Accessibility links

16 желтоқсан алдында «демалыс» көбейеді


Колледж студенттері. Суретті түсірген - Серік Зұлхаров.

Колледж студенттері. Суретті түсірген - Серік Зұлхаров.

Алматыдағы жоғары оқу орындарында студенттерге Тәуелсіздік күні қарсаңында әр түрлі мерзімді демалыс беріледі. Кейбір жастар билік осындай жолмен қандай да бір наразылықтың алдын алғысы келеді деп санайды.

Қазақ қыздар педагогикалық университетінің Әлима есімді студенті (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді – ред.) Тәуелсіздік күніне орай берілген бір апталық каникул кезінде ауылына барып демалып қайтпақ.

- Қазір қысқы сессия алдындағы аралық бақылауды тапсыруды бастаймыз. Ал желтоқсанның 14-19 аралығында – демалыс. Кейін 20 желтоқсанда қысқы сессияны тапсырып, қаңтардың басында қысқы каникулға кетеміз, - дейді студент.

«АЛАҢҒА БАРАСЫҢ БА?»

ҚазҰУ студенттері де желтоқсанның 14-19 күндері аралығында мезгілсіз каникулға шығатындарын айтады. Бұл оқу орнында 15 мыңға жуық студент бар.

- Аралық бақылауды ерте тапсырамыз. Тәуелсіздік күніне байланысты бір аптадай демалыс беріледі. Қысқы сессияның қай уақытта болатынын нақты айтпады. Қысқы сессия бір апталық демалыстан кейін болатын шығар деп жоспарлап жүрміз, - дейді Аягүл (есімі өз өтініші бойынша өзгертілді – ред.) есімді ҚазҰУ студенті.

Тәуелсіздік күні қарсаңында алматылық студенттерге бір апталық демалыс беру соңғы жылдары дәстүрге айналған. Жастардың кейбірі мұны қалалық әкімдік пен полицияның қандай да бір демонстрацияны болдырмау үшін жасалатын «сақтық шарасы» ретінде қабылдайды.
Семейлік қоғамдық акцияға шақырушы белсенді студенттер. 22 қаңтар 2013 жыл

Семейлік қоғамдық акцияға шақырушы белсенді студенттер. 22 қаңтар 2013 жыл


- Тәуелсіздік күні қарсаңында бір апталық каникулға шығатынын студенттердің барлығы біледі. Жылда осы күндері арнайы органдар жатақханада тұратын студенттерді бақылауға алады. «Тәуелсіздік күні қайда боласың?», «Алаңға барасың ба?» деген сұрақтар қояды. Мереке күні жатақханадан шықсаң, қайда баратыныңды да жазып кету міндет. Бұл тексерістерге студенттер үйреніп кеткен, - дейді Аягүл Азаттық тілшісіне.

Абылай хан атындағы шет тілдер университетінің студенттері жиырма күндей демалыс алмақ. Олар қазір аралық бақылау тапсыруға дайындалып жүр. Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері де Азаттыққа 9-20 желтоқсан арасында демалысқа шығатындарын айтты.

Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенттері үшін қазір қарбалас шақ туған. Басқа жоғары оқу орындарынан бір айырмасы бұл университет сессияны Тәуелсіздік күніне дейін аяқтап, студенттеріне бір айға жуық демалыс бермекші.

- Бір екі күнде сессия басталады. 14 желтоқсанда барлық сабақты жауып, қаңтардың 8-іне дейін каникулға кетеміз, - дейді осы университеттің С. есімді студенті.

Азаттық тілшісі әр университеттің оқу процесіне жауап беретін бөлімдері мен деканаттарына хабарласты. Олардың барлығы «бұл демалыс тәуелсіздік күні құрметіне берілгенін және жыл басында жасалған оқу жоспарында бекітілген демалыс» екенін айтты.

«БИЛІКТЕ ҚОРҚЫНЫШ БАСЫМ»

Былтыр «Ұлт тағдыры» козғалысының төрағасы Дос Көшім тәуелсіздік күні университет ректорларын студенттерімен бірге алаңға гүл қоюға шақырған еді. Дос Көшім бұл ұсынысына «бірде-бір университет ректор құлақ аспағанын» айтады.
"Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім. Алматы, 2009 жыл.

"Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім. Алматы, 2009 жыл.


- Билікте қорқыныш басым. Олар сол күні (тәуелсіздік мерекесінде – ред.) жастар алаңға шығып кете ме деп қорқады. Билік қазіргі студент жастар 1986 жылғыдай алаңға шығып, ұлттық мәселені қояды деп ойлайды. Ұлттық мәселе бар. Оның қандай мәселелер екенін билік те біледі. Ол - тіл мәселесі, ол - қазақтың көші-қоны, ол - қазіргі қазақтың өмірі. Міне, осы мәселелердің жастар алаңда көтеріп жүре ме деген қорқыныштың алдын алу үшін беріліп жатқан «демалыстар», - дейді саясаткер.

Ермек есімді алматылық 2012 жылы тәуелсіздік күні ту алып, алаңға гүл қоюға барып, кейін университет басшылығынан сөгіс алғандардың бірі. Оқу орны басшылығы тәуелсіздік мерекесінде алаңға барғаны үшін жиналысқа салып, ата-анасына хат жіберген.
"Тәуелсіздік" монументіне тағзым етуге келген желтоқсаншылар мен белсенділер. Алматы, 17 желтоқсан 2011 жыл.

"Тәуелсіздік" монументіне тағзым етуге келген желтоқсаншылар мен белсенділер. Алматы, 17 желтоқсан 2011 жыл.


- Ойымда ештеңе жоқ, үш-төрт курстас қолымызға ту ұстап, алаңға гүл қойдық. Сол жерде университет мұғалімдері кезекшелікте жүрді. Олар бізді тізімдеп алып, кейін сөгіс берді. Одан әрі ата-анамызға «балаңыз университеттің ішкі тәртібіне бағынбайды. Егер ішкі тәртіпті бұзу қайталанса оқудан шығарамыз» деген мазмұнда хат жіберіп, үй ішімді бір қорқытып алды, - дейді ол.

1986 жылы желтоқсанның 16-18 күндері алматылық мыңдаған студент пен жұмысшы жастар қаланың орталық алаңына наразылық шарасына шыққан еді. СССР құлаған соң желтоқсанның 16-сы Қазақстанда тәуелсіздік жарияланған күнмен сай келді. 1986 жылы болған «Желтоқсан оқиғалары» кезінде Кремльдің Қазақстандағы кадр саясатына қарсы ұрандар көтерілді. Қазақстан тәуелсіздік алған соң да дәл осы алаңда наразылық митингілері ұйымдастырылып жүрді. Бірақ 1990 жылдардағы мұндай жиындарда жемқорлық пен демократия мәселелері көтеріле бастады. Соңғы жылдары құқық қорғау органдары Тәуелсіздік күні мейрамы кезінде мұндай рұқсат етілмеген жиындардың барынша алдын алуға тырысып келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG