Accessibility links

Eurasia View: Өскемендегі хоккейдің шипасы бітіп барады


Қазақстан (ақ) және Беларусь (қызыл) хоккей командаларының кездесуі. Финляндия, Хельсинки, 8 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан (ақ) және Беларусь (қызыл) хоккей командаларының кездесуі. Финляндия, Хельсинки, 8 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Eurasia View басылымы қазан айының 1-і күні Өскемендегі хоккейдің жай-күйі жайында мақала басты. Атақты «Торпедо» командасының ардагер ойыншылары «Баланы хоккейге тәрбиелейтін мамандар жетіспейді» дейді.


Eurasia View («Еуразия вью») басылымына шыққан мақала «этникалық орыстар көп тұратын Өскемен қаласының атағы қазба байлығымен ғана емес, хоккейімен де шыққан» деп басталады.

«ТОРПЕДОНЫҢ» ТАРИХЫ

Қаланың «Торпедо-Өскемен» хоккей клубының қарапайым жұмысшылары 1957 жылы Қазақстан турларында күміс жүлдені жеңіп алған. Бұл команда аз уақытта СССР көлеміндегі жарыстарға шығып, 1964-1965 жылдары жоғарғы «А» лигасында ойнады.
Қазақстан құрамасының хоккейшілері бірін-бірі финалға шығуларымен құттықтап жатыр. Астана, 5 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан құрамасының хоккейшілері бірін-бірі финалға шығуларымен құттықтап жатыр. Астана, 5 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

«Торпедо» хоккей клубынан 1960-1980 жылдары көптеген шебер ойыншылар шықты. СССР 1976 жылы хоккейден олимпиада чемпионы болғанда, одақтық команда құрамында ең жас хоккейші, атақты Борис Александров та болды. Даңқты жылдар артта қалған соң, есейген хоккейшілер қаладағы жастарға шеберліктерін үйретті. Мәселен ардагер ойыншы Виктор Набоков 1980 жылы қақпашылар дайындайтын мектеп ашты. Бес шәкірті Солтүстік Америкадағы ұлттық хоккей құрамасында ойнады. Баласы Евгений Набоков қазір Нью-Йорк командасының хоккейшісі.

«Торпедоның» қазіргі бас бапкері, бір кездері голды көп соққан атақты хоккейші Сергей Могильников «Набоков қаладағы хоккей үшін көп еңбек сіңірді» деп еске алды.

СССР тарап, бірталай ойыншылары Ресейге кетіп қалса да, команда бұрынғы күш-қуатын жоғалтпады. 1991-2008 жылдары «Торпедо» Қазақстан лигасында бірінші орынды бермеді.

«ЕҢ АРЗАН КИІМ - 40 ДОЛЛАР»

Алайда басылым бұл күндері Өскемендегі жастардың хоккейге деген ынтасының жойылып бара жатқанын жазған. Кейбір мамандар «кәсіби ойыншылардың да шеберлік деңгейі түсіп кетті» деген шағым айтқан. Мақала авторы осының себептеріне үңілген.

Автордың пайымдауынша, біріншіден, қазір «Торпедоның» атағы көмескі тартқан. Екіншіден, мықты ойыншылары жалақыны көп төлейтін клубтарға ауысып кеткен.
«Қазақстан» спорттық кешеніне хоккей көруге келген жұрт. Астана, 5 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
«Қазақстан» спорттық кешеніне хоккей көруге келген жұрт. Астана, 5 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Хоккейшілерді Ресей командалары ғана емес, Қазақстанның хоккейге мол қаржы бөлетін Астана, Қарағанды қаласының клубтары да сатып алып жатыр.

Ал Набоковтың денсаулығына байланысты ашқан мектебі де жабылып қалды. «Торпедоны» жаттықтырған Борис Александров 1998 жылы жол апатынан қаза тапты.

Басылым «Жастардың хоккейге көп бармауының бір себебі - жабдық пен киім-кешектің қымбат болуы» деп жазады.

Валентин есімді азамат «Баламның ең арзан хоккей киімі 40 доллар тұрады. Бала өседі, құрал-жабдықтарын жыл сайын жаңалайсың. Бірақ баламның хоккейге қызыққанына шүкір. Талай бала видео-ойындармен әуре болып жүр» дейді.

Құрал-жабдығы бар адамға мұз айдыны дайын. «Қазақмыс» компаниясы таяуда 175 миллион теңгеге жаңа мұз айдынан салып берген.

«ҚАЗІРГІЛЕРДІҢ МИЛЛИОНЕР БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ»

Мақалада «Өскеменнен әлі де мықты ойыншылардың шығып жатқаны, бірақ есейген соң басқа жаққа кетіп қалатыны» жазылған. Мысалы Торпедоның жастар командасының капитаны болған, 16-ға енді толған Әлихан Әсетов Ресейдің Ярославль қаласының хоккей клубына шақырту алған. Әлиханнан «Жалақыңды өсірсек, Өскеменде қалар ма едің?» деп сұрағанда «Нағыз хоккей ойнағым келеді» деп жауап беріпті.

Автор «ақшадан басқа тағы бір себеп бар» дейді. Мәселен ардагер хоккейші Могильников «Хоккей біздің қаланың мәдениетінің бір бөлшегі еді. Адамдар қыздарын хоккейшіге тұрмысқа беруге тырысатын. Ата-аналар хоккейді жақсы көргендіктен, балаларын үйірмеге беретін. Қазір басқаша. Олар Америкада ойнап, миллионер болғысы келеді» дейді.
Ақшадан да маңызды нәрсе – балаларды махабатпен үйретіп, оларды жас кезінен хоккейге баулитын маман жоқ.

Ардагер ойыншылар жастарды тәрбиелейтін мамандардың жоқтығын айтып та қынжылады.

Могильниковтің пікірінше, «ақшадан да маңызды нәрсе – балаларды жас кезінен хоккейге баулитын маман жоқ».

Басылым қазір хоккейге қыз балалалардың қызығып, хоккей мектебіне келіп жүргенін жазған. Настя есімді 13 жасар қыз бала «хоккейді ұлдар ғана ойнайды» деген пікірмен келіспейді. Ол «Әуелі біздің ойынды келіп көріңіз. Содан кейін пікіріңізді айта жатарсыз» деген.

Ал шайба лақтырып, жаттығып жатқан Марина есімді 14 жасар қыз «Хоккей - нағыз өмір» деп санайды.
XS
SM
MD
LG