Accessibility links

Британ газеті қазақ елшісін КГБ-ның агенті деп айыптады, ал Қайрат Әбусейітов бұны жоққа шығарады


Сыртқы істер министрлігі британиялық газеттің Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Қайрат Әбусейітов 20 жыл бойына КГБ-ның агенті болған деген болжамын шындыққа жанаспайтын қауесет дейді. Ал Рахат Әлиев алда әлі талай әшкерелеу болады деп мәлімдейді.

БҮРКЕНШІК «ДЕЛАНО» ЕСІМДІ АГЕНТ

Тамыздың 16-сы күні ұлыбританиялық Daily Mail газеті «Құпия құжаттар ханзаданың дипломат досының КГБ-ның агенті болғанын айғақтайды» деген айдармен шағын мақала жариялады.

Әңгіме Қазақстанның Лондондағы елшісі Қайрат Әбусейітов жөнінде болып отыр. Оны 20 жыл бойы КГБ-ның агенті болды деп мәлімдеген басылым совет мұрағатынан алынған 175 беттік беймәлім құпия құжаттарға сілтеп, Қайрат Әбусейітовтің барлаушы ретінде қызмет атқарғаны туралы бірқатар мәлімет келтіреді.

КГБ-ның 1992 жылы Әбусейітовке толтырған досьесіне қарағанда, «Қайрат Қуатұлы Әбусейітов 1988 жылдың маусымынан 1992 жылдың мамырына дейін «Делано» деген бүркеншік есіммен Қазақстан КГБ-сының барлау басқармасының агенті болып қызмет істеді».

Досьеде Әбусейітовтің шетелдегі агент есебінде кәсіби қабілетін сипаттай келе, КГБ-ның 1-ші басқармасының қызметкері майор А.В.Ефимов былай деп жазған: «оның стратегиялық зерттеулер Орталығы делегациясының мүшесі ретінде шетелге сапарға баратын шамасы бар және оның ағылшын тілін жетік білуі КГБ-ға қажетті шетелдіктермен байланыс орнатуына мүмкіндік береді».

Оған қоса сол қызметтік қағазда КГБ-ның майоры Ефимов Әбусейітовті Қазақстан КГБ-сы бірінші барлау басқармасының айлық жалақысы 700 рубль болатын штаттан тыс агенті ретінде пайдалануға кеңес береді.

ҚАЗАҚ-БРИТАН ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ МЕН ҚАМҚОРШЫСЫ

Басқасына қоса Daily Mail газетінің жазуы бойынша, қазақ елшісінің аты-жөні «ақша үшін лобби жасайды-ау» деген күдік туралы ханзада Эндрюге қатысты хабарларда көрініп қалады.

Басылымның мәліметіне сәйкес, елші Әбусейітов қазақ-британ қоғамының құрметті төрағасы болса, ханзада Эндрю – осы қоғамның құрметті қамқоршысы. Сонымен қатар британ ханзадасы Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің халықаралық сауда мен инвестициялар бойынша арнаулы өкілі болып табылады.

Аталмыш қоғамның мәжілістері мен басқосуларына екеуі де үзбей қатысады. Қазақ-британ қоғамы, сонымен қатар, қазақ дипломатына маңдайалды британ компанияларының, оның ішінде қорғаныс өнеркәсібінің BAE Systems компаниясы өкілдерімен байланыс орнатуына мүмкіндік береді деп жазады газет.

БРИТАН ПАРЛАМЕНТІНЕН ЖОЛДАНҒАН САУАЛ

Daily Mail газетінің жазуына қарағанда, Қайрат Әбусейітов британ патшайымы ІІ-Елизаветамен жүздесіп, БҰҰ-ның терроризмге қарсы комитетінің жұмысына атсалысқан.

Басылымның атап көрсетуінше, британ парламентінің мүшесінен Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігіне Ұлыбритания королдігіндегі жоғары лауазымды қазақ дипломатының бұрынғы және қазіргі іс-әрекетін тергеу туралы сауал түсіп үлгерді.

Сонымен бірге Daily Mail либерал-демократтардың бұрынғы көсемі және британ парламентінің халықаралық істер, барлау және қауіпсіздік мәселелері бойынша комитетінің мүшесі Мензис Кэмпбэлдің (Menzies Campbell) мына сөздерін келтіреді: «Егер оның [Қайрат Әбусейітовтің] дипломатиялық қызметінен өзге нәрсемен шұғылданғаны туралы мәселе туса, онда Сыртқы істер министрлігі оны персона нон-грата деп жариялау керек пе деген мәселені анықтауға тиіс».


РАХАТ ӘЛИЕВ: АЛДА ӘЛІ ТАЛАЙ ӘШКЕРЕЛЕУ БОЛАДЫ

Жексенбі күні кешкісін Қайрат мырзаның өзі 80-ші және 90-шы жылдарда КГБ-мен, оның ішінде майор А.В.Ефимовпен шынында байланыста болғанын растады. Алайда ол ешуақытта КГБ-ның агенті болмағанын және ешқашан жалақы алмағанын мәлімдеді.

Бірақ бұрынғы жоғары лауазымды дипломат, күні кеше ғана Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі әрі Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Рахат Әлиев Қайрат Әбусейітовтің бұрынғы Қазақ ССР КГБ-сының бірінші Бас басқармасы болған «Барлау» агенттігінің штаттан тыс агенті болғанын айтады.

Бұған қоса дүйсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында Қазақстан президентінің бұрынғы үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев Аустрияда болатын сот жайында былай деді:

«Менің айтқым келетіні: алда әлі қаншама әшкерелеу болады. Қыркүйек айында Аустрияда мені және Әлнұр Мұсаевты ұрлап алып кетпек болған қазақ тыңшыларының үстінен сот басталады. Аустрия парламентінде біздің ісімізге саяси қысым жасау мақсатымен осы парламенттің бұрынғы және қазіргі мүшелерін Қазақстанның барлау қызметінің сатып алмақ болғаны тақырыбы бойынша тыңдау басталады».

АСТАНА ЕШҚАНДАЙ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРМЕЙДІ

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Daily Mail газетінің хабарына түсініктеме беруден бас тартты. Министрліктің ресми өкілі Ержан Ашықбаев: «Біз даңғаза басылымдардағы қауесетке түсініктеме бермейміз», - деп мәлімдеді.

Оған қоса Ашықбаев КГБ-ның совет мұрағатынан алынған құпия құжаттарының барлығына күмән келтіріп, елші Қайрат Әбусейітов пен ханзада Эндрю өзара дос деген хабарды теріске шығарды. «Қайрат Әбусейітов ханзада Эндрюмен қазақ-британ қоғамындағы кездесуде бүкіл ғұмырында бір-ақ рет көрісті. Содан кейін қандай достық туралы сөз болуы мүмкін?!» - деп мәлімдеді Ержан Ашықбаев.

Қазақ елшісінің ханзада Эндрюдің жақын маңайындағы тұлғалармен байланысына келсек, Қазақстанның сыртқы саясат мекемесінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев атап көрсеткендей, «Әбусейітов халықаралық қауіпсіздік, қарусыздану проблемаларымен айналысты және осы салада қызмет еткен кез-келген елдің дипломаттары сияқты тиесілі мекемелермен байланыс орнатуы әбден-ақ орынды».

Атап өту керек, Қазақстанның жоғары лаузымды дипломаттары, тіпті елшілерінің КГБ мен ҰҚК-мен байланыстарының әшкереленуімен қоғам назарына ілінуі бұл бірінші рет емес. Рахат Әлиев өткен жылы Аустриядағы бұрынғы елші, қазір ЕҚЫҰ-ғы елші Қайрат Әбдірахмановты советтік кезеңнен бері КГБ-мен қызметтес деп әшкерелеген болатын. Атышулы "Өкіл қайын ата" кітабында КГБ-нің майоры және одан да жоғары шеніндегі қазақ дипломаттарының тізімі келтірілген. Қазақстан билігі Рахат Әлиевтің бұл әшкерелеуші- компроматтарын толықтай қолдан жасалған деп жариялады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG