Accessibility links

Студенттер сабақ кестесін өздері құрғысы келеді


Қазақстандық студенттер оқытушымен сөйлесіп отыр. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық студенттер оқытушымен сөйлесіп отыр. (Көрнекі сурет)

Жұмыс істейтін студенттерге мамандықтарына ғана қатысты пәндерді өздеріне қолайлы уақытта оқу – арман. Ал ЖОО өкілдері ол жүйеге көшуге аудиторияның аздығы себеп екенін айтады.

Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының 2-курс студенті Сәуле Ибадуллаева 17 мың теңге стипендиясы тұрмысына жетпеген соң қосымша жұмыс істеп жүр. Бірақ ол жұмысы мен сабағының уақыты сәйкес келмейтінін айтып қиналады.

– Таңертең басталған сабағым түстен кейін аяқталады. Сабақтан шығысымен жұмысқа барамын. Жұмысым түнге дейін болғандықтан үй тапсырмаларды орындауға мүлде уақыт қалмайды. Бірақ жұмысты да тастай алмаймын, – дейді Сәуле Ибадуллаева.

Ол «Қазақстаның жоғары оқу орындарында (ЖОО) студенттер өздері оқитын пәндерді таңдап, соған сәйкес сабақ кестесін құруына болады» деген мәліметті естігенін айтады.

– Студенттер өз мамандығына қатысты пәндерді ғана оқып, сабақ кестесін өзі құратын болса, сабаққа қызығуы да, уақыты да әлдеқайда көп болар еді, – дейді Сәуле Ибадуллаева.

«БАСТЫ КЕДЕРГІ – СТУДЕНТ КӨП, АУДИТОРИЯ АЗ»

Сәуле Ибадуллаева оқитын сәулет-құрылыс академиясы жалпы құрылыс факультетінің профессор-ассистенті Бану Әжіғалиеваның сөзінше, әр студенттің сабақ кестесін өзі жоспарлау мүмкіндігі оқу орны басшылығына мәлім.

Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті студенттері проблемаларын талқылап тұр. Алматы, 24 шілде 2014 жыл.

Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті студенттері проблемаларын талқылап тұр. Алматы, 24 шілде 2014 жыл.

– Сәулет-құрылыс академиясы студенттердің топпен бірігіп, ыңғайлы уақытқа сабақ кестесін қоюына жағдай жасауға талпынып жатыр, – дейді ол.

Бану Әжіғалиева мұндай жүйенің әлі күнге дейін қолданылмауына «студенттердің көптігі, аудиторияның аздығы себеп» екенін айтады.

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқу-әдістемелік басқармасының бастығы Ғалымбек Сералин де студенттердің көптігі оқу кестесін бұлайша құруға бөгет деген пікірмен келіседі.

Студенттердің сабақ кестесін оқытушымен келісе отырып қолайлы уақытқа құруын университет ұстаздары да теріс көрмейді. Аты-жөнін жариялауды қаламаған бір оқытушының сөзінше, «мұндай жүйе мұғалімдерге де, студенттерге де өте қолайлы».

– Бірақ студенттері өте көп мемлекеттік жоғары оқу орындары сөз жүзінде айтқанымен, іс жүзінде сабақ кестесін жасауға еркіндік бере алмайды. Өйткені оның ең қарапайым себептерінің бірі – аудиторияларының өзі жетпейді, – дейді университет оқытушысы.

«ПӘН МЕН ОҚЫТУШЫНЫ ӨЗІМ ТАҢДАЙМЫН»

Оқу мен жұмысты қатар алып жүргісі келетін студенттердің арасында сабақ кестесін өзі құру бақытына ие болғандар да бар. Солардың бірі – Алматыдағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының 1-курс студенті Айдана Тұрғанжан.

– Бұл университет сабақ кестесін студентердің өздері таңдауына мүмкіндік жасаған. Сондықтан мен де оқығым келген пәндер мен оқытушыларды өзім таңдаймын, сабақ кестесін де өзім құрастырамын, – дейді Айдана Тұрғанжан.

Оның сөзінше сабақ кестесі сәйкес келген студенттер бірігіп, алдын-ала белгіленген уақытта дәріс беретін оқытушыны таңдай алады, ұдайы бір топпен бірге оқу дәстүрі жоқ.

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері кездесуде отыр. (Көрнекі сурет)

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері кездесуде отыр. (Көрнекі сурет)

– Әркім өзі қалаған уақытта келіп, кетеді. Мысалы, сағат түскі үште немесе төртте болатын сабақтың қайсысын таңдауды өзі біледі. Бұл студенттердің уақытын тиімді пайдалануына да мүмкіндік береді, – дейді Айдана Тұрғанжан.

1991 жыдан кейін Қазақстанның жоғары оқу орындарында түрлі реформалар жасалып, советтік білім беру жүйесіне өзгерістер енгізілген. Мұндай жаңа стандарттардың кейбірі білім және ғылым министрлігі 2011 жылы шығарған «Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында да айтылған. Онда бұл технологияны «...білім алушының пәндерді таңдауы және реттілікпен оқуын өз бетінше жоспарлауы негізінде оқыту» деп сипаттаған.

Кредиттікоқыту жүйесі кезінде «студенттер оқытушыларды таңдау мүмкіндігіне ие болады және білім траекториясын өздері қалыптастыра алады» деген мәлімет Сәуле Ибадуллаева оқитын Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының сайтында да жазылған. Бірақ мұндай таңдау еркі барын естісе де оны қолдану мүмкіндігіне әлі қолы жете қоймаған Сәуле секілді студенттер қыркүйекке дейінгі каникулды ғана алаңсыз жұмыс істейтін уақыт көреді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG