Accessibility links

Тұмаумен күреске 549 миллион теңге бөлінді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет
Қазақстанда қазан айынан бастап тұмауға қарсы егу науқаны басталды. Дәрігерлер мұның маңыздылығын ескертсе, сарапшылар мен ата-аналар оның зиянын айтты.

Қазақстанда жыл сайын тыныс жолдарының вирусты инфекциясы және тұмаумен бір миллион 200 мың адам ауырады. Бұл - халықтың 10 пайызы. Тұмаудың асқынатын кезі – қазан-сәуір аралығы.

НАУҚАН

Қазақстанда 2012 жылы жергілікті бюджеттердің қаржысына 549 миллион 800 мың теңгеге 800 мың вакцина сатып алынды. Ол жүкті әйелдер мен балаларға тегін егіледі. Бұдан бөлек, оны ақысын төлеп ектіріп алуға да болады. Құны – 1800 -2500 теңге.
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

«Тұмаудың алдын алу» бағдарламасының үйлестірушісі Гауһар Үшкемпірова «Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинаның 4 түрі бар» дейді.

- «Ваксигрипп» (Sanofi Pasteur фирмасы, Франция), «Инфлювак» (Solvay Pharma фирмасы, Голландия), «Флюарикс» (GlaxoSmithKline фирмасы, Бельгия) және «Агриппал» (Италия). Бұл вакциналарда A(H3N2) и А (H1N1) тұмауларына және В тобындағы тұмауға қарсы тұратын антигендер бар. Еккен соң ағзада 14 күн ішінде вирусқа қарсы «қорғаныс» пайда болады. Имуннитет шамамен 6-12 айға дейін сақталып тұрады, - деді маман.

Мамандардың айтуынша, жыл сайын эпидемиологиялық кезеңде тұмаумен бір миллионнан астам адам ауырады. Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин, «тұмаумен ауыратындардың саны артқан сайын тұмау жылдам тарайды» дейді.

- Тұмау вирусы ауадағы белсенділігін төрт сағатқа дейін сақтайды. Вирустар төмен температураны «жақсы көреді». Ол - плюс 4°С-ге жуық температура. Себебі тек осы температурада вирус ұзақ сақталады. Мұнымен қатар, олардың көбюіне қолайлы температура – адам денесінің температурасы. Сілекей мен қақырық тамшыларында болатын тұмау вирусы, осы тамшылар төсек-орында, жұмыс үстелінде, т.б. жерлерде кепкен соң да белсенділігін екі аптаға жуық, ал бөлме шаңында бес аптаға дейін сақтайды. Сондықтан ауыруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған дұрыс, - деді Бекшин.

АТА-АНАЛАР ПІКІРІ

Дегенмен ата-аналардың ішінде вакцинаға семсіздік білдіріп, оның нәтижесіне күдікпен қарайтындар аз емес. Азаттыққа пікір айтқан Назым есімді алматылық:

- Менің қызым бірінші сыныпқа барғанда тұмауға қарсы вакцина жасаттық. Сол жылы қызым ерекше қатты ауырып шықты. Кейін интернеттен тұмаудың жыл сайын түрі өзгеретінін, ал алдын ала егілетін вакцинаның жаңа пайда болған тұмаудың түріне төтеп беруі екіталай екенін анықтадым. Содан бері вакцина жасатпаймын, қазір қызым бесінші сыныпта оқиды. Басқа да балалар секілді суық ішіп не желде тұрып қалса ауырады, керекті дәрімен емдеп аламын. Егер вакцина баламды ауырудан сақтамайтын болса, неліктен мен оның жас ағзасына вакцина енгізуім керек? Одан гөрі табиғи жолмен иммунитетті күшейткен абзал, - деді.

Қызым 1-сыныпқа барғанда тұмауға қарсы вакцина жасаттық. Сол жылы қызым ерекше қатты ауырып шықты. Кейін интернеттен тұмаудың жыл сайын түрі өзгеретінін, вакцинаның жаңа пайда болған тұмаудың түріне төтеп бере алуы екі талай екенін анықтадым.
Ал Алматы қаласының тұрғыны Мадина Орынбаеваның сөзіне қарағанда, тұмауға қарсы вакцина қызына әжептәуір көмектескен.

- Қызыма өткен көктемде салдырдым, қыс бойы бірде-бір рет ауырған жоқпыз. Ал оған дейін кішкене салқын тисе ауырып, ыстығымыз көтеріліп, апталап ауырып жататынбыз, - деді ол.

Ал Әлима есімді тұрғын:

- Мен вакцинаға сенбеймін. Білуімше вакцина иммунитетті «өлтіреді», вакцинадан кейін ағза мутацияға ұшырайды. Меніңше ағза кез келген ауыруға өзі төтеп беруі керек. Сондықтан мен өзіме де, үш балама да вакцина жасатпаймын, - деді.

«ҮЛКЕН БИЗНЕС»

Медицина ғылымдарының кандидаты Ғалым Мещанов егу науқаны кезінде «үлкен ақша да бірге жүреді» деген пікір айтты.

- Медицина қызметкерлері вакцинацияны үлкен бизнеске айналдырып жіберді. Жоспарланған әр екпе үшін медиктер үлкен ақша алады. Вакциналар сапасыз, олардан кейін ауыру асқынып кетпейтіндігіне ешкім кепіл бола алмайды. Дәрігерлер мойнына жауапкершілік алмайды, вакцинаның шығару мерзімін көрсетпейді. Кей вакциналардың құрамында сынап бар. Ресейдің эпидемиолог, инфекционист ғалымдары вакцинаның ағзаға кері әсер ететінін дәлелдеп отыр. Алайда бұл еш жерде жарияланбайды, - дейді ол.
Жылда тұмаудың штаммы өзгеріп тұрады. Өткен жылғы вакцинаны биыл салуға мүлде болмайды. Ондай жағдайда тірі ағза мутацияға ұшырайды.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда вакцинация міндетті емес.

- Балаларды ата-анасының рұқсатынсыз егуге ешкімнің құқығы жоқ. Ата-ана өзі шешуі тиіс. Бізде «Денсаулық кодексі» бар, онда әр адамның медициналық көмек алумен қатар, одан бас тартуға құқылы екені көрсетілген. Айта кету керек, жыл сайын тұмаудың штаммы өзгеріп тұрады. Өткен жылғы вакцинаны биыл салуға мүлде болмайды. Ондай жағдайда тірі ағза мутацияға ұшырайды, - дейді сұхбаттасымыз.

Ал дәрігерлер алдын ала егу ауырудың асқынбауына себеп болатындығын ескертеді.
XS
SM
MD
LG