Accessibility links

Санкт-Петербургтің әлеуметтік бастамалары


Қар аршып жатқан Санкт-Петербург тұрғындары.
Қар аршып жатқан Санкт-Петербург тұрғындары.

Ресейдің солтүстік астанасы соңғы уақытта әлеуметтік саясатқа жиі араласып, заң жобаларын ұсынғыш болып кетті.

ЖҰМЫССЫЗ АДАМ СОТТАЛСЫН

Санкт-Петербург депутаттары федералдық заңға өзгеріс енгізіп, 6 айдан астам жұмыссыз жүрген ел азаматтарын сот алдында жауапқа тартқысы келеді. Сәуірдің 27-сі күні «Известия» басылымының жазуынша, заң шығарушылар жарты жылдан бері жұмыссыз жүрген тұрғындар «бір жылға дейін еңбекпен түзету жазасын» алсын деп ұсыныс жасаған.

Советтік кезеңде осындай үрдіс бар еді, жұмыссыз қалған адамды «тоғышар» деп айыптайтын. Жақында Белоруссия да осындай заң жобасын қабылдады. «Әр азамат еңбек етуді құрметті міндетім деп білуі керек» дейді депутаттар Ресей президенті Владимир Путинге жолдаған өтінішінде. «Қазіргі таңда бос жүргенді жақсы көретін, тоғышар, арамтамақ болуға құқым бар дейтін адамдар көбейіп кетті».

Ресей еңбек министрлігінің дерегі бойынша, қазір елде 18 миллионға жуық жұмыссыз бар.

Соңғы айларда Петербург әлеуметтік саясатқа қатысты заң жобаларын көптеп ұсынып жатыр. Дәстүрлі емес сексуалдық қатынасты қудалау туралы заң жобасын да солтүстік астана алдымен қабылдады. Гейлерді насихаттағаны үшін жауапқа тартатын заң жобасы 2013 жылдың маусымында қабылданды.

ОҚУШЫЛАР ЕРСІ БИ БИЛЕМЕСІН

Сол «гей-насихат» идеясының авторы, даукес депутат Виталий Милонов енді балаларға арналған мекемелердегі «ерсі билерге» тыйым салу туралы бастама көтерді. Оған осы айдың басында Орынбор мектептерінің бірінде болған би сайысы себеп болды.

"Российская газета" басылымының жазуынша, «Клуб, студия және басқа да ұйымдар өз бағдарламасын аймақтағы білім департаменттеріне көрсетіп, бекітуге тиіс» дейді Милонов. Егер бұл ұсынысты Санкт-Петербург қабылдаса, Милонов оны ары қарай мемлекеттік думаға өткізуге күш салады.

2014 жылдың қыркүйегінде Петербург заң шығарушылары мемдумаға ұсыныс жасап, «соғыс балаларына» жағдай жасайық деп өтінді. 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған кезде 18 жасқа толмаған азаматтарға қазір ай сайын 1500 рубль (30 доллар) көлемінде жәрдемақы береді.

Осы айдың басында мемдума депутаты Игорь Зотов Қырым билігі де соғыс кезінде кәмелетке толмаған азаматтарға осындай жеңілдік жасасын деп ұсыныс тастады. Қырымдықтар бұндай жәрдемақыны Украинадан алып келген болатын.

2014 жылғы сәуірде баспасөз мәслихаты кезінде Путин Қырым тұрғындары «Украина құрамында болған кездегі барлық жәрдемақысын алады... оған қоса ресейлік жеңілдікті де иеленеді» деп уәде етті.

ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА САЛЫҚ

2014 жылдың желтоқсанында Петербург депутаттары мемлекеттік думаға үй жануарларына салық салу туралы заң жобасын жөнелтті. Жобаға сай әр тұрғын сүйікті жануары үшін ай сайын 1000 рубль (20 доллар) төлеуі керек, ал стерилденген және піштірілген жануар болса небәрі 100 рубль төлейді.

Қаңтарда бұл бастаманы мәскеулік депутаттар да қолдады. Совет одағы кезінде де үй жануарларын ұстаған тұрғындар оны тіркетіп, салық төлейтін еді, бұл үрдіс 1994 жылы тоқтаған болатын.

Ақпан айында Санкт-Петербург заң шығарушылары думаға өтініш жасап, кішкентай балалар аптасына бес күн ғана оқысын деді. Депутат Милоновтың орынбасары жергілікті газетке берген сұхбатында «алты күн оқу - денсаулыққа зиян, балалар жалығады, өте ұзақ» деді. Ресей үкіметі мен мемдума білім жөніндегі комитеті сенбі күні оқуға тыйым салуға еш негіз жоқ десті.

РУХАНИ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ «ОТБАСЫЛЫҚ ИЕЛІК»

Санкт-Петербург депутаттары өткен айда қоғамдық мектептерге «рухани-адамгершілік тәрбие беретін» бағдарлама енгізуді ұсынды. Ол «ұлттың рухани мәдениетін күшейтуге» бағытталған. Петербург заң ассамблеясының заң департаменті бұл заң жобасының «заңға сай негіздемесі жоқ» десе де, оны жақтаушылар мемлекеттік думаға жібермек ниеттері барын жеткізді.

2014 жылдың қазанында Петербург заң ассамблеясы комитеті коммунистік партия ұсынған заң жобасын қабылдамай тастады. Ол заң жобасына сай «қаланың әр тұрғыны «отбасылық иелік» ретінде бір гектар жер алуға тиіс» еді.

Петербургтің либерал депутаты Борис Вишневский жергілікті газетке «коммунист депутаттар неліктен 1917 жылғы төңкерістен соң совет билігі тәркілеген «отбасылық иелікті» қайтару туралы ұсыныс жасамайды» деп таң қалатынын мәлімдеді. Ол «отбасылық иелікте жұмыс істеу үшін мемлекет әр қожайынға 200 басыбайлы құл беруге тиіс шығар» деп мысқылдады.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG