Accessibility links

«Қолжетімді баспана» - үмітке де, күдікке де себепкер


Тұрғын үй. Атырау, 17 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Тұрғын үй. Атырау, 17 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан қалаларында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша көп қабатты тұрғын үйлер салына бастады. Бағдарлама бойынша қарапайым халық бір бөлмелі пәтерді 40 мың долларға ала алады.

Алматылық Айхат Нұрахметова «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алсам дейді. Қаладағы өнер салонында менеджер қызметін атқаратын ол баспаналар берілетін уақытты күтіп жүр.

- «Қолжетімді баспана» бағдарламасы мемлекеттік қызметте істемейтін азаматтарға арналғанын естідім. Осы бағдарлама арқылы жалға үй алсам деген ойым бар. Бір бөлмелі үйге арнап қаржы жинауды да бастадым. Алғашқы жарнаны жинап та қойдым. Бірақ қандай құжаттар керек екенін мемлекет жарияламай отыр, - деді ол.

АЙЫНА 55 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН 15 ЖЫЛДЫҚ ТӨЛЕМ

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына тікелей жауапты «Самұрық-қазына» қорының «Жылжымайтын мүлік қорының» директоры Болат Палымбетов:
«Самұрық-қазына» қорының «Жылжымайтын мүлік қорының» директоры Болат Палымбетов. Алматы, 28 қыркүйек 2012 жыл.
«Самұрық-қазына» қорының «Жылжымайтын мүлік қорының» директоры Болат Палымбетов. Алматы, 28 қыркүйек 2012 жыл.

- Қазақстанда журналистер, құрылысшылар, жеке компания жұмысшылары үйге кезекке тұра алмайды. Шетте қалып қойды. Ал «Қолжетімді баспана» - осындай халыққа арналған бағдарлама, мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін азаматтар үшін жасалған жоба. «Қолжетімді баспананың» бір шаршы метрі - 180 мың теңге. Үйді тікелей сатып алуға немесе жалға алуға болады, - деді.

«Жылжымайтын мүлік қоры» басшысының айтуынша, азаматтар бір бөлмелі пәтерді 15 жылға жалға алса, айына 50-55 мың теңге төлейді. Талап бойынша, өтініш берген адамның кем дегенде 120 мың теңге айлығы болуы керек. Қолма-қол ақшаға да сатып алуға болады. Қазақстанның бүкіл қалаларында осы бағдарлама бойынша үйлер салынып жатыр.

ИНТЕРНЕТТЕ ЖЫЛДАМДЫҚ ЖАРЫСТЫРУ

Болат Палымбетов «халық үй алу үшін интернет арқылы кезекке тұратынын» айтты.

- Үй салынып біткен соң интернет арқылы тіркеу шарасы басталады. Мысалы, жүз пәтерлік үй туралы мәліметті интернетте жариялаймыз. Баспанасы жоқ адамдар сайтқа кіріп, керекті пәтерін және ондағы бөлме санын таңдайды. Он бес күннен кейін тіркелу тоқтайды да, біз халықтың тізімін шығарамыз. Барлығының құжаттарын тексеріп, кім интернетте алғаш болып тіркелді, соларға үй бере бастаймыз. Ал ерте тіркелмегендер ала алмайды. Олар келесі үйдің аяқталуын күтеді. Егер тіркелгендердің қатарында мемлекеттік қызметкерлер немесе құжаты дұрыс емес азаматтар болса, бірден кезектен шығарылады. Орнына кезекке кеш тіркелгендер кіреді. Интернетке тіркеу баспана салынып бітуге бір ай қалғанда басталады, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, - деді ол.
Баспанасы жоқ адамдар сайтқа кіріп, керекті пәтерін және ондағы бөлме санын таңдайды. Он бес күннен кейін тіркелу тоқтайды да, біз халықтың тізімін шығарамыз.

«Самұрық-қазына» қорының қызметкері Ернұр Бураханның айтуынша,
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған (көп балалы отбасы, мүгедек және жалғызбасты аналар, т.б.) жеке бағыты бар.

- Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды үймен қамтамасыз етумен облыс әкімдіктері айналысады. Көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналарға арналған арнайы бағдарламалар әкімдікте бар. Бұл мәселемен халық өз облысының әкімдігіне хабарласуына болады, - деді қор қызметкері.

Ал әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев 15 жыл бойы айына 55 мың төлеу халыққа ауыр тиетінін айтты.

- Мемлекеттік қызметте жұмыс жасамайтындардың айлығы тұрақты емес. Бір айда 100 мың, бір айда 60 мың теңге табуы мүмкін. Сондықтан тапқан табысының барлығын баспанаға беріп отырса, өмір сүруіне жетпей қалады. Егер мемлекеттің қолынан келсе, ипотеканың бағасын 55 мыңнан 40 мыңға төмендетсе деген ұсыныс бар. Сонда ғана «Қолжетімді баспана» қолжетімді болар еді. Бірақ бұл бағдарламаның концепциясы мен шарттары жеке меншік банктердің бағдарламасына қарағанда әлдеқайда ыңғайлы. Жекеменшік банктердің шарты бойынша бір бөлмелі пәтерді жалға алсаңыз, айына 75-80 мың теңге төлейсіз. Демек халықта таңдау жоқ. Мемлекеттің осы бағдарламасына жүгінуге тура келеді, - деді зерттеуші Серік Бейсенбаев.

«ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНАҒА» КҮДІКПЕН ҚАРАЙТЫНДАР УӘЖІ

26 жасар алматылық Жәудір Оразханова «Қолжетімді баспананың» қарапайым халыққа арналғанына күдікпен қарайды.
Алматылық Жәудір Оразханова. Сурет жеке мұрағаттан алынды.
Алматылық Жәудір Оразханова. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

- Кез келген үйі жоқ азамат баспаналы болғысы келеді. Егер бәрі бағдарламада айтылғандай болса, жақсы болар еді. Бірақ менде сенімнен гөрі күдік басым. Бағдарлама енді жүзеге аса бастады. Орта тұсына келгенде талаптары өзгеріп кете ме деп қорқамын. Мысалы «Тұрғын үй жинақ банкіне» салым салып, үй алу бағдарламасы қабылданғанда бәрі оңай сияқты көрінген. Кейін банкке барсақ, керекті құжаттардың саны және талаптары көбейген, - деді сұхбаттасымыз.

Жәудір Оразханова интернет арқылы кезекке тұру жүйесіне де қарсы.

- Интернет арқылы кезекке тұрған кезде біраз мәселелер туындауы мүмкін. Бағдарламаның жүзеге асуын қадағалап жүрген қызметкерлердің таныстары ерте тіркеліп, ақпаратты кеш алғандар тізімге енбей қалуы мүмкін. Демек «Қолжетімді баспананы» жүз пайыз қол жетімді дей алмаймын. Сондықтан үйді саудалауға басқадай жүйе қабылдануы керек, - деді ол.

Ал тараздық компания қызметкері Жансая Үмбетова:
Тараздық компания қызметкері Жансая Үмбетова. Сурет жеке мұрағаттан алынды.
Тараздық компания қызметкері Жансая Үмбетова. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

- Бағдарлама басында тау қопарардай болады ғой. Кейін жүйесі өзгеріп кетеді. Егер бағдарламаның шартына өзгеріс енгізілмесе, онда жақсы. Одан кейін кезекке тұру кезінде де бәрі таза әрі әділ болғанын қалаймыз, - деді.

«Самұрық-Қазына» қорының қызметкері Ернұр Бурахан Азаттық радиосына берген сұхбатында:

- Бағдарлама қалай қабылданды, солай жұмыс істейді. Қазір халыққа түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Алматы, Астана, Атырау, Ақтауда 33 шаршы метрлік пәтерді жалға алса, оның бағасы 40 мың доллар болады. Демек айына 52 мың теңгеден ғана төлейді, - деді.

Қазақстан «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша 2020 жылға дейін 3 миллион 500 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына жауапты мамандарының айтуынша, бұл үйлердің 60 пайызы Астана мен Алматыда, өзгесі басқа қалаларда салынады.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
XS
SM
MD
LG