Accessibility links

Халықаралық ұйымдар Козловқа шыққан үкімді сынады


Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Европа және Орталық Азия бойынша маманы Михра Риттман. Алматы, 10 қыркүйек 2012 жыл.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Европа және Орталық Азия бойынша маманы Михра Риттман. Алматы, 10 қыркүйек 2012 жыл.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Козловқа шыққан сот үкіміне қатысты мәлімдеме таратса, Freedom House және Хельсинки комитеті өкілдері пікір білдірген.

Қазанның 8-і күні Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Бердібек Мырзабеков тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козловқа жеті жарым жыл түрме жазасын берді, ал Сапарғали мен Әминовке тиісінше 4 және 5 жыл шартты жаза кесті.

Сот үкімін халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Human Rights Watch пен Норвегиядағы Хельсинки комитеті сияқты ұйымдар сынап, мәлімдеме таратты.

HUMAN RIGHTS WATCH

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының қазанның 9-ы күні таратқан мәлімдемесінде «Владимир Козловтың жеті жарым жылға сотталуы - Қазақстандағы саяси плюрализм мен пікір еркіндігіне берілген соққы» деп жазылған.

Ұйымның Европа және Орталық Азия бойынша маманы Михра Риттманның айтуынша, «Козлов Қазақстан үкіметін жария түрде сынағаны үшін сотталды».

Human Rights Watch мәлімдемесінде Козлов, Сапарғали, Әминовтың соты барысында болған түрлі заң бұзушылықтар айыпталған.

FREEDOM HOUSE ПЕН ХЕЛЬСИНКИ КОМИТЕТІ

«Америка дауысы» радиосына сұхбат берген Freedom House ұйымының евразиялық бағдарламалар директоры Сьюзан Корк «Бұл саяси астары бар сот процесі болды. Процессуалды құқық бұзушылықтар да айқын көрінді» деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Қазақстан билігі сот әділдігін қамтамасыз ете алмайтынын көрсеткен.

Сьюзан Корктың сөзіне қарағанда, «Козловтың мұнайшылардың фундаменталды құқықтарын заңды саяси әрекеттер арқылы қорғауын сот «қылмыс» деп таныған. Козловқа шыққан үкім - Қазақстандағы азаматтық қоғамға төнген қауіп. Бұл тәсіл елдегі басқа да белсенділерге қарсы қолданылуы мүмкін».

Норвегиядағы Хельсинки комитетінің өкілі Ивар Дале «Бізді алаңдатып отырған дүние - Жаңаөзендегі наразылықтың себептерін биліктің оппозиция әрекеттерінен іздеуі. Козловқа шыққан үкім - қазіргі Қазақстан тарихындағы қара дақ» деп мәлімдеген.

АҚШ ЕЛШІЛІГІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Бүгін АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі оппозициялық саясаткер Владимир Козловқа шығарылған сот үкіміне байланысты алаңдаушылық білдірген мәлімдеме таратты.

"Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасымен стратегиялық әріптестігімізді және Қазақстан Республикасының халыққа ашықтығы мен демократияға ұмтылысын жоғары бағалайды. Осы әріптестіктің аясында Владимир Козловқа қарсы қозғалған сот ісіне, оған қоса оппозицияны жақтаушылардың үнін өшіруде сот жүйесін пайдалануға байланысты алаңдаушылығымызды атап өткіміз келеді" делінген елшіліктің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде.

Бұл тақырыпты Азаттықтың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG