сәті. Алматы, 14 қараша 2014 жыл.

Ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаевтың әлем чемпионы атанған сәті. Алматы, 14 қараша 2014 жыл.

Азаттық қазақстандық спортшылардың әлемдік жарыстардағы биылғы жетістіктері мен сәтсіздіктерін шолып шықты.

ҚЫСҚЫ ЖӘНЕ ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА

Қазақстан 2014 жылы Сочи олимпиадасында 52 спортшы жіберіп, бір қола жүлдемен (мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен) жалпы командалық есепте 26-орын алды. Олимпиада алдында Қазақстан үш медаль алуды жоспарлап, Денис Тенге қоса шаңғышы Алексей Полторанин мен конькиші Денис Кузиннен де жүлде күткен. Бірақ Полторанин 15 километрге жүгіруде 9-орын, Кузин 1000 метрге жүгіруде 7-орын алды.

Қазақстан Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен жазғы Азия ойындарында 28 алтын, 23 күміс, 33 қоламен жалпы есепте 4-орынды иеленді. Азиада алдында Қазақстан 20 алтынмен үздік төрттікке енуді жоспарлаған.

Нанкинде (Қытай) өткен екінші жазғы жасөспірімдер олимпиадасында Қазақстан үш алтын, бір күміс, төрт қоламен жалпы есепте 21-орынды иеленді. Олимпиадада Абылайхан Жүсіпов (бокс), Бауыржан Жауынтаев (дзю-до), Мұхамбет Қуатбек (еркін күрес) алтын алды.

ТЕННИС ЖӘНЕ МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУ

Теннисші Зарина Дияс жыл басында Гуанчжоудағы (Қытай) ITF жарысында жеңіске жетті. Кейін Ұлыбританиядағы уимблдон жарысының төртінші, Австралия ашық чемпионатының үшінші кезеңіне дейін жетті.

Зарина Дияс.

Зарина Дияс.

Ол Осакада өткен Жапония ашық чемпионатының финалына шықты. Жыл басында әлемдік рейтингте 118-орында тұрған қазақ теннисшісі қазір 33-орында.

Жылдың басты жаңалықтарының бірі – мәнерлеп сырғанаушы Элизабета Тұрсынбаева. Ол қыркүйекте Жапонияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік гран-при жарысында қола жүлде, қазанда Германияда өткен гран-приде – күміс медаль алған. Спортшы 2014 жылы Summer Skate Canada (Торонто), Triglaf Trophy (Словения), Gardena Spring Trophy (Италия) және New Years Trophy (Словакия) жарыстарында жеңімпаз атанған. Дортмундте (Германия) өткен NRW Trophy турнирінде де алтын иеленді.

АУЫР АТЛЕТТЕР ЖЕТІСТІГІ

Ауыр атлетикадан Таиландта өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Альберт Линдер (69 килограмм, жастар арасында) мен Селимхан Аубакиров (+94 килограмм) алтын, Михаил Макеев (69 килограмм, жасөспірімдер арасында) күміс алды. Инчхондағы Азия ойындарында Маргарита Елисеева чемпион атанса, Алмас Өтешов пен Зүлфия Чиншанло күміс иеленді. Кейін Алматыда өткен әлем чемпионатында Зүлфия Чиншанло, Жасұлан Қыдырбаев, Илья Ильин алтын, Жазира Жаппарқұл мен Владимир Седов күміс ұтты.

Илья Ильин осымен әлем чемпионатында төртінші рет жеңіске жетті. Жарыстан кейін IWF (Халықаралық ауыр атлетика федерациясы) Алматыдағы әлем чемпионатына «тарихтағы ең үздік әлем чемпионаты» деген баға берді.

БОКСШЫЛАР ЖҮЛДЕСІ

Қаңтарда бокстан Таиландта өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алты алтын, үш қоламен жалпы есепте бірінші орын алды. Сұлтан Заурбек (56 килограмм), Абылайхан Жүсіпов (60 килограмм), Аян Қалибеков (64 килограмм), Вадим Казаков (81 килограмм), Темірлан Кабиев (91 килограмм) Елдос Кадырбаев (+ 91 килограмм) Азия чемпионы атанды.

Азия ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов (69 килограмм). Инчхон, 3 қазан 2014 жыл.

Азия ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов (69 килограмм). Инчхон, 3 қазан 2014 жыл.

Кейін сәуірде Софияда өткен (Болгария) жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Шалқар Айқынбай, Абылайхан Жүсіпов, Сұлтан Зауырбек, Вадим Казаков алтын иеленді. Ал ұлттық құрама Инчхондағы Азия ойындарында алты алтын ұтып алды. Ілияс Сүлейменов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Әділбек Ниязымбетов, Антон Пинчук, Иван Дычко Азиада чемпионы атанды.

Кәсіпқой бокстан Генадий Головкин 2014 жылы үш кездесу өткізіп, үшеуінде де таза жеңіске жетті. Ақпанда Головкин Осуман Адамды үшінші раундта, шілдеде Даниэл Гилді үшінші раундта, қазанда Марко Антонио Рубионы екінші раундта құлатып, жеңіске жетті. Ол орта салмақта WBA (Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы) және IBO (Халықаралық бокс қауымдастығы) тұжырымы бойынша чемпиондығын сақтап қалды.

АҚШ-та тұрып жатқан қазақ боксшысы Қанат Ислам 2014 жылы екі кездесу өткізіп, екеуінде де қарсыласын нокаутпен жеңді. Ол екі жеңістің арқасында WBA тұжырымы бойынша әлемдік рейтингте 7-орынға көтерілді.

ЖЫЛ СӘТСІЗДІКТЕРІ

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бейбіт Шөменов америкалық Бернард Хопкинстен ұтылып, WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды.

2013 жылы халықаралық бокс қауымдастығы ұйымдастыратын WSB жобасын ұтып алған «Астана арландары» командасы 2014 жылы финалға шыға алмады. Команда жартылай финалда әзербайжандық командадан ұтылды.

«Астана» кәсіпқой велоклубының мүшелері ағайынды Максим және Валентин Иглинскийлер «допинг қолданды» деп айыпталып, командадан шеттетілді. Astana Continental жастар командасынан төрт спортшының да қанынан допинг табылды. Кейін Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров Astana Continental командасының тарағанын мәлімдеді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG