Accessibility links

Ереуілші мұнайшылар жұмысқа қабылданбайтын болды


Солдан оңға қарай: Жаңаөзен қаласы әкімі Орақ Сарыбөпеев, "Азат" ЖСДП жетекшілері Әміржан Қосанов пен Болат Әбілов. Жаңаөзен, қыркүйек 2011 жыл

Солдан оңға қарай: Жаңаөзен қаласы әкімі Орақ Сарыбөпеев, "Азат" ЖСДП жетекшілері Әміржан Қосанов пен Болат Әбілов. Жаңаөзен, қыркүйек 2011 жыл

«Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» ереуілшілердің бұрынғы жұмысқа қайта алынбайтынын мәлімдеп отыр. Олар «Азат ЖСДП» саяси партиясы жариялаған өзара бітімгерлік туралы келіссөз бен 250 адамның кері жұмысқа алынатын жайлы ақпаратын да теріске шығарды.


Азаттық тілшісімен әңгімеде «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Дәулет Жұмаділ «Азат ЖСДП» партиясы таратқан өзара келіссөздердің басталғаны туралы ақпаратты теріске шығарды. Дәулет Жұмаділдің ойынша, саяси партия көшбасшылары мұны тек ұпай жинау үшін ғана таратып отыр.

- Жұмыстан шығарылғандарды қайта қабылдауды қарастырмаймыз да. «Келіссөздер үстеліне отырдық» деп жар салу арқылы Әміржан Қосанов пен Болат Әбілов «біз Маңғыстау мұнайшыларына көмектесіп жатырмыз» деп өздеріне ұпай жинап жүр. Келіссөз жүргізілген жоқ. Олар тек кездесейік деді, біз келістік, компания өз тұғырнамасын жеткізді, - деді Дәулет Жұмаділ.

"БҰРЫНҒЫ ЖАЛАҚЫЛАРЫ ДА КӨЗДЕН БҰЛБҰЛ ҰШТЫ!"

Оның айтуынша әңгіме «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы өзінің мердігерілік және еншілес кәсіпорындары аясында құрған қосымша 250 жұмыс орыны туралы болып отыр.

Ал мұнайшылар талабына оралсақ, Дәулет Жұмаділ жұмысшылар бекер жұмыстан шығарылған жоқ, олар еңбек кодексі талаптарын өрескел бұзғаны үшін шығарылды деп санайды. Оның сөзіне сүйенсек, мұнай-газ саласы "дүңгіршек емес", ондағы жұмыс ырғағы үзілмеу керек.
Еңбек кодексін ашып қарасаңыз, мұнай-газ өндірісінде ереуіл жариялауға мүлдем болмайтыны жазылған.

- Еңбек кодексін ашып қарасаңыз, мұнай-газ өндірісінде ереуіл жариялауға мүлдем болмайтыны жазылған. Олардың біреуі бірнеше тәулік, енді біреулері үш айға дейін жұмыста болмағаны үшін жұмыстан босатылды. Ол шешімнің заңға сәйкес қабылданғанын Жаңаөзен және Маңғыстау сот орындары да растап берді. Кейін ондаған жұмысшылар қайта алу туралы шағым түсіргенімен, сот заңсыз деп танып, қанағаттандырмады,- дейді ол.- Міне көрдіңіз бе, «Өзенмұнайгаз» жалақысына көңілі толмай жүр еді, сол жалақы да енді көзден бұлбұл ұшты. Ал олар талап етіп отырған салалық 1,8 және аумақтық 1,7 коэффициентері заң негізінде толық төленіп келеді.

Өткен сейсенбіде Жаңаөзенде еруілдетіп жатқан мұнайшылармен кездесуге барған «Азат ЖСДП» партиясының жетекшілері Болат Әбілов пен Әміржан Қосанов мұнайшылар мен жұмыс беруші арасында делдал болуға тырысатындарын айтқан еді.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» БАРЛАУ ӨНДІРУДІ» ҚАЛАЙ ТҮСІНУГЕ БОЛАДЫ?»

«Азат ЖСДП» саяси партиясы жетекшісі Болат Әбілов «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясының болған келіссөзді қалай терістеп отырғандарын түсінбей дал.

- Қалай болса да бірінші рет дөңгелек үстел басында екі сағатқа созылған әңгіме өтті. Оған Жаңаөзен қаласы әкімі Орақ Сарыбөпеев пен «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы директоры Киікбай Ешманов қатысты. Ешманов 250 жұмыс орыны барлығын айтып, мұнайшыларды жұмысқа шақырды. Алайда бұған мұнайшылар көнген жоқ. Олар өз жұмыс орындарына кері алуды талап етті. Екі жақ он күн ойланып, қайта кездесетін болып келісті, - дейді Болат Әбілов.
Олар өз жұмыс орындарына кері алуды талап етті. Екі жақ он күн ойланып, қайта кездесетін болып келісті.

Оның айтуынша өзара әңгіменің барлығы туралы фото және бейне жазбалар бар.

- Көшеде тұрған мыңға тарта адам болғанмен олардың әрқайсысының артында 5-6 адам тұр. Бұл 5-10 мың қазақ аш қалады деген сөз. Мұнайшылар арасында 20-30 жыл еңбек өтілі бар мамандар бар, оларды қайта жұмысқа алулары керек, - дейді саясаткер.

«ҚЫС ТҮССЕ ДЕ, ТАПЖЫЛМАЙМЫЗ!»

Азаттық тілшісімен сөйлескен мұнайшылардың бірі өздеріне құқық қорғау орындары тарапынан айыппұл салынып, қудалау жалғасып жатқанын көлденең тартты. Аты-жөнін айтудан бас тартқан мұнайшы келіссөздің болғанын растады.

- Біз өз жұмыс орыны бар адамбыз, жалақы көтеруді сұрағанымыз үшін заңсыз шығарып отырсыңдар деген едік. Оған «Өзенмұнайгаз» басшысы Киікбай Ешманов ештеңе айта алмады, - дейді мұнайшы.

Оның айтуынша мұнайшылар талаптарын қойғанымен оған «Қазмұнайгаз» бен «Өзенмұнайгаз» компаниясы құлақ асқысы келмейді.

- Келе жатқан қысқа да қарамаймыз, ол да өтер. Бірақ бұл халықтың өшпенділігін тудыруы мүмкін, - деді ол.

Маңғыстау облысындағы «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компаниялары жұмысшылары мамыр айынан бері ереуілдеп жатыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG