Accessibility links

Қарағандылық бойжеткен жаңа жел қозғалтқышын ойлап тапты


Асия Құсайынова өзі ойлап тапқан құрылғысымен жұмыс істеп тұр. Қарағанды, қаңтар, 2008 жыл. Сурет жеке мұрағатынан алынды.

Асия Құсайынова өзі ойлап тапқан құрылғысымен жұмыс істеп тұр. Қарағанды, қаңтар, 2008 жыл. Сурет жеке мұрағатынан алынды.

Қарағандыдағы мектеп-интернаттың түлегі Әсия Құсайынованың Қазақстан климатына икемделген жел қозғалтқышы жобасы халықаралық ғылыми-инженерлік конкурста жеңіп шықты.

Жас өнертапқыш Әсия Құсайынова Қарағанды қаласында тұрады. Ата-әжесінің бауырында өскен қыз биыл Қарағанды облысының дарынды балаларға арналған физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын «Дарын» мектеп-интернатын бітірді.

Жас өнертапқыш физика мен математика пәндеріне бар зейінін салып оқыды. Соңғы төрт жылын өзінің жобасына – екпіні әлсіз желдің күшімен жұмыс істейтін көп қалақты шағын жел қозғалтқышын құрастыруға арнады. Өзін теоретик емес, практик санайтын ол бірдеңе ойлап тауып, соны құрастырғанды жақсы көретінін айтады.

«БҰЛ ЖОБАҒА ТӨРТ ЖЫЛЫМ КЕТТІ»

Жоғары сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған Intel ISEF–2012 халықаралық ғылыми-инженерлік конкурсының 13-18 мамыр аралығында Питтсбургте (Пенсильвания штаты, АҚШ) өткен ақтық мәресіне әлемнің 68 елінен бір жарым мыңнан аса озық ойлы жас өнертапқыштар мен ғалымдар қатысты.

Биыл конкурсқа Қазақстаннан үш оқушы қатысты: Әсия Құсайынова – Қарағанды облысының дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы; Нұрбек Күнғожин – дарынды балаларға арналған Орынбек Жәутіков атындағы республикалық арнайы физика-математикалық орта мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы; Арман Қадыров – Алматы қаласындағы №90 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы.
Intel ISEF-2012 жоғары сынып оқушылары арасында өткен халықаралық ғылыми-инженерлік байқауының жеңімпазы Әсия Құсайынова (ортада). Сурет Әсия Құсайынованың жеке архивінен алынды.

Intel ISEF-2012 жоғары сынып оқушылары арасында өткен халықаралық ғылыми-инженерлік байқауының жеңімпазы Әсия Құсайынова (ортада). Сурет Әсия Құсайынованың жеке архивінен алынды.


«Магнус әсері негізінде ауыспалы тоғысудың айналмалы цилиндрін пайдалану арқылы жел қозғалтқышын құрастыру» атты жобасын қорғау барысында Әсия Құсайынова «Климат және энергетика» категориясы бойынша бірінші орынды жеңіп алып, үш мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды. Ол сондай-ақ «Үздік инженерлік жұмыс» деген атақ алып, бес мың АҚШ долларына ие болды.

Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша Әсия Құсайынова бас жүлдемен қатар Carnegie Mellon University (АҚШ) арнайы сыйлығы мен Сауд Аравиясы королі Абдул Азиз атындағы қордың сыйлығымен марапатталыпты. Әсия «Жаңартылған энергетика» категориясы бойынша үшінші орынды иеленіп, жас ғалымдардың Еуропада өтетін конкурсына жолдаманы жеңіп алған.

– Бұл жобаны қолға алуыма мектебім себеп болды. Біздің мектепте оқу оңай емес, сегізінші сыныптан бастап түрлі жобалармен жұмыс істейміз. Өзімнің сүйікті пәнім – физика бойынша жобаны таңдадым. Халықаралық сайыстарға қатысу үшін мен екі жыл қатарынан осы жобамды республикалық конкурстарда қорғап, бірінші және екінші орындарды жеңіп алдым. Өмірлік мақсаттарым да айқындалды. Ғылымның бұл саласына түпкілікті бет бұрдым. Бұл жобаға төрт жылым кетті. Конкурста жеңіп шыққан соң маған Америка университеттерінің бірі оқуға ұсыныс жасады. Бірақ емтиханды ағылшын тілінде тапсыру керек екен. Әзірше даяр емеспін. Алайда болашақта өмірімнің бір бөлігін Америкада өткізу жоспарымда бар, – дейді Әсия.

«ОТАН ИГІЛІГІНЕ ЕҢБЕК ЕТЕМІН»

Әсия Құсайынованың айтуынша, ол «Дарын» мектебін бітірген соң білімін университетте «инженер-физик» мамандығы бойынша жалғастырмақ. «Ұлттық бірыңғай тестілеуде 125 балл алғандықтан тегін оқитын болдым» дейді Әсия.

Кейін шетелге барып, магистратураға түспек, ол жақтан жинаған тәжірибесін Қазақстанда қолданбақ.

– Әлемде жел қозғалтқыштарының түрі көп, бірақ өз басым біздің жердің климат жағдайларына икемделген қозғалтқыш түрін құрастырмақпын. Бізде екпіні мықты желдер соқпайды, жеріміздің климаты - күрт континенталды. Сондықтан менің қондырғым секундына бес метр жылдамдықпен соғатын желдің екпінін электр қуатына айналдыруға арналған. Бұл жобаны қолға алуымның бірінші себебі – осы. Екіншіден, климаттың тазалығы үшін пайдалы. Өйткені электр қуатын алу үшін көмір, мұнай, газ керек. Енді қуат өндірудің таза тәсілін пайдаланатын кез келді. Менің жобамның қолданылатын жері көп. Бұл - ауаны көмір, мұнай сияқты қазба қуат көздерімен ластамайтын, балама қуат көзі. Оның үстіне, табиғи ресурстар қоры да түгесіліп барады. Сондықтан бұл жоба табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған. Шаруашылықта, күнделікті тұрмыста, зертханалар мен өндіріс орындарын жарықтандыруға пайдалануға болады. Жоба іске асса, бұлардың бәрі толықтай жел қозғалтқышынан қуат алады, – дейді өнертапқыш.
Сүйікті пәнім – физика бойынша жобаны таңдадым. Мақсатым да айқындалды. Осы салаға түпкілікті бет бұрдым. Америка университеттерінің бірінде оқуға ұсыныс та жасалды.

Өзінің жобасына патент алғанын, оны өндіріске шығару қолға алынғанын айтқан Әсия жаңалығының мұндай жеміс беретінін күтпегенін айтады:

– Қазірдің өзінде Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті зертханаларымен бірге жұмыс істеп жүрмін. Патент те қолымызда. Жұмыс жүріп жатыр. Жобаның экологиялық сипаты басым. Осы жобаны іске қосып, елімнің игілігі үшін еңбек еткім келеді. Бізге қарағанда, Америкада техникалық мүмкіндік мол, құрал-жабдық жеткілікті, зертханалары көп. Әрине, ол жаққа барып, үйренгенімді еліміздің игілігіне пайдаланғым келеді, – деді Әсия Құсайынова.

Әсия Құсайынова оқыған Қарағанды облысының дарынды балаларға арналған мектеп-интернат әкімшілігі оқушыларының төрт жылдық еңбегінің жемісті нәтиже бергеніне риза екендіктерін айтты.

Жас өнертапқыштың туыстары «ғылымға бойлап, өз жобасын жетілдіруге кірісіп кеткен Әсияның бос уақыты жоқ» дейді. Ол ғылыми жұмыстан қолы қалт еткенде суға жүзеді, теннис ойнап, бимен шұғылданады.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG