Accessibility links

Студенттер «массовка болудан шаршағандарын» айтады


Жазушылар одағы ғимаратында өткен ресми шараға қатысып отырған студенттер. Алматы, 16 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жазушылар одағы ғимаратында өткен ресми шараға қатысып отырған студенттер. Алматы, 16 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Студенттер әкімшілік ұйымдастырған шараларға мәжбүрлі түрде жиі баратындарынайтады. Мұны университет басшылығының бірі «әкімдікке көмек» дейді, енді бірі жоққа шығарды.

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенті Марлен (есімі өтініші бойынша өзгертілді) университеттегі және қала аумағындағы іс-шараларға жиі баратындарын айтады.

- Бізде таңдау жоқ. Деканат «барасың» дейді, біз баруға міндеттіміз. Бармасақ қара тізімге енгізіп, жатақханадан шығаруы немесе келесі жылы жатақхана бермей қоюы мүмкін. Кейде сабақтан баға қоймай қоя ма деп те қауіптенеміз, – дейді ол.

Марлен әлдебір телеарна студиясында көрермен ретінде алты сағат бос отырып қайтқанын, стадионда ел президентін күтіп 12 сағаттай тұрғанын, велоспорттан өткен «Алматы турын» да лажсыздан тамашалағандарын санамалап шықты.

«ТУ ҰСТАУШЫ, ҚОШЕМЕТ КӨРСЕТУШІМІЗ»

Билік тарапынан ұйымдастырылған шаралар кезінде өздерін адам қарасын көбейту (студенттер оны «массовка» деп атайды) үшін ғана апаруға наразы жас Марлен ғана емес.

Қазақстан тұрғындарын президент сайлауына белсенді қатысуға шақыру шарасына қатысып жатқан Қазақ гуманитарлық-заң университеті студенттері. Астана, 21 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан тұрғындарын президент сайлауына белсенді қатысуға шақыру шарасына қатысып жатқан Қазақ гуманитарлық-заң университеті студенттері. Астана, 21 сәуір 2015 жыл.

​Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің толық аты-жөнін атамауды өтінген А. есімді студенті де оқу орны басшылығы өздерін конференция мен форум сияқты шараларға көрермен ретінде жиі апаратындарын айтады.

- Әкімдік шараларына, ғылыми конференцияларға, жазушылар одағындағы жиындарға, ақын-жазушылардың мерейтойларына барамыз. Университет басшылығы баруымызды талап етеді. Бармасақ, емтиханда көп тиіседі, – дейді студент.

Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Балнұржан (толық есімін атамады) да мұндай жиындарға барудан шаршаған.

- Біз – президент, Астана әкімі, министрлік қатысатын барлық шарада ту ұстаушы және қошемет көрсетушіміз. Бармасақ, «сабаққа қатыспады» деп белгілеп тастайды. Кейде сабақ жоспары орындалмай жатады, – дейді студент.

«ӘКІМДІКТІҢ ӨТІНІШІ»

Бұқаралық шараларға қатыспаған студенттерге оқу орны басшылығының «қысым жасауы» жайлы ақпараттың бірі жуықта WhatsApp хат-хабар алмасу қосымшасы арқылы тараған еді. Онда Қазақ ұлттық университеті география факультетінің деканаты «Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «Алматы туры» халықаралық жарысына қатыспағаны үшін үш студентті жатақханадан шығарғаны» жазылған.

Қазақ ұлттық университеті ғимаратында ілінген үш студентті "Тур Алматы-2015" атты халықаралық веложарысқа қатыспағаны үшін" жатақханадан шығару туралы География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы орынбасары өкімінің фотокөшірмесі. Алматы, 12 қазан 2015 жыл. (Суретті бассаңыз, үлкейеді)

Қазақ ұлттық университеті ғимаратында ілінген үш студентті "Тур Алматы-2015" атты халықаралық веложарысқа қатыспағаны үшін" жатақханадан шығару туралы География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы орынбасары өкімінің фотокөшірмесі. Алматы, 12 қазан 2015 жыл. (Суретті бассаңыз, үлкейеді)

Азаттық тілшісі онда аты-жөндері жазылған студенттермен байланыса алмады. Ал университеттің баспасөз қызметі ол үш студентке кешірім берілгенін, олардың жатақханадан шығарылмағанын хабарлады.

- Кейде әкімдік «Біздің шараларға студенттер қолдау көрсетсе» деп өтініш жасайды. Президент тапсырмаларымен ұйымдастыратын шараларға студенттерді көмек ретінде тартамыз. Бірақ студенттер өз еркімен барады. Ешкімді қинап шығармаймыз, - деді 16 мыңнан астам студент оқитын Қазақ ұлттық университеті баспасөз қызметінің өкілі Гүл Баяндина.

Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тәрбие ісі жөніндегі департаменті қызметкері Арман Үкеев «студенттердің сабақ процесі бұзылмайтынын» айтты.

- Бірақ әкімдіктен көп хат келеді. Бір шараға 30 адам, тағы бір шараға 50 адам сұрап хат жаза береді. Алдымызда әкімдіктен студент сұрап жазған көп хат жатыр. Біз шығармауға тырысамыз, – дейді ол.

Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы да, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы университеттердің «әкімдік іс-шараларға студенттерді жіберуді сұрайды» деген сөздері негізсіз екенін ғана айтты.

Ал Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің аты-жөнін айтқысы келмеген қызметкері «студенттер шараларға шықпайды, оларға сабақ маңызды» деп қысқа қайырды.

«СОВЕТТІК ЗАМАННАН ҚАЛҒАН ТЕНДЕНЦИЯ»

Педагогика ғылымдарының кандидаты, 30 жылдан бері оқу орындарында дәріс оқитын Фатима Әбзапиева оқушылар мен студенттерді, тіпті мемлекеттік қызметкерлерді бұқаралық шараға апаруды «советтік заманнан қалған тенденция» деп біледі.

Twitter желісінде жарияланған ЖОО басшыларын студенттерді "Тур Алматы-2015" велотуры шарасына "массовкаға" әкелуді нұсқаған хаттың скриншоты. Алматы, 2015 жылдың қазаны. (Суретті бассаңыз, үлкейеді)

Twitter желісінде жарияланған ЖОО басшыларын студенттерді "Тур Алматы-2015" велотуры шарасына "массовкаға" әкелуді нұсқаған хаттың скриншоты. Алматы, 2015 жылдың қазаны. (Суретті бассаңыз, үлкейеді)

- Бұрын пионер, комсомол, партия мүшесі деп кез келген қоғамдық жұмыстарға тегін тарта беретін. Сол үрдіс қазір Қазақстан университеттерінде де, билікте де сақталып қалған. Бұл жерде университет басшылығын кінәлай алмаймыз. Себебі оларға әкімдіктен немесе министрліктен студенттерді сабақтан босатып, түрлі шараларға жіберу туралы бұйрық түседі. Бұйрықта шараға қанша студент келу керектігі нақты көрсетіледі, – дейді университеттегі жағдаймен таныс маман.

Ал Алматыдағы жоғары оқу орындардың бірінде сабақ берген педагог Асқар Шамғалиев студенттерді мұндай іс-шараларға апаруды оғаш көрмейтінін айтады.

- Студенттер аудиторияда отыра-отыра шаршайды. Олар рухани, қоғамдық шараларға қатысып тұруы керек. Себебі осы арқылы ой өрісі, ойлауы дамиды, – дейді ол.

Билік ұйымдастырған іс-шараларға студенттер мен оқушыларды, мемлекеттік қызметкерлерді апару тек Қазақстанға ғана тән әдет емес. Көршілес Түркіменстанда да мұндай оқиға жиі болады. Биыл 26 тамызда Ашхабадтағы стадионның ашылуы салтанатына қатысу үшін ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовті 7 сағаттай күту кезінде үш адам қаза тауып, 50 адам есінен танып қалған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Орталық Азия елдеріндегі халықты бұқаралық шараларға күштеп шығару фактісін жиі сынап келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG