Accessibility links

Әуесқой режиссер телеэфирге шыққысы келеді


Бұрынғы мемлекеттік қызметкер Асқар Әуелбек.

Бұрынғы мемлекеттік қызметкер Асқар Әуелбек.

Бұрынғы мемлекеттік қызметкер Асқар Әуелбек «табысқа өз күшімен жеткен» жандар туралы «Өз жолым» аталатын телевизиялық бағдарлама түсіре бастады. Оның бағдарламасын эфирге шығарудан телеарналардың бәрі дерлік түрлі себеппен бас тартқан.

Кино түсіруден кәсіби тәжірибесі жоқ әрі оператор жұмысынан да хабарсыз 38 жастағы Асқар Әуелбек сценарий жазып, қысқа метражды екі фильм түсірген. Астана қаласы әкімі аппараты мен қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне қарасты балық шаруашылығы комитетінде біраз жыл жұмыс істеген жас шенеунік аяқ астынан шығармашылықпен айналысып, жаңа салаға бет бұрған.

Ол әлемде белгілі бір жетістіктерге жетіп, «шетелде Қазақстан туын желбіреткен», бірақ қоғам мен билік тарапынан тиісті бағасын алмаған жандар туралы «Өз жолым» атты авторлық жобасын бастаған. Асқар телеэфирге шығу жолдарын бірден іздей бастағанымен, бұл оңай шаруа болмай шыққан. Тіпті қаламақы да талап етпеген әуесқой режиссерді телебағдарлама редакциялары «құлшынысыңыз құптарлық, бірақ кәсіби шеберліктің жөні бөлек» деп шығарып салған.

ТЕЛЕВИЗИЯДА БЮРОКРАТИЯ БАР МА?

Асқардың айтуынша, «Хабар», «Қазақстан», «Жетінші арна», КТК, «31 арна», «Білім және мәдениет», «Астана» сияқты телеарналардың бәріне өтініш жолдаған. Олар бұл жобадан «Біздің формат емес; хабар тарату кестесін бір жылға алдын ала жоспарлап қойдық; ток-шоу туралы ұсынысты ғана қараймыз; мұндай хабарлар өзімізде де бар» деген жауаптармен бас тартқан.

«Білім және мәдениет» телеарнасы директорының орынбасары Айгүл Черендинова Азаттық тілшісіне «Асқар Әуелбек деген режиссер бар екенін білмеймін, есіме де түсіре алмадым» деді.

- Қуана-қуана комментарий берер едім, бірақ ондай режиссерді танымаймын. Жыл басында «Білім» және «Мәдениет» арналарын күшпен біріктіргеннен бері талай адам қызық жобасымен келген. Бас тартуымның себебі көп. Біріншіден, бұл - бұрыннан бар контент, жұртқа танылған адамдар жайлы «Замандастар», «Тағдырластар» сияқты бағдарламалар өзімізде де бар. Екіншіден, жұрттың бәрі «мемлекетте ақша көп» деп ойлады. Иә, арнамызда ақша бар, бірақ бізге қызық идеялар керек. Бірақ режиссерлердің көбі өнімінің прокатына көп ақша сұрайды. Асқар Әуелбектің жобасынан мұндай бағдарлама өзімізде де бар болғандықтан бас тартқан шығармыз, - дейді Айгүл Черендинова.

Асқар Әуелбек «мұндай хабарлар бар» деген уәжбен келіскенімен, «олар танымал адамдар туралы хабарлар ғой» дейді. Ал Асқардың бағдарламасы жұртқа танылмаған жандар туралы екен.

Телеарналарға рейтинг керек болғандықтан, қызығуы тиіс деп ойлап едім. Бірақ телеарналарға көрерменге кәріс, үнді және түрік сериалдарын көрсету немесе Ресей бағдарламаларының көшірмесін жасау оңай болып шықты

- Меніңше, кейіпкерлерім - заң саласындағы олқылықтардың кесірінен немесе мемлекет бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлмегендіктен, еленбей қалған жандар. Кәсіби мамандардың пікіріне қарағанда, менің бағдарламаларым қызықты болып шыққан. Бірақ қазақстандық телеарналардан әзірше қолдау таппай отырмын, - дейді Асқар Әуелбек.

Ақыры ол мемлекеттік қызметтегі сияқты бюрократизм ел телевизиясында да бар деген ұйғарымға келген. Асқар Әуелбек: «Телеарналарға рейтинг керек болғандықтан, қызығуы тиіс деп ойлап едім. Бірақ телеарналарға көрерменге кәріс, үнді және түрік сериалдарын көрсете салу немесе Ресей бағдарламаларының қазақстандық көшірмесін жасау оңай болып шықты» дейді.

КӨРКЕМ ФИЛЬМ ЖӘНЕ ТУБЕРКУЛЕЗ

Мемлекеттік қызметте істеп, шешім қабылдаудың ішкі қыр-сырын жақсы білетін Асқарға мемлекеттік қызмет,сот жүйесі, денсаулық сақтау саласындағы және қазақ тілін қоғамдық өмірде қолдану проблемалары туралы түрлі телебағдарлама жасау идеясы келген. Қысқасы, өзара сыбырласатын, бірақ ашық айтылмайтын проблемалар жайлы бағдарлама.

- Жұртпен көп араласатындықтан маған «Өз жолым» бағдарламасына кейіпкер табу қиын емес, Қазақстанда қызықты әрі дарынды жандар жетеді. Жаңа кейіпкерді жұртпен сөйлесіп, сырласу процесі арқылы табамын, сосын сценарийін жазып, сметасын құрамын. Екі бағдарламаны өз ақшама түсірдім, ал келесісі ақша жоқ болғандықтан аздап созылып кетті. Аз ақшаммен де бағдарлама түсіруге болатынына көзім жетті. Заңдары мүлтіксіз жазылған елде тұрып жатқанымызға шүбәм жоқ, бірақ олардың жұмыс істемейтінін өз тәжірибеммен көрдім, - дейді Асқар Әуелбек.

Заңдары мүлтіксіз жазылған елде тұрып жатқанымызға шүбәм жоқ, бірақ олардың жұмыс істемейтінін өз тәжірибеммен көрдім.

Қазір әуесқой режиссер туберкулезбен ауыратын науқас жандар туралы толық метражды көркем фильмнің сценарийін жазып жатыр. Асқардың айтуынша, бұл – ғаламдық проблема, сондықтан ол осы дерт туғызған әлеуметтік проблемаларды фильм арқылы ашып көрсеткісі келеді.

Асқар Әуелбектің алдыңғы екі бағдарламасының кейіпкерлері - танымал режиссер Дәрежан Өмірбаев пен шалғайда тұратын әрі билік мойындамаған, бірақ халықаралық «Бітімгер» альянсының «Дарын және қабілет» медалімен марапатталған суретші Қалибек Айнажаров.

- «Хабарлар циклі» - қоғамға бағдар көрсететін бағдарлама. Мұндай жандарға қарап бойыңдағы бірдеңені өзгерту қажеттігін, қоғамда болып жатқан жайттарға қатысты өз көзқарасың болуы тиіс екенін, туған еліңнің проблемаларына енжар қарауға болмайтынын түсінесің. Американың бұрынғы президенті Кеннедидің «Мемлекет маған не береді деп сұрама, мемлекетке мен не бере аламын деп ойла» деген сөздері бар ғой. Осы бір ұлы сөзді өкінішке орай, қазақстандық көрермен әлі таныспаған бағдарлама-фильмдерім арқылы әр қазақстандықтың көкейіне жеткізгім келеді, - дейді Асқар Әуелбек.

Қазір Асқар Әуелбек Астана қаласында тұрады. Оның айтуынша, төрт дипломы (жоғары білім – ред.) бар. «Өз жолым» бағдарламалар циклін жалғастыруға ақшасы жоқ. Шығармашылық жолын енді бастаған режиссер фильмдерін Алматыда жалға алған «Көркем» операторлық студиясында түсіреді және бағдарламаларын сол жерде монтаждайды.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG